"Тиын төлеп, тентіретіп қоймақ". Жері "мемлекет қажетіне" алынатындар қысым көргенін айтады

Тұрғындары басқа жаққа көшірілген Жезқазған (Рудник) ауылы, Қарағанды облысы.

Есігі балтамен бұзып қиратылған, жарықсыз, сусыз қалған үй. Қарағанды облысында бірнеше ауылдың тұрғыны мыс өндірісіне бола олардың жер телімін мемлекет қажетіне деп алып, өздерін тезірек көшіру үшін қысым көрсетіп жатқанына шағынады. Әкімдік тұрғындарға баспана ұсынып, оған көнбеген азаматтардың жерін күштеп тартып алуды сұрап, сотқа жүгінетінін айтады.

Қарағанды облысындағы бірнеше ауылдың халқын басқа жаққа көшіру туралы хабар 2011 жылы үкіметтің тиісті қаулысынан кейін тараған. Ол кезде аталған ауылдардан мол қоры табылған мыс кенін игерумен "Қазақмыс" корпорациясы айналысатыны айтылған еді.

Қазір Жезқазған, Крестовский, Весовая, Перевалка және Геологоразведочный (ГРП) ауылдары иен қалды деуге болады. Тұрғындардың бір бөлігі істі сот пен жерді мемлекет иелігіне мәжбүрлеп алуға жеткізбей, ерікті түрде көшіп кеткен, қалған бөлігі үй-жайы мен жеріне лайықты өтемақы алу үшін жылдар бойы күресіп келе жатыр.

Төрт ауылда барлығы 100 шақты отбасы қалған. Олар үйі, шаруашылығы мен кәсібі үшін лайықты өтемақы талап етіп, көшуден бас тартып отыр. Тұрғындардың кейбірі қысым көріп, "ескерту" алып жатқанын айтады.

"БІЗДІ ҚУЫП ЖІБЕРУДІ КӨЗДЕГЕН ШАБУЫЛ"

Жезқазған (Рудник) ауылының тұрғыны Тамара Децурдың азық-түлік дүкеніне ұры түскелі бері отбасы мүшелері кәсібін қорып, кезекпен дүкенде түнеп жүр. Тамараның айтуынша, парламент сайлауына бірнеше күн қалғанда, түн ішінде әлдекім дүкеннің терезесін сындырып, темір торды кесіп, ішке кіріп, тауардың бір бөлігін шашып кеткен. Бірақ дүкеннен ештеңе алмаған. Дәл сол түні ауылда қожайындары кетіп қалған тағы бір дүкен мен дәріханаға да ұры түскен. Тамара "ұрыны бәрібір таппайды" деп, полицияға арыз бермеген. Бірақ бұл оқиғаны "ескерту" деп қабылдаған.

Жезқазған (Рудник) ауылының тұрғыны Тамара Децур сүрілген үйінің орнында тұр. 20 желтоқсан 2020 жыл.

– Өйткені біз (көшу шартына – ред.) келіскен жоқпыз. Бұл – бізді осы жерден тиын ғана төлеп, қуып жіберуді көздеп жасалған шабуыл. Біз тіпті сайлауға да барған жоқпыз. Енді қайтеміз? Қолымызға қару алып, тағы қашан келер екен деп күтіп жатамыз ба? Неге адамдарды сонша қорлап, қорқытады? Неге бізге тиесілі нәрсені емес, өздері қалағанды ғана береді? Жеткілікті ақша беріңдер, у-шусыз кетеміз. Осы оқиғаға дейін бізбен тағы да келіссөз жүргізді. Бірақ біз билік ұсынған өтемақыға келіскен жоқпыз, олар екі есе аз ақша ұсынып отыр. Енді бізді осылай қорқытуға көшкен сияқты, – дейді Тамара Децур.

Жақында ол әкімдіктің Децур отбасының мүлкін мемлекет қажетіне күштеп тартып алуды сұрап сотқа арыз түсіргенін білген.

– Бізді әкімдіктің шартына келіспегеніміз үшін сотқа берді. Әкімдік өкілдері бізді көшуге үгіттеуге келген кезде өздерін телефонға түсірмеуді сұрайды. Суретке түсіріп алайықшы десек бізге ешқандай құжатты бермейді. Тек құжатқа қол қоюды талап етеді. Осының бәрі күмән туғызады, – дейді Децур.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мыс кенішіне бола жүздеген отбасыны көшуге мәжбүрледі

"БҰЛ ӨМІРІМІЗГЕ ҚАУІП ТӨНДІРУ"

Весовая ауылынан көшпей отырған санаулы тұрғындардың қатарында әпкелі-сіңлілі Индира және Гүлмира Сағымбаевалар да бар. Бір подъезде жалғыз қалған олар жақында қатты күйзеліске түсуге шақ қалған. Белгісіз біреу Сағымбаевалардың пәтеріне есігін тұтқасымен қоса жұлып алып кірген. Пәтердің ішінде оның аяғының ізі қалған, бірақ ештеңе қолды болмаған. Индира мен Гүлмира мұны өздерін бұл жерден тезірек көшіргісі келетіндердің жасаған ескертуі топшылайды.

Әлгі белгісіз адам Сағымбаевалар Сәтбаев қаласына азық-түлік алуға кеткен кезде пәтерге есікті бұзып кірген. Қазір Весовая ауылында бір де бір дүкен не дәріхана қалмаған. Сағымбаеваларға болған оқиғаны көршісі хабарлаған. Көрші әйелдер пәтерді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған.

– Бірден үйге жүгірдік. Бірінші қабаттағы есіктердің бұзылғанын көрдік. Көршіміздің есігін ашпай, балтамен шапқан. Біздің есігімізді сындырып кетіпті. Бірден полиция мен әкімдіктен адам шақырдым. Бұл – өмірімізге қауіп төндіру ғой. Бізді қорқытпақшы болған сияқты. Бірақ біз мұнда еркеліктен қалып отырған жоқпыз ғой, қираған ауылда өмір сүрудің өзі қорқынышты. Ауылда бірнеше отбасы ғана қалды. Үйге келетін суды тоқтатып тастады. Оны әуре-сарсаңмен жүріп қосып алдық. Кейін үй беретін болса, жағдайды осыншама ушықтырудың не қажеті бар еді? Тұрғындардың бірінші бөлігі көшіп болған кезде бізге "үш бөлмелі пәтер жетпей қалды" деді. Тағы да үй салуға уәде берді. Біз күттік. Қараша айында ғана бірнеше вариант ұсына бастады, – дейді Гүлмира Сағымбаева.

Осы оқиғадан кейін билік тұрғындарды көшіру процесін жылдамдатып, Сағымбаеваларға қалаға қоныс аударған адамдарға арнап салынған ықшамаудандағы үш бөлмелі екі пәтердің бірін таңдауды ұсынған. Олар жақында көшуге дайындалып жатыр. Гүлмираның айтуынша, пәтер жылы, бірақ жөндеу керек. Ол бұл ұсынысқа келісуден басқа амал қалмағанын айтады.

2020 жылғы желтоқсан айында мыс өндіру үшін тұрғындарын басқа жаққа көшіріп жатқан Крестовский ауылында әкімдіктің шартына келіспеген тұрғын Николай Случиктің үйі өртенген. Ол осыған дейін әкімдік өзін көшуге асықтырып жатқанын, барак типтес үш бөлмелі үйі жарық пен жылусыз қалып, белгісіз біреулер есігін бұзып кірмек болғанын айтып шағынған еді. Случик адвокат жалдап, лайықты өтемақы талап етіп, әкімдікті сотқа бермекші болған. Зейнеткер сұраған өтемақысын алмайынша үйін тастап кетпейтінін айтқан. Оған Сәтбаев қаласынан бір бөлмелі пәтер ұсынған, бірақ зейнеткер оны қазіргі үйіне айырбастауға лайық деп таппаған. Ол үйін "әдейі өртеген" деп санайды.

МҮЛІКТІ КҮШТЕП ТАРТЫП АЛУ

Азаттық тілшісінің қолына "атқару процесін бастау және жауапкерлерді мемлекет меншігіне өткен үйден көшіру" туралы құжат түсті. Онда әкімдік шартына көнбеген 14 отбасы көрсетілген. Енді оларды сот шешімі бойынша күштеп көшірмек. Құжатқа Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков қол қойған.

Децур отбасын алда әлі сот процесі күтіп тұр. Азаттық тілшісі ол туралы әкімдіктен пікір сұрады. Әкімдік өкілдері Децурдың мүлкін күштеп мемлекет меншігіне алуды сұрап сотқа арыз бергенін растады.

– Қазір Сәтбаев қалалық және ауданаралық арнаулы экономикалық сотында бұдан әрі жауапкер деп танылған Децурдың (күйеуі мен әйелі – ред.) иелігіндегі тұрғын үйлер мен бизнес нысандарына қатысты сот жүріп жатыр. Олар келісімге келуден бас тартқандықтан, енді барлық құқықтық қатынастар сот процесі аясында шешіледі, – деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков.

Әкімдік өкілдері пәтерінің есігі бұзылғанына шағынған әпкелі-сіңлілі Сағымбаеваларға қатысты "олардың тұрғын үй мәселесі оң шешілді, отбасы ұсынылған пәтерге көшуге келісті" деп хабарлады. Мемлекеттік қызметкерлердің айтуынша, Сағымбаевалар бұзылған есікті қалпына келтіруге көмектесу туралы ұсыныстан бас тартқан.

Жергілікті билік Азаттықтың тұрғындар көтерген басқа мәселелер жайлы сұрақтарына жауап берген жоқ. Мысалы, көшуге келіскен адамдарға қол қоюға ұсынылатын "ақпаратты құпия сақтау" туралы құжатта не жазылғанын айтпады. "Әкімдік ауылда белгісіз біреулердің дүкендер мен дәріханаларға бұзып кіргенін біле ме?" деген сұраққа жергілікті билік өкілдері "полицияға мүлікті бүлдіру фактісі жайлы арыз түскен жоқ" деп жауап берді.

Сәтбаев әкімдігі "тұрғындарға "моральдық қысым" көрсетіп, көшуге асықтырып жатыр, ауыл тұрғындары жарық пен жылусыз қалған" деген ақпараттарға байланысты "қазір ауылда қалған тұрғындардың бәрі коммуналдық қызметтің барлық түрімен қамтылған" деп мәлімдеді. Әкімдік жер телімі мен жылжымайтын мүлікті мемлекет қажетіне күштеп алу процесі жайлы берген бұлыңғыр түсініктемесінде ондай шара "ашықтық принципін сақтау арқылы жүргізілуі мүмкін екенін" айтты.

Жергілікті биліктің дерегінше, үш мыңға жуық отбасының жер телімі мен үйі мемлекет қажетіне күштеп алынатын аумаққа кіреді. Жергілікті тұрғындар "Қазақмыс" сияқты мыс өндіретін жекеменшік компанияның қалауын "мемлекеттік мүдде" деп есептеуге болмайды деп санайды. Халық өз ауданында жаңа мыс қоры жоғын, қазір кеннің қалған бөлігін барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Сарапшы Владимир Лаврик осыған дейін Азаттыққа "мұндай өндіру әдісінен жердің беткі қабаты опырылып, адам шығыны болуы мүмкін" деген пікір айтқан.

Тұрғындары көшіп жатқан ауыл аумағында мысты ашық және жерасты әдісімен өндіреді.

Азаттық "Қазақмыс" компаниясына да ресми хат жолдаған, бірақ кәсіпорыннан жауап әлі келген жоқ.