Күнкөріс жолындағы тағы бір сынақ: шағын бизнес пен жаңа карантин

Алматы "Барахолка" деп аталып кеткен базарындағы жабық контейнер. Көрнекі сурет.

Қазақстанда шағын кәсіп иелері мен ондаған мың жалдамалы жұмысшы екінші рет жарияланған жаңа карантин кезінде қайтерін білмей отыр. Алдағы екі аптада көптеген қызмет көрсету нысаны жабылады, жұмысын жалғастыратын кәсіпкерлердің өзі карантиннің салдарсыз өтпейтініне сенімді.

ЖҰМЫССЫЗ ӘРІ ТАБЫССЫЗ ӨТЕТІН ЖАҢА КАРАНТИН

Алматының жайлы аудандарының біріндегі сұлулық салонында шаштараз болып жұмыс істейтін Арайдың карантин алдындағы соңғы жұмыс күні қауырт өтіп жатыр. Оның жұмыс кестесі тығыз — клиенттер 5 шілдеден бастап күшіне енетін карантинге дейін шашын қидырып үлгеруге асық. Әйелдердің шашын қиып, күн көретін Арай ертеңнен бастап құрал-жабдығын ұзақ уақыт қолына алмайды.

Шаштараздар мен сұлулық салондары кемі екі аптаға жабылады. Қызмет көрсету саласындағы басқа кәсіпорындар мен бірнеше сауда нысандары да жұмысын тоқтатады. Коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны 47 мыңнан асып, ресми дерек бойынша, 198 адам COVID-19 вирусынан көз жұмған тұста, Қазақстан билігі “эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін” жаңа шектеулер енгізді.

— Оны (карантинді — ред.) тағы созатын шығар. Солай болатын сияқты. Үйде отыру қиын, — дейді Арай.

Қазақстанда коронавирустың тарауына байланысты жарияланған бірінші карантинді (карантин шектеулері 16 наурыз күні енгізіліп, мамырдың басынан бірте-бірте алына бастады) мектеп жасына дейінгі екі бала өсіріп отырған Арай қиындықпен өткізген. Сұлулық салоны жабылған, ал кәсіпкер төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған қызметкерлеріне жәрдемақы сұрап, мемлекеттік органдарға өтініш берген. Арай қолына тиген 42 500 теңге (100 доллардан сәл көп) жәрдемақыға ең қажет деген азық-түлік алған.

Көктемгі карантинде жабылып қалған дүкен есігіндегі жазба

— Жұмыссыз отырып, ақшадан қысылдық, — дейді ол. Әйтеуір Арайға тұрмыс қажетіне несие берген банк оны ай сайынғы төлемнен уақытша босатқан.

Мемлекет алдағы карантин кезінде жәрдемақы берілмейтінін ескертті. “Жәрдемақы төлеуге негіз жоқ. Қазақстандықтардың бәрі жұмысын жалғастыруы керек”, — деді 2 шілдеде вице-премьер Ералы Тоғжанов. Билік мыңдаған шаштараз, тырнақ шебері, косметолог, фитнес жаттықтырушы мен карантин кезінде жұмысы тоқтайтын басқа компания қызметкерлері қайда барып еңбек етуі керегін ашып айтқан жоқ.

ЖҰМЫС БАР, БІРАҚ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Алматы облысындағы Шамалған ауылының тұрғыны Нұрлан да алдағы карантинді ойлап, алаңдап жүр. Көктемдегі шектеулер Нұрланның отбасымен бірге былтыр ашқан кәсібіне қатты зардабын тигізген. Алматыдан 30 километр жердегі елдімекенде орналасқан шағын дәмхана жабылуға шақ қалған. Карантин кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары қонақтар қабылдамай, тек өзімен алып кету және жеткізу қызметі арқылы ғана жұмыс істеді.

— Азық-түлік мәселеге айналды. Дәмхана үлкен емес, сондықтан жүк көлігін жалдай алмаймын. Етті [Алматы] қаласында жұмыс істейтін жігіттер әкеледі. Олар жеңіл көлікпен жүреді, сондықтан карантин кезінде блокпосттан (Алматыдан шығаберістегі блокпост 19 наурыз күні қойылып, 1 маусымға дейін тұрды. Блокпосттан азық-түлік пен өзге де тұтыну тауарларын тасымалдайтын жүк көліктерін ғана өткізді) өте алмады, — дейді Нұрлан.

Шағын дәмханасы бар Шамалған тұрғыны Нұрлан.

Шағын бизнес иесі азық-түлік жеткізуден басқа мәселелерге де тап болған. Көктемгі карантин кезінде клиенттер саны күрт азайған. Нұрлан сауда көлемі 85 пайызға қысқарғанын айтады. “Адамдар қорқып, көшеге шыққан жоқ”, — дейді табысынан айырылу себебін түсіндірген Нұрлан.

Нұрланның отбасы бизнес ашуға алған несиесін карантин кезінде әзер төлеген. Олар ай сайын банкке 150 мың теңге төлеуі керек. Несиені уақытынан кеш төлесе, өсімақы қосылар деп қорыққан.

— “Несие мерзімін ұзартсаң, өсімақы қосылады, банк қара тізімге енгізеді” деген қауесет жүрді. Кәсіпкер үшін бұл қиын нәрсе. Кәсіппен айналысатын адамның қосымша табыс көзі болуы керек, кез келген сәтте қаржы мәселесі тууы мүмкін. Сондықтан банктермен мәселе болмауы керек, — дейді Нұрлан.

Кәсіпкердің ісі енді оңала бастағанда, елде жаңа шектеулер жарияланды. Бүгіннен бастап күшіне енетін кезекті карантин шараларының қатарында қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысына тыйым жоқ. Дәмханалар мен мейрамханалар “күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып”, жұмысын жалғастырады деп күтіліп отыр. Мұндай мекемелердің ішіне қолға арналған санитайзерлер қойылып, қызметкерлер маска мен қолғап киіп жұмыс істеуі керек. Нұрлан үшін еш өзгеріс болмағанымен, ол жаңа карантин кәсібіне кері әсер етіп, шығын келтіреді деп қауіптенеді.

“БІРАЗ УАҚЫТТАН КЕЙІН ОСЫНЫҢ АУЫР САЛДАРЫН КӨРЕМІЗ”

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегіне сәйкес, наурыздың басында Қазақстанда жүз адамға дейін қызметкері бар 304 мың шағын кәсіпорын болған. Комитеттің маусымдағы дерегінде бұл көрсеткіш 310 мыңға жеткен. Экономист Мұрат Темірханов ресми деректегі өзгеріс “негізгі жұмысынан айырылған адамдардың күнелту үшін шағын кәсіп ашуымен байланысты болуы мүмкін” деп санайды. Экономистің пікірінше, шын мәнінде шағын кәсіпорындардың көбі жұмысын тоқтатып, жабылып қалған.

— Олар әлі банкрот болмаған шығар. Өйткені бұл оңай шаруа емес, ол үшін ресми әрекеттер жасау керек. Бізде қызмет көрсету саласы экономикада үлкен үлеске ие. Дәл осы сала бәрінен көп зардап шегіп жатыр. Сондықтан қазір болмаса да, біраз уақыттан кейін осының ауыр салдарын көреміз, — дейді Темірханов.

30 маусымда Халықаралық еңбек ұйымы пандемияның 2020 жылдың екінші тоқсанындағы салдары туралы есеп жариялады. Ұйым сарапшыларының есебінше, әлемде жұмыс уақыты 14 пайызға қысқарып, 400 миллион адам тұрақты жұмыс орнынан айырылған. Бұл жұмыс уақыты 10,7 пайызға (305 миллион жұмыс орны) қысқарған бірінші тоқсанмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Халықаралық еңбек ұйымы еңбек нарығы қашан қалпына келетіні белгісіз екенін айтады.

Қазақстанда ресми жұмыссыздық деңгейі ұзақ жылдар бойы 5 пайыздан төмен болып келген. Экономистер бұл статистикаға күмәнмен қарайды, өйткені мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды (ресми жұмысқа тұрмаған, тұрақты табысы жоқ адамдар) жұмыссыздар қатарына қоспайды. Мамырда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздық деңгейі жыл соңына қарай 5,9 пайызға дейін өсетінін мәлімдеп, маусымда болжалды көрсеткішті 6,1 пайызға өзгерткен.

25 маусымда өткен брифингте еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов “Біздің есебіміз бойынша, [карантин] кезінде — наурыздың соңы-сәуірдің басында жұмысы мен табысынан айырылған адамдар саны 4 миллион 200 мыңнан асқан. Сәуір айынан бастап шектеу шаралары жеңілдеп, алына бастады. Біздің есебіміз бойынша, мамырда 1 миллион 140 мың адам, маусымда 700 мың адам жұмыссыз қалған”, — деді.

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Біржан Нұрымбетов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2 шілдеде жариялаған зерттеуінде дәл осы деректі келтіреді: көктемгі карантин алынбаған сәуірде “техникалық жұмыссыздар” саны 4,2 миллион адамды құраған. Мамырда бұл көрсеткіш 1,1 миллион адамға дейін қысқарған. Карантин шараларының көбі алынған маусымда “техникалық жұмыссыздар” саны 735 мың болған. 2020 жылдың бірінші тоқсанында, яғни, эпидемияға дейін Қазақстанда ресми дерек бойынша (тәуелсіз сарапшылар бұл деректің шынайылығына күмәнмен қарайды), 442 мың жұмыссыз саналған”.

Мемлекеттік еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуінде: “Мамандық бойынша коронавирус пандемиясынан көбіне кәсіби біліктілігі төмен, тұрақты жұмысы жоқ азаматтар, оның ішінде: даяшылар, жүк тасушылар, еден жуушылар, саудагерлер, аспаздар және т.б. зардап шеккен. Сала тұрғысынан алғанда, соңғы жылдары жұмыспен қамтудағы үлесі артып келе жатқан қызмет көрсету саласына көп салмақ түскен” делінген.

Есептегі сандық деректердің артында мыңдаған қазақстандықтың тағдыры жатыр.

Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының көшесінде жүрген адамдар.

Алматы іргесіндегі ауылда тұратын Нұрлан билік карантин шараларын күшейтіп, қоғамдық тамақтандыру орындарын жаппайтын шығар деп үміттенеді. Оның ата-анасы мен ағасы да осыған сенеді.

Алматылық шаштараз Арай алдағы екі апта не одан көп уақытта қалай күнелтерін білмей отыр. Ол өткен карантин кезінде біраз әріптесі тұрақты клиенттерін үйде қабылдағанын біледі. Бірақ “үйде кішкентай балаларым бар” деген Арай бұл әдіске жүгінбейтінін айтады.

Үйден жұмыс істеуге қарсы тағы бір фактор бар: карантин талаптарын бұзған азаматтарға айыппұл қарастырылған. 2 шілде күні вице-премьер Ералы Тоғжанов “Физикалық тұлғаларға 83 340 теңге (30 АЕК немесе шамамен 200 доллар), ал кәсіпкерлік субъектілеріне — 638 940 теңге (230 АЕК немесе шамамен бір жарым мың доллар) айыппұл салынады” деп мәлімдеді. Әзірге елде карантин талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік жүктейтін нормативті құжаттар жоқ. Бірақ үкімет келесі аптада азаматтар мен кәсіпорындарға айыппұл салуға мүмкіндік беретін нормативті акті қабылдауға уәде берді.