Ресей Армения мен Әзербайжан шекарасын демаркациялау үшін бірлескен комиссия құруды ұсынды. Өткен аптада Ереван әзербайжан әскерінің Сюник және Гехаркуник облыстарындағы бірқатар елді мекендерге жақындағанын айтып айыптаған. Әзербайжан жағы Армения аумағына кіргенін жоққа шығарып, сарбаздар бар болғаны қыс айларында жете алмай қалған Әзербайжанның бірқатар ауданына барды деп мәлімдеді. Бакудегі сыртқы істер министрлігі Совет одағы құлағалы бері бұл аумақта демаркация жүргізілмегенін де атап өткен.
19 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Душанбедегі саммитіне қатысқан Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің шекара бойынша ортақ комиссия құруды ұсынғанын, бұл жолы да Ресей "араағайындық" танытуға дайын екенін мәлімдеді.
Былтыр күзде Таулы Қарабақта соғыс қайта жанданып, алты аптадан кейін Баку мен Ереван арасында Ресейдің араағайындық етуімен ортақ келісім жасалып, қантөгіс тоқтаған. Келісімге сәйкес, Таулы Қарабақтың бір бөлігі және 30 жыл бойы армяндар бақылауында болған сол маңдағы жеті аудан Әзербайжанға қайтарылды.
Арменияның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян армян тарабы ресейліктердің ұсынысын қарастырып жатқанын хабарлады. Бірақ Ереван "бұл бағыт бойынша қадам жасамай тұрып, әуелі Әзербайжан Арменияның суверенді аймағынан әскерін шығаруы тиіс" деп мәлімдеді.
Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, қазір тараптар арасында келіссөз жүріп жатыр. Ресми Ереванның хабарлауынша, 16 мамырда жүргізілген келіссөзден кейін "армян жағына өтіп кетті" делінген Әзербайжан қарулы күштерінің біраз бөлігі қайтқан. Алайда бір бөлігі Армения аумағында жүр.
Бұған дейін Ереван құрамында Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Беларусь және Тәжікстан бар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қайырылып, Әзербайжанмен шекара мәселесі бойынша кеңес өткізуді сұраған. Бұл ұйымға Әзербайжан мүше емес.
Былтыр жасалған келісімнің нәтижесінде Ресейдің бітімгер күштері Таулы Қарабақ маңына орналасқан. Сарапшылар осы келісімнен кейін Ресейдің Кавказда ықпалы күшейгенін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Армения билігі Әзербайжан әскерінің мемлекеттік шекарадан өтіп кеткенін хабарлады ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев пен Пашинян армян-әзербайжан шекарасындағы жағдайды талқылады