Чехиядағы қазақ діни босқындарының хикаясы
7 ақпан күні Праганың басты алаңында митинг өткізген қазақ діни босқындары Чехия үкіметіне саяси талап қойды - Үш жыл бұрын Чехияда Батыс Қазақстан мен Алматыдан барған ондаған отбасы пайда болды. Өздерінің діни көзқарастары үшін қуғын көрген олар 2006 жылы бассауғалап қоныс аударыпты.
Чех азаматтары үшін Вацлав алаңының тарихи маңызы ерекше - Осы алаңда чех билігінен Қазақстанға күштеп қайтармауды талап еткен қазақ босқындарына президент Назарбаев басқарып отырған жүйеден қысым көріп, шетелге бассауғалауға мәжбүр болған Ержан Досмұхамедов, Әлнұр Мұсаев секілді саясаткерлер қолдау көрсетті.
Алаңның ең биік нүктесінде - Әулие Вацлав ескерткіші - Қазақ босқындары дәл осы ескерткіштің түбінде тұрып, наразылық митингісін өткізді. Мұндай оқиға, яғни босқындардың наразылық акциясы чех мемлекетінің тарихында бірінші рет болып отыр.
Наразылық танытқан қазақ босқындарының белсенділері Чехия үкіметіне арналған үндеуді оқуға дайындалып тұр - Чехияны паналап барған босқындар өздерін «таза дін» қауымдастығынанбыз дейді. Ресейлік адам құқығын қорғаушы, Мәскеудегі «Мемориал» орталығының Орта Азиядағы адам құқы бойынша арнайы бағдарламасының директоры Виталий Пономарев бұл қауымдастықты салафиттер қауымдастығына жатқызады (арабтың «ас-салаф ас-салихун» деген сөзі «иманды ата-бабалар» деген ұғымды білдіреді).
Босқын қазақтар Чехия үкіметіне қоятын талаптарын төрт - қазақ, ағылшын, чех, орыс тілдерінде жазып алған - «1990-шы жылдардың ортасында Батыс Қазақстандағы Жаңаөзен, Ақтау, Атырау қалаларында, сонымен бірге кейбір көрші облыстарда «таза исламды» ұстанушылар қауымдастықтары пайда болды. Олар мешіттерге бармайтын. Жеке үйде жиналып, діни кітаптар оқып, өзара әңгіме-дүкен құратын, намаз оқитын.
Наразылық таныту митингісінен қазақ босқындарының үлкен-кіші балалары да қалған жоқ - 1999 жылдан бастап оларды діни себептер бойынша қудалау басталды. Міне, содан бергі бірнеше жыл көлемінде олардың үстінен қолдан жасалған айыппен қылмыстық іс қозғау, қорқытып-үркіту, т.с.с. жалғасып келеді.
Босқын қазақтардың наразылық митингісі екі сағатқа созылды, полициялар да митингтің рұқсат қағазы бар-жоғын сұрады - 2006 жылы әртүрлі уақытта, әрқилы жолмен Қазақстаннан қашып, Чехияға жеткеннен кейін бұл адамдар осы елдегі түрлі қалалар мен ауылдарға шашыраңқы түрде қоныстанды.
Олар өз үндерін чех билігіне жеткізу үшін төрт тілде жазылған талап-тілектерін екі сағат бойына оқып тұрды - Алғашқы лекпен келген 25 босқынға «халықаралық қорғаудағылар» мәртебесі берілген, яғни олар саяси босқын деп танылған. Бірақ қазір Чехия билігі Батыс Қазақстаннан келген ондаған діни босқындарға ондай мәртебе беруден бас тартып отыр.
Қазақ босқындарының кейбіріне депортациялану қаупі төніп тұр, қолдарына елдеріне қайту қағаздары берілген - Дәл қазір бұл адамдардың құқықтық мәртебесі қыл үстінде тұр, олардың көпшілігінің саяси босқын мәртебесін беруді сұрап екі мәрте жазған өтініштері екі рет қанағаттандырылған жоқ. Бірінші жолы – шетелдіктер ісі жөніндегі полициядан, екінші жолы – жергілікті соттан олардың беті қайтты. Ал енді үшінші рет – жоғарғы деңгейдегі сотқа берген өтініштеріне тағы сондай жауап алса, онда ол адам Чехия аумағынан кетуі тиіс.
Босқын қазақтардың балалары ел назарын талап-тілектер жазылған плакаттарға аударуға тырысты - Чехия билігі тіркеуде жоқ дәл осы фундаменталистік ислам қауымдастығының мүшелеріне Қазақстанда ешқандай қауіп-қатер төнген жоқ, ал арнайы қызметтер тарапынан болған қудалау жайттарын қызмет бабын асыра пайдалану мен пара беруге мәжбүрлеудің жекелеген көріністері ретінде қарастырған жөн, ондай жайттар демократиялық елдерде де бола береді деген ұстаным айтып отыр.
Қазақ босқындары балаларының бірқатары Чехия жерінде дүниеге келген - Чехияға босып келген осы отбасыларында өткен үш жылдың ішінде өмірге 45 нәресте келді. Солармен қоса алғанда барлығы 205 адам Чехиядан күштеп шығарылуы мүмкін. Дәл қазіргі сәтте өкімет олардың Чехия жерінде болатын тіркеу мерзімін тек уақытша ұзартып отыр.
Қазақ босқындарының наразылық шеруі Вацлав алаңында серуендеп жүрген туристердің де назарынан тыс қалмады - Чех мемлекетінің азаматтары қазақ босқындарының наразылық акциясын қарап тұр.
Чех полициясының офицерлері қазақ босқындарының митингісіне берілген әкімшілік рұқсат қағазын тексеруде - Чех полициясының офицерлері қазақ босқындарының митингісіне берілген әкімшілік рұқсат қағазын тексеруде.
Өз айтулары бойынша, діни наным-сенімі үшін Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған бұл адамдардың ертеңі бұлыңғыр - Бұл қауымдастықтың мүшелері өз діни сенім-нанымдарынан бас тартпай, өзге елге қоныс аударуға шешім қабылдады. Сондықтан олар өздерінің діни идеяларын жалғастыру үшін эмиграцияға кетуге мәжбүр болды.
Чехия билігі наразылық шарасын өткізуге қарсы болған жоқ, арнайы рұхсат қағазын да берген болатын - Босқындар митингіге чех және ағылшын тілдерінде саяси талап-тілектері жазылған плакатар мен үндеулер ұстап шықты. Чехия билігі наразылық шарасын өткізуге қарсы болған жоқ.
Бұрын-соңды болмаған оқиға бұл қыздың да назарын өзіне бұрды - Чех қызы қазақ босқындарының наразылық шеруіне таңданыспен қарап тұр.
Босқын қазақтардың арасында балалар мен әйелдер де бар - Өздерін “Қазақстанның ар-ұждан тұтқындары” деп атаған қазақ босқындары Чехия үкіметінің өздерін шеттететін көші-қон саясатын қолданып отырғанына қарсы наразылық митингісін өткізуге мәжбүр болғандарын айтты.
Қазақ босқындарының балалары ұстап тұрған плакатта "Біз экстремист емеспіз" деп чехша жазылған - Қазақ босқындарының балалары ұстап тұрған плакатта "Біз экстремист емеспіз" деп чехша жазылған.
Ата-аналарымен қатар балаларда да Қазақстанға қайту қауіпті деген қорқыныш бар - Қазақ босқындарының атап көрсетуінше, аймақтық соттар және Брно қаласындағы Жоғарғы әкімшілік сот көші-қон қызметінің оларды елден күштеп шығаруына қолқабыс жасап отыр және сот билігі мен көшін-қон қызметі бірлесіп Қазақстаннан келген ар-ұждан тұтқындарын қаралауға тырысуда.
Полиция қызметкерлері босқын қазақтардың кейбірінің жеке құжаттарын мұқият тексерді - Чех полицейлері қазақ босқындарының наразылық акциясын соңына дейін қарап тұрды.
Чехия астанасының орталығындағы Вацлав алаңы - туристердің ең көп келетін жері - Туристер мен чех азаматтары қазақ босқындарының митингісін қарап тұр.
Босқын қазақтар Чехия үкіметіне қойған талаптары орындалмаса, тағы да наразылық митингісін өткіземіз дейді - Босқын қазақтардың митингісінен соң Чехия үкіметі босқын мәртебесін сұраушылардың біріне «негатив» ұстатты. Дегенмен, қазақ босқындары Чехия үкіметі және биыл Чехия төрағалық ететін Еуропа Одағы өз жағдайларына көңіл аудармайтын болса, алдағы уақытта наразылық шарасын жалғастыруды, тіпті 7 ақпандағыдан да кең митингі өткізетіндігін ескертті.
Митинг соңында қазақ босқындары Еуропа Одағына 6 тараудан тұратын талаптарын жолдады - Әлем қауымдастығына арнаған үндеуінде қазақ босқындары Еуропа Одағының елдері мен Еуропа парламентінен Чехия үкіметінің көші-қон саясатына араласуын өтінді және өздерінің тағдырларына араша түсуін сұрады. Босқындар Еуропа Одағына 6 тараудан тұратын үндеуін жолдады.