Қазақстандағы шенді-шекпенділер мен жақындары университеттерді қалай иеленді?

28 жылдық жекешелендіру реформасынан кейін Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарын шенді-шекпенділер иеленіп, университеттер непотизм, жемқорлық күдігі, мүдделер қайшылығы жайлы әңгімеге ілік болды.

Азаттық радиосының зерттеуінде анықталғандай, Қазақстандағы 130 университет пен колледждің көбі билікте жүргендердің, бұрын министр болғандардың және солардың туыстарына тиесілі.

Совет одағы құлаған соң, 1993 жылдан бастап Қазақстан жоғарғы оқу орындарын жекешелендіруге рұқсат етті. Содан бері оқу орындарын жекенің қолына беру қарқынды жүрді. Совет дәуірінен қалған колледждер мен университеттер акционерлік қоғамға айналып, оқу орындарына жартылай мемлекет, жартылай шенділер я корпорациялар ие болды.

Бақытжан Жұмағұлов.

Мәселен, жеке оқу орындарын ашқандардың қатарында бұрынғы білім және ғылым министрі, қазір сенат депутаты болып отырған Бақытжан Жұмағұлов пен оның отбасы бар. 67 жастағы Жұмағұлов – елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі. 2006 жылы биліктегі "Нұр Отан" партиясы құрылғанда Жұмағұлов төраға міндетін атқарған еді, ал келесі жылы Назарбаев партия басшылығын өз қолына алды.

Жұмағұлов елдегі ең ірі оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарды, мәжіліс төрағасының орынбасары да болды. Ол 2010-2013 жылдары білім және ғылым министрі болып тұрған тұста елдегі колледждер мен университеттер санын қысқартуға пайдақор басқа да тараптардан кедергі көп екенін айтқан еді.

"Әрбір жоғарғы оқу орнының артында Астанадан бір адам тұрады. Мүддесін қорғайды. Мұндай адамдар депутаттар корпусында, үкіметте, орталық органдарда бар. Олар жоғарғы оқу орындарын жаптыртпас үшін лобби жасайды" деген еді Жұмағұлов 2013 жылы журналистерге.

Алайда Азаттық тапқан ресми құжаттарда Жұмағұловтың әйелі Валентина Жұмағұлова мен ұлы Руслан Жұмағұловтың Қазақстанда бірнеше білім мекемесін, соның ішінде университетті иеленіп отырғаны көрсетілген. Валентина Жұмағұлова "Аккредиттация және рейтингтің тәуелсіз агенттігін" де иеленіп отыр.

Валентина Жұмағұлованың университет иеленіп отырғанын дәлелдейтін құжат.

Жұмағұловтың қызы Алина Жұмағұлова басқаратын бұл аккредитация агенттігі – мемлекеттен тапсырыс алып, жоғарғы білім сапасын бағалайтын жекеменшік мекеме.

Қазақстан ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың да жақындары да колледждер мен университеттердің иесі. Жұрынов 1995-97 жылдары білім министрі болған, сол кезде елде жекеменшік оқу орындарының саны күрт артқан еді.

Мемлекеттік тіркеу құжаттарына сай, оның ұлы Ғалымжан Жұрынов – Шымкентте 1998 жылы құрылған Халықаралық гуманитарлық және техникалық университетінің иесі. Бұл оқу орны ақпанда Мардан Сапарбаев атындағы университетпен бірігіп, Орталық Азия инновация университетіне айналды. Ғалымжан Жұрынов бұл оқу орнының құрушылардың біріне айналды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстандағы университеттер кімнің меншігі?

Азаттық тіркеу құжаттарына сүйене отырып жасаған зерттеуінде тағы да ондаған оқу орнының Назарбаев маңында жұмыс істегендерге, Назарбаевпен тығыз байланыста болғандарға, депутаттарға, экс-министрлердің туыстарына тиесілі екенін анықтады.

"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОҒАРЫ БІЛІМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЗІРГІ АХУАЛДЫ КӨРСЕТЕДІ"

Қазақстанда шенеуніктерге, министрлерге колледж я университет иеленуге тыйым салатын заң жоқ. Ал Орталық Азиядағы жоғарғы оқу орындары бойынша сарапшы Элиза Анның айтуынша, Қазақстанда оқу орындарынан бөлек жүйенің өзінде "жемқорлық пен непотизм жоғары" дейді.

"Мұндай әрекеттер университеттердің заңдылығына, жалпы жүйеге көлеңке түсіреді" дейді Висконсин-Мэдисон университеті халықаралық жобалар басқармасының жетекшісі.

Ан Азаттықтың университеттер жайлы зерттеуі Қазақстан саясатындағы мәселені "кең ауқымда көрсетті" деп санайды.

"Қазақстанның институционалды ланшафтындағы непотизм мен жемқорлықты көрсететін сенімді зерттеу жасалған. Бұл бір жағдайды я бір секторды ғана емес Қазақстандағы жоғарғы білімдегі қазіргі ахуалды шынайы көрсетеді" деді ол.

Сарапшының пайымдауынша, білім саласында жұмыс істеген шенеуніктер "жүйемен таныс және сол жүйедегі әдістерді ұстанады". Элиза Ан Жұмағұлов отбасының "Аккредиттация және рейтингтің тәуелсіз агенттігіне" иелік етуі Батыста мүдделер қайшылығы деп қабылданар еді деп санайды.

"Егер сіз аккредитациялау органы болсаңыз, әсіресе жеке меншік секторда, онда сіз өзіңіздің бәсекелестеріңізді бағалайсыз. Бұл жерде бәсекелестік тұрғыда мүдделер қайшылығы бар" дейді ол.

Қазақстанда мұндай істі заңсыз деп танитын мүдделер қайшылығы туралы да заң жоқ.

Ан Қырғызстанда да "оқу орындарының бұрынғы басшылары мен оқытушылар жұмыс істейтін аккредитация агенттіктерінің саны күрт өсіп келе жатқанын" айтады.

Софиядағы қолданбалы саясат орталығының мүшесі (Center for Applied Policy), зерттеуші Михайло Милованович Орталық Азияда мұндай мәселелер тек академиялық мекемелермен шектелмейтінін айтады.

2018 жылы International Higher Education журналында жарияланған зерттеуде Милованович "шенеунік өзі лобби жасайтын және жұмыс істейтін секторынан пайда табуды көздесе" мүделелер қайшылығы үлкен проблемаға айналатынын ескерткен.

Милованович 2016 жылы Армения, Босния және Герцеговина, Хорватия, Ресей және Украинада білім министрлері мүдделер қайшылығы бойынша басы дауға қалғанын атап өткен.

International Higher Education журналында жарияланған зерттеуде Армения, Әзербайжан, Хорватия, Молдова, Сербия, Украина білім министрлерінің орынбасары; Армения, Қазақстанда білім саласындағы шенеуніктер де мүдделер қайшылығына қатысты айыпталғаны айтылады. Бұл елдерде мемлекеттік қызметтен кеткен шенеуніктер "жолын тауып" университеттерден қызмет алған.

СОВЕТ МҰРАСЫ ЖӘНЕ "ДИПЛОМ ФАБРИКАЛАРЫ"

Совет одағына дейін Қазақстанда университет я колледж болмаған. Совет шенділері 1920 жылдардың ортасында халыққа жаппай білім беру мақсатында бес оқу орнын ашып, мұғалімдер мен мамандарды дайындай бастады. Елде алғашқы оқу орындарының бірі Алматыдағы Киров атындағы Қазақ ұлттық университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) құрылды.

Ондаған жыл бойы бұл университет бірнеше факультеті бар "классикалық" жоғарғы оқу орны болды. Қазір ҚазҰУ - елдегі ең ірі жоғарғы оқу орны әрі "ұлттық" статусы бар санаулы мекеменің бірі. Бұл оқу орны әлі мемлекеттің иелігінде.

Совет шенділерінің басты мақсаты – соның ішінде халықтың сауатын арттыратын, Компартияның идеологиясын халыққа жеткізетін мамандар дайындау болды. 1927-1932 жылдары Совет одағы Қазақстанда 15 жоғарғы оқу орнын ашты. Олардың қатарында медициналық және ауыл шаруашылық саласындағы университеттер де болды.

Советтік басшылар Қазақстанда 1970 жылдарға дейін оқу орнын ашуды жалғастырып, елдегі негізгі секторларда, соның ішінде мұнай саласында мамандар дайындады. 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан Совет одағынан тәуелсіздік алған кезде елде 55 колледж, кәсіби мектеп және университет болды. Бірақ бұл оқу орындары совет заманынан қалған мұралардан зардап шекті. Жылдар бойы саяси идеологияға басымдық берген оқу орындары білім саласындағы халықаралық стандарттарға бейімделіп кете алмады.
Көбі қаржы жағынан, оқытатын мамандықтарының аздығынан зардап шекті.

Назарбаев білім беру Совет одағынан шыққан Қазақстанға әлемдік экономикадағы бәсекеге бейімделуге көмектесті деп мәлімдеді. Назарбаев пен оның билігі елдегі білім беру сапасын халықаралық стандартқа көтереміз деп реформалар жасап, нормативтік базаларды өзгертті.

1993 жылы қабылдаған Жоғарғы білім беру туралы заң жекеменшік колледждер мен университеттердің жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Бірақ бұл оқу орындары білім және ғылым министрлігінің бақылауында болуы тиіс еді. 1996-97 жылдары елде тағы 32 колледж бен университет ашылды. Оның көбі жекеменшік болды.

1990 жылдардың соңында елде жоғарғы білім беру орындарының саны 114-ке жетті.

Қазақстандағы білім саласындағы тағы бір үлкен реформа 2000 жылы жасалды. Сол кездегі заңнама Совет одағында құрылған оқу орындарын жартылай жекеменшікке беруге жол ашты. Бұл жүйе елдегі көптеген оқу орнын акционерлік қоғамға айналдырды. Яғни, акционерлік қоғам статусын алған оқу орнының жартысы мемлекетке, жартысы жеке адамдарға я компанияларға тиесілі болды. Тек "ұлттық, мемлекеттік статусы" бар университеттер мемлекет меншігінде қалды.

Көп жағдайда университетті алған жеке адамдардың я компаниялардың төлеген ақшасы және акциялары құпия болып қалды. 2000 жылдардың басындағы реформалардан соң жекеменшік оқу орындарының саны күрт өсті. Осыдан соң елдегі жоғары оқу орындарының саны 160-ға жетті.

Бірақ сарапшы Элиза Ан оқу орындарын басқару және ашықтықтың жоқтығы үлкен мәселеге айналғанын айтады. Оның сөзінше, кейбір университеттер мен колледждер "диплом фабрикасына", кейбірі білім бермейтін, тек "пайда табуды көздейтін" жерге айналған.

"Жұрт білім емес, жай бакалавр және магистр деңгейін алып шығу үшін ақша төледі. Білім және ғылым министрлігі оқу орындарының күрт өскеніне назар аударып, оқу орнының көптігі білім сапасы жағынан тиімсіз екенін түсінді. 2010 жылдардан бастап елдегі оқу орындарының саны азайғанын байқадық. Әр түрлі салада білім беретін мекемелердің саны 20 пайызға дейін қысқарды" дейді Ан.

Кейінгі уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде жоғарғы оқу орындарының санын өсіру туралы қайта айта бастады. Қарашада Тоқаев президент әкімшілігі ғылым, технология, инженерия, математика, цифрлы технология саласында жаңа 20 оқу орнын ашқысы келетінін айтты.

"Тоқаев жаңа оқу орындарын ашуды өзінің әкімшілігінің негізгі мақсаты ретінде көрсетті" дейді Ан. Сарапшы мұндай шара Өзбекстанда да жүріп жатқанын, бұл елдің президенті Шавкат Мирзияев те жоғарғы білім беру саласын әртараптандырып жатқанына көңіл аударады.

Элиза Ан Қазақстанға жоғарғы білім беру саласын халықаралық нормаға сай келетін деңгейге көтеру үшін "ашықтық және оқу орындарының бәрін бақылайтын басқару жүйесі керек" деп санайды

"Қазақстандағы жеке меншік университеттердің айналасында жасырын компаниялар мен белгісіз адамдар көп, ақпарат аз. Жемқорлық жайлаған. Ақшаның акционерлік қоғамдар арқылы қалай жылыстағаны жайлы дерек аз, ал акционерлік қоғамдарда қаржылық саясаты көбінесе белгісіз болып келеді" дейді ол.

Сарапшы акционерлік қоғамдарда басқару жүйесі анық емесін, мүдделер қайшылығы жайлы нақты ереже болмайтынын айтады.

"Бұл да қаржының қайдан келіп жатқанын анықтауға, шешімдер кімнің мүддесі үшін қабылданатынын білуге кедергі келтіреді" дейді сарапшы.

Осы тұста Қазақстанда оқу орындарының өздері жоғары білім саласында сабақ беру және білім алу бойынша этикалық нормалар қалыптастыруға тырысып жатыр. Мәселен, елдегі белгілі университеттер академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары мен стандарттарын жасау үшін "Академиялық адалдық лигасын" құрған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Құрылтайшысына емес, білім сапасына қарау керек". Аймағамбетов Азаттықтың ЖОО иелері жайлы зерттеуіне пікір білдірді