Accessibility links

БҰҰ-ның азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы Қазақстан түрмелерін аралап жүр


БҰҰ-ның азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы Қазақстанға келді. Бұл уақытта Қазақстандағы азаптауға ұшырағандар заң-құқық құрылымдары өкілдерінің көрсететін қорлықтары туралы айтып жатыр.

САПАР АЯҚТАЛҒАН СОҢ НӘТИЖЕСІ БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫ ЖАРИЯЛАНАДЫ

БҰҰ-ның азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлері мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новак Қазақстанға сапармен келді. Сапар 14 мамырға шейін жалғасады.

Манфред Новак үкіметтің ресми тұлғаларымен, адам құқықтары және азаматтық қоғам жөніндегі жергілікті институттың өкілдерімен, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық комиссия және басқа да халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшыларымен кездеспекші. Сондай-ақ ол бас бостандығынан айыру орындарында болады.

Бұдан бөлек, сапарының соңында елдегі азаптау жағдайы туралы Қазақстан билігін хабардар етіп болған соң, Манфред Новак баспасөз мәслихатын өткізеді. Әрі қарай ол өзінің қорытындысы мен ұсыныстары бар баяндамасын БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының назарына ұсынады.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы Манфред Новакты БҰҰ-ның Азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы қызметіне 2004 жылдың 1 желтоқсанында тағайындады. Арнайы баяндамашы ретінде ол ешқандай үкіметтерге тәуелді емес және тек өзінің жеке мүмкіндігі бойынша қызмет ететіндігі белгілі.

Азаптау оқиғаларын тергеу үшін бұл қызметті БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы 1985 жылы белгіледі. Арнайы баяндамашының мандаты, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Конвенцияға қол қойған-қоймағандығына қарамастан, барлық елдерді қамтиды.

ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫНДАҒЫ АЗАПТАП-ҚИНАУҒА ҚАТЫСТЫ АРЫЗ-ШАҒЫМДЫ ...ПОЛИЦИЯНЫҢ ӨЗІ ТЕРГЕЙДІ

Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Конвенцияға Қазақстан 1998 жылдың 29-шы маусымында қосылған болатын.

Ұзақ уақыттан бері ресми органдар елдегі азаптаулар мен тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану мемлекет тарапынан, соның ішінде құқық органдары басшылары тарапынан қатаң бақылауға алынған деп мәлімдеп келеді.

«Қазақстан қолда бар барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалана отырып, адам құқықтарының бұзылуына, соның ішінде азаптауларға қатысты кез-келген заң бұзушылықтармен шешуші де ымырасыз күрес жүргізуде», - деп жазылған Қазақстан әділет министрлігінің ресми сайтында.

Алайда, көптеген құқыққорғаушылардың пікірінше, бұл бақылау бүгінгі күні тиімсіз болып отыр. Азаттық радиосына берген сұхбатында адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис оның себептерін былайша түсіндірді:

«Азаптау туралы хабарламаны сол адам шағымданып отырған органдардың өздері (біздің жағдайда бұл – құқық органдары) тергеп отырған кезде, бұл істі абсолютті түрде әділетті де обьективті қаралады деп үміттенудің өзі қисынсыз екені түсінікті».

Бақылаушылардың айтуынша, әдейілеп қатыгездікпен ұрып-соғу бас бостандығынан айыру орындары мен тергеу абақтыларында жүйелі сипат алған.

Елімізде тұтқындардың түрме азаптауларына қарсы бірнеше көтерілісі орын алған. Жаңаөзен қаласының тергеу абақтысында 34 тұтқын қарсылық белгісі ретінде өз денелерін жарақаттаған.

Ақтөбе облысының Жем қаласындағы УКА 168/5 колониясының 10 тұтқыны абақтыда ұстау жағдайына қарсылық ретінде өздерін пышақтаған.

Дәл осындай оқиға Шымкентте де болып, жергілікті колонияда 25 тұтқын өздерін жарақаттап тастаған. Осы үш жайттың себебі біреу ғана: адам төзгісіз режим, үнемі намысқа тию, ұрып-соғу мен басқа да азаптаулар деп есептейді бақылаушылар.

Қазақстан халықаралық қоғамдастық алдында маңызды міндеттемелерге қол қойғанымен, көптеген халықаралық келісімдер тек қағаз жүзінде қалуда деп атап өтеді сарапшылар.

«СОДАН СОҢ МЕНІ КІСЕНМЕН ЖЫЛУ БАТАРЕЯСЫНА БАЙЛАП ТАСТАДЫ...»

Азаттық радиосының тілшісімен болған сұхбатта «Орталық Азиядағы адам құқықтары» қауымдастығының президенті Надежда Атаева бүгінде Қазақстан қоғамдастығы түрмелердегі азаптаулардан толықтай хабардар болмауы адамдардың ар-намысына тиіп, азаптаумен айналысатын күш құрылымдары қызметкерлерінің жазадан тыс қалуына себепкер болуда дейді.

Надежда Атаеваның айтуынша, Қазақстанда орын алып отырған азаптаулар жайында құқық қорғаушы ұйымдар мен халықаралық қоғамдастық негізінен елден кетіп қалған адамдардан біледі екен:

– Мен сұрау салғандардың негізгі бөлігі босқындар. Олар маған небір қорқынышты оқиғаларды айтып берді. Мысалы, тергеу кезінде қатты ұратыны соншалық, содан кейін адамдардың көздері көрмей қалады, – деді Надежда Атаева.

Өзінің айтқанына дәлел ретінде «Орталық Азиядағы адам құқықтары» қауымдастығының президенті Еуропадағы Қазақстан босқындарының бірі жазған хатты келтіреді:

«Мені тергеуші Алдияр Бесбаев шақырып алды. Олар мені түске дейін ұстады. Олар менімен сөйлесіп тұрып басыма сойылдарын тақап тұрды. Мені жақсылап «қысамыз» деп қорқытты. Мен оларға адвокат шақыруға құқым бар дедім. Содан соң мені кісенмен жылу батареясына байлап тастап, артымда тұрған бетперде киген адам бүйрегімнен тепкілей бастады. Белімнен жан кетіп қалды.

Ал тергеуші сол жағымда отырып сол жақ бетімнен қолымен ұрды. Қазір сол жақ көзім нашар көреді. 80 пайызға көрмейді. Осылайша мен әр жақтан соққы алдым.

Бір мезгілде мені және менің жақындарымды қорқытты: «Біз сені түрмеге отырғызамыз және саған ешкім көмектесе алмайды» деді. Олар мені сол күні жіберді, екі күннен кейін тағы да шақырту келді. Оған қол қойған да сол тергеуші екен.

Менің тергеуге барғым келмеді. Мен басқа қалаға қашып кеттім. Ол жақтан елден шығып кетудің жолдарын қарастырдым. Өйткені, адвокаттар да, құқық қорғаушылар да, ешқандай байланыстар да, ешкім де көмектесе алмас еді», – деп жазады өз Отанында арнайы қызмет тарапынан қуғындалған қазақстандық босқын.
XS
SM
MD
LG