Accessibility links

Қытай парламенті Гонконг қауіпсіздігі туралы даулы заң жобасын мақұлдады


Қытай басшысы Си Цзиньпин және өзге шенеуніктер Бүкілқытайлық жиналыста Гонконг қауіпсіздігі туралы заң жобасын қолдап, шапалақтап жатыр. Пекин, 28 мамыр 2020 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин және өзге шенеуніктер Бүкілқытайлық жиналыста Гонконг қауіпсіздігі туралы заң жобасын қолдап, шапалақтап жатыр. Пекин, 28 мамыр 2020 жыл.

28 мамырда Қытай парламенті Гонконг қауіпсіздігі туралы даулы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы BBC сайты хабарлады. Құжат Гонконг аумағында Пекин үстемдігіне нұқсан келтіруді қылмыс ретінде қарастырады.

Сайттың жазуынша, құжат енді Қытай коммунистік партиясының тұрақты комитетіне жіберіледі. Тамыз айында заңға айналуы мүмкін.

Заң жобасының толық нұсқасы жарияланбаған, бірақ құжатқа сәйкес төмендегі әрекеттер қылмыс ретінде саналады:

  • Бөлшектеу - Гонконгті мемлекеттен алшақтатып бөлу;
  • Орталық биліктің өкілетіне немесе беделіне нұқсан келтіру;
  • Терроризм;
  • Гонконг ісіне кедергі келтіретін сыртқы күштер әрекеті.

21 мамырда Бүкілқытайлық конгресс жиынында Қытай "Гонконгте астыртын әрекеттің, сепаратизм мен шетелдің араласуын болдырмайтын" заң жобасын ұсынған. Құжат Қытай орталық билігінің қауіпсіздік органдарына Гонконгте агенттік құрып, сол жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл Қытай әкімшілік аумақты толықтай өз бақылауына алуы мүмкін деген алаңдаушылықты туғызған.

Осыған дейін Гонконгте тұрғындар заң жобасына қарсы шығып, наразылық білдірген. Наразы тұрғындардың айтуынша, өзгерістер "бір ел, екі жүйе" принципіне қайшы. 24 мамырда мыңдаған адам қатысқан наразылық кезінде шамамен 200 адам ұсталды.

Оқи отырыңыз: Гонконгте мыңнан аса адам қала еркіндігіне қауіп төндіретін Пекин заңына қарсы шықты

Сәрсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Гонконг Қытайдан толық автономды болмағандықтан бұдан былай АҚШ-пен ерекше қатынас жасай алмайды деп мәлімдеген. Вашингтон бұған байланысты шара қолдану жағын қарастырып жатыр.

Өткен аптада заң жобасын сынаған халықаралық саясаткерлер мен құқық қорғаушылардың мәлімдемесіне жауап берген Қытай билігі "елдің ішкі ісіне араласпау" қажеттігін айтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп қаланың еркіндігі мен сот билігінің тәуелсіздігіне қауіп төнсе, Гонконг әлемнің қаржы орталығы мәртебесінен айырылуы мүмкін деп Қытайға ескерту жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG