Қазақстанда кейінгі тәулікте 3130 адамнан коронавирус табылғанын 10 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Қазақстанда коронавирус пандемиясы басталғалы бері вирус жұқтырғандар саны бойынша тағы бір рекорд тіркелді.
Кейінгі мәліметте 8 шілдеде елде коронавирустан – 33, "коронавирус пневмониясынан" 5 адам қайтыс болғаны айтылған.
Қазақстанда коронавирустың аса жұқпалы "дельта" штамы тарап жатқан тұста, шілденің басынан бері тәулік сайын анықталатын коронавирус жұқтырғандар саны үш мыңнан асып отыр.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда былтырғы наурыздан бері 451 130 адамнан коронавирус анықталған. Бірақ кейбір сарапшылар елдегі шынайы жағдай басқаша - вирус жұқтырғандар бұдан әлдеқайда көп деп санайды.
Қазір елде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары вирус жұғу қаупі көп "қызыл аймақта", Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары вирус тарауы жағынан орташа "сары аймақта" тұр. Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары – "жасыл аймақта".
8 шілдеде елде 112 адамға коронавирус пневмониясы деген диагноз қойылды. ПТР нәтижесі теріс, бірақ симптомдары коронавирусқа ұқсас "пневмония" статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келеді. Министрлік мәліметінше, содан бері елде 57 742 адам осы "пневмонияға" шалдыққан.
Ресми дерекке сай, пандемия басталғалы Қазақстанда 4609 адам коронавирустан, 3486 адам "пневмониядан" қайтыс болған. Бірақ бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны анықталған мыңнан аса марқұм енбей қалды. Министрлік құрған комиссия олардың қазасына басқа дерт себеп болды деп тапқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Екпе алмағандар биореакторға айналады". Қауіпті штамдар қалай пайда болады?Министрліктің дерегінше, 9 шілдеге дейін елде 4,2 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2,38 миллиондай адам екі дозасын да алған. Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, HayatVax (БАӘ елінде дайындалған Қытайдың екпесі), қытайлық Coronavac екпесін салып жатыр.
Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған 37 мыңнан астам адам емделіп жатыр, оның 12 мыңға жуығы стационарда жатыр.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, қазірге дейін әлемде 186 миллионға жуық адамға коронавирус жұғып, төрт миллионнан астам науқас көз жұмған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Екпе алмаса, қауіп көп. Басқа амалымыз жоқ". Иммунолог вакцинаның пайдасы мен "чиптеу" жайлы не айтты?