Көкжиде кенішінің мұнайшылары тағы да ереуілдетті

Көкжиде кенішінде жұмыс істейтін "КМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп тұр. Ақтөбе облысы. 25 наурыз, 2021 жыл.

Ақтөбе облысы Көкжиде кенішіндегі "КМК Мұнай" компаниясының жүзге тарта жұмысшысы 25 наурызда тағы да ереуіл бастады. Олар "басшылық қаңтардағы жеті күндік ереуілден соң берген уәдесін орындамады" дейді. Кәсіподақ өкілі мұнымен келіспейді.

"Көкжидеде жаңбыр құйып тұр. Сағат екіден бері өндірістік базадағы аңғардың ішінде жиналып тұрмыз. Өндіріс басында инженерлер ғана жүр" деп хабарлады Азаттыққа аты-жөнін атамауды өтінген мұнайшы.

Екі айдан бері жаңа кәсіподақ құра алмай жүрген "КМК Мұнай" жұмысшылары "басшыларға қарапайым еңбеккер құқын қорғайтын кәсіподақтың керегі жоқ" деп санайды.

– Бүгін "КМК Мұнайда" жаңа кәсіподақ құрылуы тиіс болатын. Жұмысшылар бір жақ, жұмыс берушіні қолдаушылар бір жақ болып екіге бөліндік. Әділ сайлау болмасы айдан анық еді. Өйткені кәсіподаққа төраға сайланатын күні жұмыс беруші кенішке Ақтөбедегі кеңседен 50 адам алып келген. Оған Көкжидедегі инженерлік құрам қосылып, жүзден астам адам болды. Біз сайлаудың ашық өтуін талап еттік. Бірақ салалық кәсіподақ өкілдері дауыс беру жабық түрде өткізіледі деп шешті. Әділ сайлаудың болмасын білгендіктен екінші ереуілді бастадық, – дейді "КМК Мұнай" жұмысшысы.

"КМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары кәсіподақты сайлау ережесімен келіспей ереуіл бастады. Көкжиде кеніші, Ақтөбе облысы. 25 наурыз, 2021 жыл.

Қарапайым еңбеккерлер құқын қорғайтын ұйым құрылмаған жағдайда мұнай өндірісі тоқтайтынын жұмысшылар "КМК Мұнай" компаниясының президенті Ван Цзиньбаоға бір ай бұрын хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талабымыз орындалатын болды". Ақтөбе өңірінде мұнайшылар ереуілді тоқтатты

– Қаңтардағы жеті күндік ереуіл кезінде біз қойған төрт талаптың бірі –кәсіподақ ұйымын қайта құру болатын. Сол кезде Ван Цзиньбао мырза "талаптарыңыз түгел орындалады" деді. Енді келіп "жұмыс беруші заң бойынша кәсіподақ ұйымының шаруасына араласа алмайды, оны өз орталарыңызда шешесіздер" деп отыр. Басшылардың "кәсіподақ жұмысына араласпаймыз" дегені әншейін сөз. Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ жоқтың қасы. Қалғандары жұмыс берушінің қолбаласы. Бізде де тап солай. Қаңтардағы ереуіл кезінде құқымызды қорғамаған ұйымға біз мүлдем сене алмаймыз, – дейді "КМК Мұнай" компаниясының тағы бір жұмысшысы.

Азаттыққа телефонмен сұхбат берген мұнайшылар жұмыс беруші қудалайды деп қорыққандықтан аты-жөнін атамауды өтінді.

САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛІНІҢ УӘЖІ

Қазақстан мұнайшылары салалық кәсіподағының Ақтөбедегі өкілі Жанжарық Күзембаевтың айтуынша, 25 наурыз күні Көкжиде кенішіндегі "КМК Мұнайда" жаңадан кәсіподақ ұйымы құрылуы тиіс болған.

– Жүз жұмысшы "ортамыздан лидер сайланбайтын болса, ондай ұйымның бізге қажеті жоқ" деп залдан шығып кетті. Оған дейін біз жұмысшылар талабымен бұрынғы төраға Талғат Исмағұловты орнынан алып тастағанбыз.Төрағалыққа инженерлік құрамнан бір адам, жұмысшылар арасынан бір адам ұсынылды. Енді дауыс беріледі деген кезде жұмысшылар кетті де қалды. Бұлайша буынсыз жерге пышақ ұруға болмайды ғой. Өндірісті тоқтатқаннан кімге не пайда? – дейді Қазақстан мұнайшылары салалық кәсіподағының Ақтөбедегі өкілі Жанжарық Күзембаев.

Өндірістік база аумағындағы аңғарда наразылық білдіріп отырған мұнайшыларға компания басшылары сағат 14:00-ден бері бірнеше мәрте келіп, әрекеттерінің заңсыз екенін айтқан, жұмысқа шығуға үгіттеген. Мұнайшылар оған келіспей отырғанын айтады.

2004 жылы құрылған "КМК Мұнай" компаниясы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мортық кеніштерін игеріп жатыр. 200-ден астам адам еңбек ететін бұл компанияға Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A. компаниясы мен Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.

ҚАҢТАРДАҒЫ ЖЕТІ КҮНДІК ЕРЕУІЛ ҚАЛАЙ БОЛЫП ЕДІ?

"КМК Мұнай" жұмысшыларының штаттағы қызметкерінің 80 пайыздайы ("жұмысшы" санатындағылар) 2021 жылғы 25 қаңтарда жалақыны 100 пайызға өсіріп, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, өндірісті тоқтатқан. Компания басшылығы бірінші ереуіл басталған күні жұмысшылардың еңбекақысын 20 пайызға өсіруді ұсынған, бірақ мұнайшылар оған келіспеген.

Мұнайшылар қаңтар айындағы ереуіл кезінде "КМК Мұнай" басшыларына төрт талап қойған. Соның ең бастысы – жалақыны 100 пайыз көбейту. Бұған қоса олар жатақхананы жөндеп, аз мәзірін жақсартуды, ереуілшілерге қысым жасамауды, кәсіподақты қайта сайлауды талап еткен.

"КМК Мұнай" компаниясы басшылығынан жалақыны екі есеге көбейтуді талап етіп, өндірісті тоқтатып, ереуілге шыққан жұмысшылардың бірі Ержан Еламанов. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 27 қаңтар 2021 жыл.

2021 жылғы 31 қаңтарда тараптар мәмілеге келіп, Азаттыққа мұнайшылар талаптары орындалатынын хабарлады. Ереуілден соң компания жұмысшылары 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, экологиялық төлемдер мен тарифтік разрядты қоса есептегенде айына 220-260 мың теңге (шамамен 520-615 доллар) аралығында жалақы алатын болған. Басшылар ереуілшілерді қудаламауға, кенішке жақын Саркөл ауылынан жаңа жатақхана құрылысын бастауға уәде берген. Ал ереуілшілердің жаңадан кәсіподақ ұйымын құру туралы талабы екі айдан бері орындалмаған.

Көкжиде кеніші Ақтөбе облысының Темір және Мұғалжар аудандарының шетінде, Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаштан 90 километр, облыс орталығы – Ақтөбеден 230 километр қашықтықта орналасқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік шетелдік мұнай компанияларына талап қоя алмайды"