21 шілдеде Жаңаөзен қаласында тағы үш мекеме жұмысшылары ереуілге шықты. Олардың да талабы – еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеру. Қазір Жаңаөзенде ереуілдеп тұрған мекеме саны – алтау.
Мемлекеттік "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнай-газ өндіру басқармасына еден жуып, вахтерлық қызмет көрсететін НБКС мекемесінің жұмысшылары 21 шілдеде жұмысты тоқтатты. Онда жұмыс істейтін көп балалы, жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер әлеуметтік желіде видеомәлімдеме жасап, жұмыс жағдайының нашарлығына шағымданды.
– Жұмысшылар "Өзенмұнайгаздың" құрылымдық мекмелеріндегі өндірісте жұмыс істейді. Түскі ас ішуге қалаға келуге мүмкіндігі жоқ. Мұнайшылармен бірге зиянды радиация жұтып жұмыс істейміз, бірақ ол үшін не түскі ас, не сүт берілмейді, зияндылық коэффициенті де қарастырылмаған. Өңірде азық-түлік қымбат болғандықтан, алатын айлық күнкөріске әрең жетеді. Бала-шағаны мектепке дайындау, киіндіру және басқа тұрмыстық шығындарды өтеу қиындық тудырып, жалғызбасты аналар жетіспеушілік тауқыметін тартып отыр, – деп мәлімдеді видеода ереуілшілер атынан сөйлеген әйел.
Олар жұмыс берушіден жалақыны екі есе көбейтіп, зиянды жұмыс үшін қосымша ақы төлеуді, еңбек демалысына ақшаны көбейтуді, заңды мерекелерде сыйақы мен емге ақша төлеуді, түскі аспен қамтамасыз етіп, материалдық көмек көрсетуді талап етеді.
Жаңаөзендегі Оilfield equipment and services және "Ақтау мұнай сервис компаниясы" жауапкершіліг шектеулі серіктестіктері жұмысшылары да жұмысты тоқтатты.
Олар бірлесіп, жұмыс беруішінің атына сегіз ұжымдық талап жолдаған. Онда:
- Жеке еңбек шартын жасауды
- Ұжымдық шарт жасасуды
- Еңбекақыны 100 пайыз көтеруді
- Мұнайшылар және Тәуелсіздік мерекесіне сыйақы төлеуді
- Аймақтық, салалық коэффициент төлеуді
- Жыл соңында 13-жалақы төлеуді
- Кәсіподақты қудалауды тоқтатуды
- Жұмыстан шығарылған кәсіподақ мүшелері мен төрағасын жұмысқа кері алуды талап етеді.
Жаңаөзендегі "Ақтау мұнай сервис компаниясы" жұмысшылары талабын компанияның Солтүстік Бұзащы, Қаламқас кеніштері мен Жетібайдағы филиалдары жұмысшылары да қолдап, жұмысты тоқтатты деді.
Азаттық тілшісі аталған мекемелердің басшылығына хабарласа алмады.
Оilfield equipment and services мекемесі арнайы көліктерді жөндеумен және техникалық қамтамасыз етумен айналысады.
"Ақтау мұнай сервис компаниясы" - мұнай ұңғымаларын жөндеу, монтаждау, мұнай-газ өнідірісіндегі электр-техникалық жабдықтарды жөндеу, монтаждау және қайта монтаждаумен айналысады. "Ақтау мұнай сервис компаниясы" Маңғыстау облысындағы 16 мұнай-газ өндіру компаниясына сервистік қызмет көрсетеді.
Жаңаөзенде Kunan holding жауапкершілігі шекетулі серіктестігі жүргізушілерінің 19 шілдеде басталған ереуілі әлі жалғасып жатыр. Мекемеде он жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істейтін Бақтығали Сәбиовтың айтуынша, мекеме басшылығы жүргізушілер талабын орындаудың орынына 60 адамды жұмыстан қысқартқан.
– Бүгін мекемеде қаржылық жағдайдың нашарлығына байланысты 60 адамды жұмыстан қысқарту туралы қағаз алып келді. Оны алудан бас тарттық. Біздің жағдайымызға назар аудару орнына Kunan holding-ке жалданып жұмыс істейтін жеке жүргізушілердің жалақысын сағатына 200 теңгеге көбейткен. Енді олар сағатына 1200 теңге алады. Олар бізбен бірге еруілде тұр еді, енді осы ұсынысқа көніп жұмысқа шығып кетті. Қазір Kunan holding-тің штатында жұмыс істеген 60 жүргізуші тапжылмай тұрмыз. "Қазмұнайгаздан" комиссия келуін сұрап тұрмыз, – деді ол.
Оның айтуынша, жергілікті әкімдік пен "Өзенмұнайгаз" мәселені шеше алмайды. "Бәрібір "Қазмұнайгазға" жолдаймыз дегенді айтады" дейді ол. Маңғыстау облысындағы мұнай-газ кеніштерін игерумен айналысатын "Өзенмұнайгаз" мемлекеттік "Қазмұнайгаз" компаниясының құрамына кіреді.
Жаңаөзендегі "Батысгеофизсервис" бен "МұнайСпецСнаб компани" жұмысшыларының талабы да орындалмай, ереуіл көп күннен бері жалғасып жатыр. Жұмысшылар жалақыны өсіруді, ақылы еңбек демалысын заңды түрде кесте бойынша нақты бекітіп, ереуілдеген жұмысшыларды қудаламауды талап еткен. 19 шілдеде Азаттыққа сұхбат берген "МұнайСпецСнаб компани" директоры Ерлан Сәбиев ереуілдеген жүргізушілерді "еңбек шартын сақтамады, үш сағаттан артық жұмыста болмады" деп сотқа бергенін хабарлаған.
ПІКІРЛЕР