"ҮШ ИЛЛЮЗИЯ" ЖӘНЕ "ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ӨЛІАРА КЕЗЕҢ"
Қазақстанда 10 қаңтарда өткен парламент сайлауынан кейінгі ахуалды сараптаған Diplomat басылымының тұрақты авторы, сарапшы Паоло Сорбелло бұл науқан елде билік транзиті, саяси бәсеке және плюрализм сияқты үш иллюзияның бар екенін дәлелдеді деп қорытады.
"2019 жылғы наурызда қызметінен кеткеніне қарамастан, "жаңа" басшылыққа [Қазақстанның бұрынғы президенті] Нұрсұлтан Назарбаевтың көлеңкесі түсіп тұр. Қаңтардағы парламент сайлауы осы парадоксті дәлелдеді" деген Сорбелло елдегі билік тізгіні Назарбаевтың берік қолында деп санайды.
"Нұр Отан" - Назарбаевтың жеке партиясы, жеке болғаны сондай, ол – партияның төрағасы, оның үстіне логотипіндегі "Нұр" осы кезге дейін оның қолтаңбасының көшірмесі болды" дейді автор.
Оның тұжырымы бойынша, депутаттарды сайлауға қатысты жаңа ережелер "саяси лидерлердің партия тізімдерін толық бақылауға алуына жол ашты, сайлаушылар өз кандидаттарын таңдау мүмкіндігінен айырылды".
"Транзит, бәсеке және плюрализм деген сөздерді жиі естігенімізбен, бұлардың барлығы бос ұран болып қалғандай" дейді автор.
"Назарбаевтың басты мақсаты – кетсе де, саяси ортаны басқарып, теңгестіріп отыру болған. Орнынан түскелі екі жылдай болды, ол осы мақсатына жеткен сияқты. Билік балансына қатысты қаңқу сөзге қарамастан, Қазақстанның саяси элитасында аз ғана өзгеріс болды, ал бұрынғы ықпалды бизнесмендер жергілікті экономиканы сол қалпы уысында ұстап отыр" деп қорытады Сорбелло.
Оның айтуынша, экс-президенттің тақтан түспегенін дәлелдейтін басқа мысалдар бар. Мәселен, Тоқаев президент міндетін атқаруға кіріскен кезде Алматыда Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған "Нұр Отан" жастар қанатының өкілі Мәди Ахметов парламент мәжілісінің ең жас депутатына айналды. Ал 2020 жылы мамырда аяқ астынан сенат төрағасы қызметінен кеткен экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева билік партиясы атынан мәжіліске депутат болып қайтып келді.
Автордың айтуынша, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының сайлауды бақылау миссиясы (ДИАҚБ) Назарбаев тұсындағы тәрізді, биыл өткен сайлау да "әділ, еркін сайлау болмады" деп бағалады.
"НАЗАРБАЕВ БАСТАҒАН СОҚЫР ДА КЕРЕҢ ӨКІМЕТ СҮРЛЕУІ"
ЕҚЫҰ ДИАҚБ есебінде сайлауда "шынайы бәсеке болмағаны" да атап көрсетілді. "Бәсеке" деп жарияланған нәрсенің өзі Назарбаевтың "мызғымастығын" жасырып-жабатын иллюзияның бірі болды" дейді Сорбелло.
2020 жылғы маусымда Тоқаев парламенттегі саяси оппозицияның заңдылығын мақұлдайтын заңға қол қойды, бұл "елдің саяси өміріндегі бәсекені күшейтудің алғашқы қадамы деп әспеттелді". Алайда, іс жүзінде "Нұр Отан" "гегемониясы" "парламентті Назарбаев бастамаларын [жүзеге асыратын] кеңсеге айналдырып жіберді". Автордың айтуынша, елде оппозициялық партиялар "саяси сахнаға шығудан де-факто шеттетілген". Сайлаудан соң Тоқаев үкіметте екі министрді ғана алмастыру арқылы "билік тепе-теңдігін сол күйі өзгеріссіз қалдырды", "бұл да саяси және институттық тұрғыда сабақтастықты білдіреді" дейді автор. Себебі, бұл үкіметтің негізгі бөлігі Назарбаев қызметінен кетерден төрт апта бұрын ғана тағайындалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңа мәжіліс, ескі спикер, Тоқаевтың кезекті уәдесіАвтордың айтуынша, 2021 жылғы мәжіліс сайлауын кей сарапшылар "Қазақстан демократиясы сыналатын тұс емес, түрлі элиталардың "қойылым қарсаңындағы дайындығы" деп болжаған. "Ауыл" және "Адал" партияларының 7 пайыздан артық жинай алмауы элиталар арасындағы нағыз соғыс кейінгі қалдырылды дегенді білдіреді" деген Diplomat "Адал" партиясының басшысы Серік Сұлтанғалиевтің газ тасымалдаушы монополист "Қазтрансгазды" басқарғанын, яғни Назарбаев отбасына жақындығын еске салады.
Автордың айтуынша, Назарбаев орнынан кеткенде "өзгеріске деген сұраныс" қатты болып, "ескі режим кезінде жинақталған энергия көшелерде көрініс тауып", демонстрация көбейген әрі "саяси орта түрлі ұйымдармен толығады деген үміт оянған". Алайда, олар "режимнің қатаң қолының құрсауынан құтыла алмады" деген автор белсенділерді тұтқындау мен қуғын-сүргіннің тыйылмағанын айтады.
Ондаған белсенді қоршауға алынып, тұтқындалып жатқанда президенттің "үкімет наразы пікірлерге ешқандай репрессиялық әдісті қолданбады" дегенін айта келе автор Тоқаев "Демонстрация мен наразы халықтың үніне құлақ аспайтын Назарбаев бастаған соқыр да керең үкіметтің сүрлеуімен құйғытып барады" деді.
"Сарапшылар "Назарбаев дәуірі" тарауын жапқаннан кейін ғана радикал реформалар, элиталар күресі және биліктегі буындардың ауысуы туралы долбарлар шынымен және елеулі дәрежеде іске асуы керек, сонда ғана олар осы бір шегі жоқ "өліара кезеңді" көптен күткен күннің батуы, Қазақстанның жаңа заманының басы деп саралай алады" деп қорытады Паоло Сорбелло.
"ТАЛҒАМЫ БІРДЕЙ ДИКТАТОР САРАЙЛАРЫ"
Ресей саясаткері Алексей Навальныйдың Youtube-те 100 миллионнан астам қаралым жинаған "Путин сарайы туралы" екі сағаттық фильмі "Ресей президентін састырғаны байқалады" деп жазған Financial times әсіресе автократиялық елдер басшыларының "халықтың ашуына тиетініне қарамастан, сән-салтанат пен даңққа құмартатынын" айтады.
"Аква-дискотека, хоккей айдыны, алтын мен жауһардан жасалған қымбат бегемот мүсіндері – барлығы таңқалдырып, қорқыту үшін салынған" деп жазған басылым мұндай зәулім ғимараттардың көбі француз корольдерінің бекінісі болған Версаль сарайына ұқсас келетінін айтады. "Бірақ [олар Версаль сарайының] тағдыры қалай болғанын еске ала бермейді" дейді автор. Париж маңындағы сән-салтанатты сарай революция болып, патша құлаған соң музейге айналған.
"Коммунистік Румынияның соңғы басшысы Николае Чаушеску әдеттен тыс сарай салу үшін Бухаресттің біраз бөлігін сүргізген, "бірақ оны әрлеп біткенге дейін-ақ өлім жазасына кесілген" деп еске салады басылым.
Бұған қоса автор Ирак диктаторы Саддам Хусейннің 100 сарайы болғанын, Украинаның 2014 жылғы Еуромайдан революциясы кезінде елден қашқан президенті Виктор Януковичтің Межригорьедегі резиденциясын еске салады. Янукович кеткен соң жаңа билік оның резиденциясына журналистерді апарып, зәулім ғимаратты "жемқорлықтың символы" деп атаған.
Осындай сарайлар қатарында Зимбабве президенті Роберт Мугабенің Хараредегі резиденциясы мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап салынған Нұр-Сұлтандағы "Ақорда" да аталады. Автор "Ақорданың" АҚШ президенті отыратын Ақ үйге ұқсатып салынғанына назар аударады, "бірақ ол одан үлкен, күмбезді әрі терезесі айнадан жасалған" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев көптік етпей ме? Нұр-Сұлтанда экс-президентке тағы бір музей ашылдыАл Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Анкарадағы "1000 бөлмеден тұратын Ақсарайы Версальдан да үлкен" дейді автор.
"Бұл сарайлардың ішіндегі заттардан көп ой түюге болады. Онда салтанатты жиһаз бен алтын дәретхана, хрусталь балюстрада мен құрметті көсемдердің ақбозатқа мінген портреттері бар. Ал стиль – әркімнің өз қалауы. Диктаторлардың талғамына қарап, кекетуге қақымыз жоқ (бірақ барлығының талғамы бір сияқты)" деп жазады FT.
Автор диктатор басшылардың мұндай зәулім сарай салуға құмартуына олардың ішкі сенімсіздігі себеп деп санайды.
"Аздап француздарға келетін, өзгермейтін неоклассика стилінде, Версальға ұқсатып салынған олар сенімсіздік пен үрейді, легитимдіктің жоқтығын білдіреді" деп жазады автор.
"Олардың масштабы – иелігіндегі кең жерінің, шексіздікке ұласып жатқан билігінің белгісі, бұларды уақыт пен кеңістікке телудің амалы" деп жазады Financial Times.
Автордың жазуынша, Путиннің сарайы деген ғимараттың ішінде бар деп көрсетілген аквадискотека, казино, театр, стриптиз-клуб және хоккей айдыны "бос кеңістікті толтыруға" қызмет етеді. "Олардың покер ойнайтын, таяққа асылған биді бірге тамашалайтын бірер ғана досы бар, себебі диктаторлар параноидал, оқшау және жалғыз өмір сүреді" деп санайды автор.
"Диктаторлар үшін үй мен жұмыс арасында айырма жоқ, барлығы жұмыс, әрі бұл жұмыстың аты – образ қалыптастыру және қорқыту" дейді автор.
Your browser doesn’t support HTML5