"Қазғарыш": Ресей 2014 жылы 16 "Протон-М" ұшырмақ

Ресейдің "Протон-М" зымыран тасығышы. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Ресей 2014 жылы Байқоңырдан 16 "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлап отыр деді "Қазғарыш" ұлттық агенттігінің төрағасы міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков, ҚазТАГ-тың хабарлауынша.

Молдабековтің айтуынша, Ресей 2013 жылы Байқоңырдан 15 "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлаған. Оның алтауы ғарышқа ұшып, біреуі 2 шілдеде апатқа ұшырады. Ресей 2013 жылдың соңына дейін Байқоңырдан тағы төрт "Протон-М" ұшырмақшы.

Бұған дейін, 20 қазанда ұшырылады деп жоспарланған "Протон-М"-ді ұшыру 22 қазанға шегерілген еді. Зымыран ғарышқа америкалық Sirius FM-6 ғарыш аппаратын жеткізуі тиіс.

2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшыраған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің төгілуі Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған. Бұл апаттан кейінгі алғашқы «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ғарышқа 30 қыркүйекте ұшты.