Ресей рұқсатсыз шерудің айыппұлын көбейтті

Ресей мемлекеттік думасы комитетінің төрағасы Владимир Плигин депутаттар алдында тұр. Мәскеу, 5 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Times («Таймс») және Daily Telegraph («Дэйли Телеграф») басылымдары 6 маусым күні Ресей думасы қабылдаған шеру туралы жаңа заңдар жайында мақала басты. Оппозиция өкілдері бұл заңдар қарсылық әрекетін тоқтата алмайтынын, керісінше шерушілерді бұрынғыдан да радикалдандыра түсетінін айтады.

Ресей мемлекеттік думаcы рұқсат етілмеген шеруге шыққан адамдарға салынатын айыппұл көлемін 150 есе өсіру жайлы жаңа заң қабылдады. Бұл заң бойынша, енді шеруге шыққан әрбір адам 2 мыңнан 300 мың рубльге дейін (шамамен 10 мың доллар) айыппұл төлеуге міндетті.

«Шеруді ұйымдастырған адамға бір миллион рубль көлемінде айыппұл салынсын» дейді жаңа заң.

Мұндай айыппұл төлеуге шамасы келмеген азаматтар 20-дан 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарды ақысыз атқаруға мәжбүр болады.

«Қоғамның тыныштығы үшін қауіпті» деп танылған белсенділер де шеру ұйымдастыру жұмыстарынан шеттетіледі.

Бұл заңдарды Ресей үкіметі мен мемлекеттік думада көпшілік орынды иеленіп отырған «Единая Россия» партиясы қабылдаған.

«ПУТИН РЕЖИМІ ЕЛДІ ҚАҚТЫҒЫСҚА БАСТАП БАРАДЫ»

Times басылымының жазуынша, Кремльдің қазіргі саяси бағыты Ресейді азамат соғысына апара жатыр. Себебі парламент таныстырған жаңа заң жобалары оппозиция мүшелерін жазалауға арналған.

Мақала авторы Ресейдегі саяси ахуалды сипаттау үшін оппозициялық «Справедливая Россия» партиясының парламенттегі өкілі Геннадий Гудковтың да

Ресей мемлекеттік думасы депутатының алдында жатқан журнал. Мәскеу, 5 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

пікірін берген. Геннадий Гудков жаңа заңды дауысқа салардың алдында «Путин режимі өзгеше ойлайтын адамдарға қысым жасау арқылы Ресей қоғамын қақтығысқа әкеле жатыр» деп ескерткен.

Желтоқсан айынан бері Путиннің президентікке оралуына қарсылық білдіріп, көшедегі шерулерде белсенді әрекет етіп жүрген Геннадий Гудков:

– Өткен заманда Ресейдегі мұндай қысымның соңы қантөгіспен аяқталған. Бұл жолдың азаматтық соғысқа апара жатқаны анық. Сіз елдің болашағының жауапкершілігін арқалап отырсыз және елді тығырыққа, күйреуге, қантөгіске апара жатырсыз, – дейді ел президентіне қарата.

«НАВАЛЬНЫЙ 60 МИЛЛИАРД РУБЛЬ ҚАРЫЗ БОЛАДЫ ЕКЕН»

Ал Daily Telegraph-тің жазуынша Ресей оппозициясының белсенді лидері Алексей Навальныйды «Единая Россия» партиясына тіл тигізгені үшін Мәскеу соты соттап

Алексей Навальный оппозиция шеруінде. Мәскеу, 24 мамыр 2012 жыл.

жатыр. Навальный бір басылымға берген сұхбатында «Единая Россия» партиясын «ұрылар мен алаяқтар партиясы» деп атағаны үшін Мәскеу соты оған 30 мың рубль айыппұл төлеуге үкім шығарған.

«Единая Россия» партиясының 68 жастағы мүшесі Владимир Свирид Навальныйдың жоғарыдағы сөзі «намысымды қорлады» деп, сотқа арызданған еді.

Басылым «Кремльдегі автократтық режим өзін сынайтындарды тұқырту үшін осындай тәсілдерді қолдануға мәжбүр боп отыр» деп жазады. Дүйсенбі күнгі сотта жеңіп шыққан Владимир Свирид партияның басқа мүшелерін де дәл осылай арыз беруге үндеген.

Мақала авторы осы үндеуге қатысты мемлекеттік дума депутаты Владимир Бурматовтың пікірін берген.
...ары таза адамдарды қорлағаны үшін Навальный бізге 60 миллиард рубль қарыз болады екен.
Мемлекеттік дума депутаты
Владимир Бурматов.

– Біздің партияның екі миллион мүшесі бар. Егер әрбір адам сотта 30 мың рубльден жеңетін болса, ары таза адамдарды қорлағаны үшін Навальный бізге 60 миллиард рубль қарыз болады екен, – дейді Владимир Бурматов.

Daily Telegraph-тің жазуынша, Алексей Навальныйдың «ұрылар мен алаяқтар партиясы» деген сөзі қазір оппозиция лидерлерінің жиі қолданатын ұранына айналған. Автордың пікірінше, осы ұранның кең тарауы биліктегі элитаның шымбайына батып тұр. Оның кері әсері желтоқсандағы парламент сайлауында да байқалған.

Мақала авторының ойынша, Кремль басшылары шерушілерге қатысты жаңа заңды алдағы аптаның сейсенбісінде өтетін оппозиция лидерлерінің шеруіне тосқауыл қою үшін парламентке асығыс өткізген.

– Бұл заңдар қарсылық әрекетін тоқтата алмайды. Керісінше мына әрекеттер шерушілерді бұрынғыдан да радикалдандыра түседі, – дейді оппозиция лидерлерінің бірі Борис Немцов.