«Хьюман Райтс Вотч» ЕҚЫҰ-ын келешек төрағаға зер сала қарауға шақырады

«Хьюман Райтс Вотч» халықаралық ұйымының баяндамасында Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы ЕҚЫҰ-ның келешек төрағасының роліне сәйкес келмейтіндігі атап көрсетілген.
Сәрсенбі, 20 мамыр күні, адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық «Хьюман Райтс Уотч» (Human Rights Watch) ұйымы 16 беттік Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуден жарты жыл бұрынғы Қазақстандағы адам құқықтарына байланысты ахуал» атты есебін таратты.

Бұл құжатта: «Жеті айдан соң Қазақстан ТМД елдерінен бірінші болып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етпек. Осы себептен, бұл саладағы іс-әрекеттердің нақты хал-күйі мен төрағалықтың маңызды рөлі әрі жауапкершілігі арасындағы сәйкеспеушілікті есепке ала отырып, адам құқықтарына қатысты ахуалды жетілдіру қажеттігі ерекше мәнге ие болып отыр», делінген.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАҒА ЕНГІЗІЛГЕН ТҮЗЕТУЛЕР ЖҮЙЕЛІК ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ШЕШПЕГЕН

Баяндаманың авторлары ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді Қазақстанға беру туралы шешім 2007 жылдың қараша айында Мадридте өткен ЕҚЫҰ-ның министрлер деңгейіндегі кездесуінде елдің сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің уәдесіне бола қабылданғанын тілге тиек етеді. Марат Тәжин ол кезде, Қазақстан адам құқықтары саласындағы саясаты мен іс-әрекетін ЕҚЫҰ төрағасы болып табылатын елге қойылатын талаптармен сәйсестендіреді, деп уәде берген болатын.

«Өзгемен қатар (Қазақстан өкілі тарабынан), 2008 жылдың соңына дейін, БАҚ жөніндегі заңды өзгертіп, сайлау жөніндегі заңнаманы реформалап және саяси партияларға қойылатын тіркеу талаптарын жеңілдету уәдесі берілген болатын», деп атап өтеді «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы өз құжатында.

Меморандумда бұдан ары, Марат Тәжин берген уәделер тек құптауға тұрарлық, делінген, алайда 2008 жылдың қараша айында үкімет парламентке ұсынған және 2009 жылдың ақпанында президент қол қойған заңнамаға енгізілген түзетулер, негізінен опа-далап, бояма өзгертулермен шектеліп, жүйелік мәселелерді тіпті қозғамаған.

Қазақстандағы БАҚ туралы заңның жаңа нұқсасы телеканалдар мен радиостанцияларды тіркеудің міндеттілігін талап етпейді, олар онсыз да хабар тарату үшін лицензия алуға тиісті. Алайда, заң өзге бұқаралық ақпарат құралдарына бөгет болатын бюрократиялық кедергілерді жеңілдетпеген.

«Толығынан алғанда, ...түзетулер Қазақстандағы БАҚ бостандығының жалпы мәселелерін тереңінен қамтымаған», – деген қорытындыға келеді БАҚ саласындағы ахуалға байланысты аталған меморандум.

Құжатта Қазақстан үкіметіне діни сенім бостандығы, ой-пікір бостандығы және жиналыс пен шерулер өткізу бостандығы саласындағы ұлттық заңнаманың талаптарын жеңілдету туралы үндеу тасталған.

Меморандумда жала жапқандығы үшін қылмыстық жауапқа тартуға мораторий енгізудің, елдегі қылмыстық кодекстің тиісті баптарының күшін жоятын барлық шараларды қолдану, интернеттегі мәтіндерді сүзгіден өткізу мен сайттарға тосқауыл қоюды доғару қажеттігі атап көрсетілген.

Сонымен бірге, құжатта БАҚ туралы заңға жаңадан негізсіз шектеулер енгізу, шерулер мен митингтер өткізу орындарына орынсыз тыйым салу тәрізді қадамдарға бармауға кеңес берілген.

«ҰЙЫМҒА МҮШЕ ЕЛДЕР ЕҚЫҰ-ның КЕЛЕШЕК ТӨРАҒАСЫНЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІНЕ ТЕРЕҢІРЕК ЗЕР САЛА ҚАРАҒАНЫ ДҰРЫС»

«Хьюман Райтс Вотчтың» Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Холли Картнер, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудің маңызды ахлақтық статусына меңзей отырып, «соңғы бірнеше ай барысында (Қазақстандағы) үкімет бірқатар қарапайым қадамдар жасады. Алайда, адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуді мақсат еткен ұйымға Қазақстанның басшылық етуге лайық екенін дәлелдеу үшін әлі көп шаруа тындыру қажет», деген пікір білдіреді.

Осы жылдың ақпанында парламент қабылдаған діни бірлестіктерге қатысты заңға енгізілген түзетулерді ел Конституциясына сай емес деп тапқан Қазақстандағы Конституциялық кеңестің шешіміне оң баға бере отырып, «Хьюман Райтс Вотч», алайда, «БАҚ туралы заңнамаға енгізілген түзетулер телеканалдар мен радиостанцияларды тіркелуге міндеттейтін талаптың күшін жойса да, оларды хабар тарату үшін лицензия алуға міндеттейтін, көзбояу өзгертулерге кеп саятындығын», сынға алған.

«Хьюман Райтс Вотч» сарапшылары, биылғы жылдың ақпанында президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған БАҚ туралы заң, хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының үстінен үкіметке бағынышты күштердің бақылауы, президент пен үкіметтің саясатын сынайтын тәуелсіз журналистерді қуғындау мен қорқытып-үркіту, жала жапқаны үшін қылмыстық жауапқа тартуды сақтап қалу тәрізді БАҚ-тың жүйелік мәселелерін шешпейді, дейді.

Холли Картнер, Қазақстан журналистері үрейге толы ахуалда әрекет етуге, сотпен қудалану қаупін тұрақты түрде есепке алуға және жеке басына тікелей зиян келтіру қаупімен бетпе-бет жұмыс істеуге мәжбүр, деген пікір айтады.

Осы жайттарға байланысты, Холли Картнер адам құқықтарының аяқ асты етілуіне қатысты жайттар бұқаралық ақпарат құралдарында көрермен не оқырман назарына алдымен шалынатын жерден әрдайым орын ала бермейтінін, сондықтан «ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің өз ұйымының келешек төрағасының бет-бейнесіне тереңірек зер сала қарағаны дұрыс боларына» жөн сілтейді.

«ҚАЗАҚСТАН РЕФОРМАЛАРДЫ ЖАСАУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ ДЕГЕН ҰЙҒАРЫМҒА КЕЛУГЕ БОЛАДЫ»

Астананың адам құқықтарын құрметтеу саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруіне даярлығына байланысты осы аталған тақырыпты Еurasianet сайтының тілшісі Джошуа Кусера да өз мақаласында сөз еткен.

Журналист Кусера таяуда, мамырдың 12-і күні, Вашингтонда өткізілген американдық Хельсинки комиссиясының тыңдауларының тақырыбы (демократияландыру жөніндегі) реформаларды жүргізу ісінде Қазақстанның қаншалықты өз міндеттерін адал атқарып отырғанына баға беру болғанын тілге тиек етеді.

Аталған отырыс барысында, комиссия төрағасы сенатор Бен Кардин, Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың ЕҚЫҰ ұсынған реформалау жөніндегі жобаны «біздің елдің ахуалының ерекшелігіне байланысты толық қабылдауға болмайды», деген сөзін келтірген.

Кардин, сонымен қатар, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да Қазақстан «бұл жолмен өзінің алып көршілері Ресей мен Қытайдан озып, ілгері кете алмайды» деп бірнеше мәрте айтқанын тілге тиек етіпті.

«Демек, Қазақстан ЕҚЫҰ кеңес берген реформаларды бұл ұйымның төрағалығы лауазымына ие болар мерзімі жетпейінше толық көлемде орындауға құлықсыз деген ұйғарымға келуге болады», деп мәлімдеген сенатор.

Пікірталаста болған Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов өз елінің атына айтылған сындардың кейбіріне қатысты қарсы уәж білдірді, деп жазады аталған сайт. Өз сөзінде ол республикада сайлау туралы заңды реформалап, оппозициялық партиялардың парламентке сайлануы жолында тұрған бөгеттерді алып тастауға қатысты жұмыс істеліп жатқандығын айтқан.

Ал (қазір) оппозицияның парламентте өкілдерінің болмауының себебі... оппозициялық партиялар қоғамда қолдау таппай отырғандығында жатыр, деген пікір білдірген елші Ыдырысов.

Осы отырыста Қазақстанның АҚШ-тағы елшісімен Адам құқықтарын қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстанның халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтистің айтысып, дау көтергені туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған-ды.

Евгений Жовтис Қазақстанда саясатпен айналысу шарттарының барлық тараптар үшін тең еместігін мәлімдеп, Қазақстан үкіметіне оппозицияға бұқаралық ақпарат құралдарында жол ашуға шақырған. Ол мұндай еркіндіктің тек сайлау алды науқаны кезінде ғана берілмей, тұрақты негізде берілуі қажеттігіне назар аударған болатын.

Ал аталған талқылауларда болған Джордж Мейсон университетінің қызметкері, Орталық Азия жөніндегі сарапшы – маман Эрик МакГлинчи Қазақстандағы сот жүйесі жеткілікті түрде тәуелсіз болып табылмайтындығын, бұның нағыз оппозициялық қозғалыстың қалыптасуына кері әсер ететіндігі жайлы өз пікірін білдірген.