"Сені өртеп жіберемін". БҚО тұрғыны әйелі мен қыздарын өлтіргені үшін өмір бойына сотталды

Жадыра Жұмалиева 2020 жылдың наурызында.

Батыс Қазақстан облысындағы сот Серік Кафизовты әйелі мен екі қызы тұратын үйге өрт қойып, олардың өліміне тікелей себепкер болғаны үшін өмір бойына түрмеге қамалды. Сот сондай-ақ полиция қызметкерлеріне "алдын-алу жұмыстарын нашар жүргізгені үшін" жеке қаулы шығарды. Марқұм Жадыра Жұмалиева қайғылы оқиғаға дейін күйеуінен таяқ жегенін айтып, полицияға арыз жазған. Серік әйелін ұрып-соққаны үшін бес тәулікке қамалған. Оған қарсы "Біреудің мүлкін бүлдіру" бабы бойынша қылмыстық іс те қозғалған. Тергеу тараптардың келісімге келуімен тоқтаған.

30 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы ауданаралық арнаулы соттың судьясы Бақыт Ермаханов Серік Кафизовке үкім шығарды. Ол "Қатыгездікпен кісі өлтіру" және "Қасақана біреудің мүлкін бүлдіру" баптары бойынша өмір бойына түрме жазасына кесілді. Серік Кафизов өмірлік түрме жазасынан бөлек, марқұм Жадыра Жұмалиеваның ата-анасына 48 миллион теңге (45 миллион теңге – моральдық, үш миллион теңге – материалдық шығын) өтемақы төлеуге міндеттелді.

Кафизов сотта әйелі мен балаларын өлтіргісі келмегенін, үйдегі өрт "байқаусызда" шыққанын айтты. Сөзінше, ол Жадыраны қорқытпақ болып, өзімен бірге жанармай мен сіріңке алып барған. Бірақ "жанып тұрған сіріңке байқаусызда бензин құйылған бөтелкеге түсіп кеткен". Айыпталушы өрт басталғанда үйден жүгіріп шығып үлгергенін, денесінің кей тұсы жеңіл күйгенін, бірақ әйелі мен қыздарын "құтқара алмағанын" айтып, ақталды.

Серік үйден шығарда үстел үстіндегі пышақты алып үлгеріп, сыртта өз денесіне жарақат салған.

Марқұмның отбасы айыпталушының айтқандарына сенбейді. Олар Серік әуелі әйелін өлтіріп, кейіннен "қылмыстың ізін жасыру үшін" үйді әдейі өртеген деп есептейді.

— Жадыра мен Инабаттың денесі қатар табылған бөлмеде шағын болса да, терезе бар. Өрт басталғанда Жадыра тірі болса, өзін болмаса да, қыздарын құтқарып үлгерер еді, — дейді марқұмның әпкесі Жания Сүлейменова.

"БАЛАЛАР ҮШІН "БІРГЕ ТҰРЫП КӨРІҢДЕР" ДЕДІК"

Жадыра мен Серік Батыс Қазақстан облысы Тасқалы ауданындағы Ақтау ауылында туған.

— Олар бірге өсіп, бір-бірін ұнатты. Үйленеміз деп шешті. Біз қарсы болмадық, той жасап бердік, — дейді Жадыраның әкесі Ақболат Жұмалиев.

Жадыра Жұмалиева (оң жақта) бауыры Лунарамен бірге мектептегі жаңа жыл мерекелік шарасында. Желтоқсан 2019 жыл.

Жадыра 2010 жылы тұрмысқа шыққан. Екі жылдан кейін тұңғыш қызы Инабат дүниеге келген. Келесі жылы Айша туған.

— Алғашқы бес жылда бәрі тыныш болды, Жадырадан ешқандай шағым естімейтінбіз. Бірақ төрт жыл бұрын ол күйеуіне шағынып, менен көмек сұрап, үйіме көшіп келді. Бір ай не одан сәл көп уақыт тұрды. Кейін артынан күйеуі келіп, кешірім сұрады, істегенін енді қайталамауға уәде берді. Жадыра күйеуінің үйіне оралды, — дейді марқұмның әпкесі Жания Сүлейменова.

Ол дәстүрлі қоғамда әйелдің күйеуінен кетіп, ата-анасының үйіне қайтып барғанын ешкім құп көрмейтінін айтады.

— Бізде қыздың үйге қайтып келгені жаман саналады. Олардың балалары болды. Балалар үшін "Бірге тұрып көріңдер" дедік, — дейді Жания.

"ҮЙДЕН ШАШЫНАН СҮЙРЕП ШЫҒАРЫП, ҰРА БАСТАДЫ"

Жадыра үйіне қайтқаннан кейін әпкесі сіңлісінен еш шағым естімеген.

— 25 қаңтарда Жадыраның ата-анасының үйінде қонақта болдық. Жадыраның самайы көгергенін байқадым. "Серік тағы да ұрып жүр ме?" деп сұрадым. Ол "сиыр сауып жүргенде, малдың мүйізі тиді" деген жауап қайырды, — дейді Жания Сүлейменова.

Жадыраның әпкесі Жания Сүлейменова Серік Кафизовке үкім шыққаннан кейін. Орал қаласы, 30 шілде 2020 жыл.

Ақпанда үлкен отбасылық жиыннан кейін Серік қайын жұртында Жадыраны ұрып-соққан. Бұл жолы Серік әйелін екі сағатқа жуық қорлаған. Жадыраның әкесі жұмыста болған, ал анасы қызын құтқара алмаған. Серікті тоқтатуға полиция қызметкерлерінің ғана шамасы келген.

— Ол Жадыраның ата-анасының үйіне баса көктеп кірген. Жадыра күйеуі ата-анасының үйінде қол көтермейтін шығар деп ойлап, сонда барып тығылған. Бірақ отбасылық жиында ішіп алған Серік үйдегі екі есікті бұзып, Жадыраны шашынан сүйреп шығарып, ұра бастаған. Көлігіне отырғызып, электрошокермен ұрып, қорлауды жалғастырған. Осының бәрі екі сағатқа созылған. Полиция келгенде, Жадыра күйеуінен қашып құтылған, — дейді Сүлейменова.

Сол түннен кейін полиция "Біреудің мүлкін бүлдіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жадыраның денесіндегі ұрып-соғу іздері әкімшілік іске себеп болып, Серік бес тәулікке қамалған.

— Жадыраның әкесі вахтадан келгеннен кейін күйеубаласын үйінің есіктерін сындырғаны үшін кешіріп, қылмыстық іс тараптардың өзара келісімге келуімен жабылған, — дейді Сүлейменова.

Осы жағдайдан кейін Жадыра ажырасуға арыз берген. Қыздарын алып, күйеуінен бөлек тұра бастаған. Жания Сүлейменованың айтуынша, сәуірдің басында Кафизов татуласу үшін әйеліне келіп, үйге қайтуын өтінген.

— Жадырадан, ата-анасынан кешірім сұрады. Бірақ Жадыра енді күйеуімен бірге тұрмайтынын айтты. Оған қыздарымен көрісіп тұруға рұқсат берді, туыстарымен ара-қатынасын үзбеуге келісті. Ал Серік анасының көзінше Жадыраға "Сені өртеп жіберемін" деді, — дейді Сүлейменова.

Бірнеше күннен кейін сәуірдің 8-нен 9-на қараған түні Серік Кафизов Жадыра мен қыздары тұрып жатқан үйге барған. Іс материалдарына сәйкес, Серік сол түні мас болған. Ол өзімен бірге бес литрлік жанармай апарған...

"ЖАЗА ҚЫЛМЫСҚА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК"

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының Орталық Азиядағы кіші зерттеушісі Виктория Ким Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық тақырыбын "өзгеріссіз қалып отырған мәселе" дейді. Ол HRW ұйымының былтыр қазанда жариялаған "Қазақстан: тұрмыстағы зорлық құрбандарына жеткілікті көмек берілмейді" деп аталатын баяндаманы дайындауға қатысқан.

Баяндамада "Қазақстан билігі тұрмыстағы зорлыққа қатысты жеткілікті ескерту жасамайды және зорлық көрсеткендерді жауапқа тартпайды. Полиция әдетте әйелдерге қандай арнаулы әлеуметтік қызметтер мен қорғану механизмдері барын, уақытша паналайтын жерге қол жеткізуге және өзіне зорлық көрсеткен адамның жақындауына тыйым салатын қағаз алуға болатынын айтпайды. HRW құжаттарында полицияның әйелдерді арызынан бас тартып, агрессормен келісімге келуге көндіретіні тіркелген" деп жазылған.

Виктория Ким тұрмыстағы зорлық ауыр қылмыс екенін, мұндай әрекет үшін қылмыстың ауырлығына сай келетін қылмыстық жаза берілуі керегін айтады.

— Қатыгез күйеулер мен әйелдер тұрмыстағы зорлық үшін көбіне тек әкімшілік жаза ғана берілетініне үйреніп алған. Сондықтан зорлық-зомбылықты жылдар бойы көрсетеді. Агрессорды қылмыстық қудалау, оның ішінде сотқа тарту мүмкіндігі болса, бұл оларды тежейтін фактор болар еді, - дейді Ким.

"Үйдегі агрессорларды, әсіресе, әйелге бірнеше рет зорлық көрсеткен азаматтарды қатаң жазалау керек" деген пікірге Қазақстандағы тұрмыстағы және сексуалды зорлық мәселелерін көтеріп жүрген "НеМолчиKZ" қорының негізін қалаушы Дина Смаилова да қосылады. Ол қоғамдағы бұл құбылыстың жолын тек қатаң жазамен кесуге болады деп сенеді.

— Біраз уақыттан бері жалғасып келе жатқан зорлық болса, агрессорға көшеде біреуге бір рет қол көтерген адамға қарағанда екі есе көп жаза берілуі керек. [Ұзақ уақытқа жалғасқан ұрып-соғу] жазаны ауырлататын жағдай ретінде қаралуы тиіс. Әрине, әкімшілік емес, қылмыстық жаза қолданылуы керек. Өзін бұрыннан ұрып келе жатқан агрессордың қолынан қаза табатын әйелдердің үлесі өте жоғары. Яғни, бұл бірінші кезекте, агрессордың бұрын жеткіліксіз жазаланғанынан немесе мүлде жауапкершілікке тартылмағанынан болады, — дейді Дина Смаилова.

АУДИОЖАЗБА ҒАНА ҚАЛДЫ

Мамандар Кафизовтен психикалық ауытқушылық таппаған. Сот Жадыра күйеуінен таяқ жегенін айтып, бірнеше рет арызданып барған полиция қызметкерлеріне қатысты "алдын-алу жұмыстарын нашар жүргізгені үшін" жеке қаулы шығарды.

Жадыра мен қыздарының денесі қатты күйіп кеткендіктен, сот-медициналық сараптама олардың өлім себебін нақты көрсете алмады.

Кафизовтің туыстары сот отырыстарына қатысқан жоқ және оған адвокат жалдап беруден бас тартты. Сотта айыпталушыны мемлекеттік қорғаушы Анара Таужанова қорғады. Ол қорғауындағы азаматтың аппеляциялық шағым беру туралы шешімі әлі белгісіз екенін айтты.

Жадыраның әкесі Ақболат Жұмалиев.

Жадыраның әкесі Ақболат Жұмалиев мессенджердегі қызының туған күнімен құттықтап жіберген аудиожазбасын көрсетті. Ол Жадыраның салмақты үнмен әкесіне денсаулық тілеген жазбасын қайталап тыңдаудан жалықпайды. Әкенің телефонындағы отбасылық суреттерден Жадыра мен қыздары күлімсіреп қарайды.

Ақболат Жұмалиев үкіммен келісетінін, соттан дәл осындай жаза сұрағанын айтады. Сот олардың моральдық және материалдық шығын өндіру туралы өтінішін толықтай қанағаттандырған.

— Өтемақы сұрағанымызбен, біз үшін ақша маңызды емес. Ешқандай ақша қыздарымызды қайтара алмайды, — дейді Жания Сүлейменова.