Ереуіл жайлаған Жаңаөзен

Жаңаөзен әкімдігіне жиналған "Батысгеофизсервис" жұмысшылары. 19 шілде 2021 жыл.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында маусымның соңында басталған ереуілдер тізбегі толастамай тұр. Негізгі талап – еңбекақыны көтеріп, жұмыс жағдайын жақсарту. 19 шілдеде бірнеше мекеме ереуілге қосылды. Олардың дені – мемлекеттік "Өзенмұнайгаз" компаниясына қызмет көрсететін мекеме жұмысшылары. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы да осы компания жұмысшыларының еңбек дауынан тұтанған.

ПАЛАТКА АСТЫНДАҒЫ БЕС КҮН

Маңғыстауда мұнай және газ конденсатын өндіретін "Өзенмұнайгаз" компаниясына қызмет көрсетететін "МұнайСпецСнаб компани" мекемесінің 130-дай көлік жүргізушісі өткен аптадан бері ереуілді тоқтатпай, палатка астында отыр. Олар басшылыққа жалақыны 100 пайыз өсіріп, жұмыс жағдайын жақсарту сияқты 11 талап қойған. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, оларға алғашқы күндері ғана биліктен адамдар келіп, бұл ереуілдің заңсыз екенін айтып, комиссия құруды сұрап, кетіп қалған. Басшылық отыратын мекеме есігі жабық, ішке ереуілшілердің өкілдерін кіргізбейді дейді ереуілшілер.

Жалақыны өсіруді талап етіп, палатка астында ереуілдеп жатқан "Мұнайспецснаб" жұмысшылары. Жаңөазен, 19 шілде 2021 жыл.

– Осы айдың жалақысын берген жоқ. Бала-шағамызға алып беретін азық-түлік те жоқ. Сосын кеше көліктің кілтін тапсырған кезде ондағылар "енді сен кете бер, жұмыстан шықтың" деді. Енді не істейтінімізді білмейміз. Үйге барайық десек, үйдегілер сені жұмыстан шығарып жіберді деп айта бастайды, – дейді Өмірбай есімді жұмысшыКомпания басшылығы ереуіл ұйымдастырған жұмысшыларды жұмыстан шығарып, орнына басқа адамдарды алып жатыр деген ақпарат та тарады. Өткен жұмада Азаттыққа берген сұхбатында "МұнайСпецСнаб" мекемесінің директоры Ерлан Сәбиев жүргізушілердің кей талаптары орындалып жатқанын, бірақ бәрін бірдей орындай алмайтынын айтқан және міндетін орындамаған жүргізушілерге жұмыстан шығару туралы ескерту беретінін айтқан.

19 шілдеде Азаттыққа сұхбат берген Ерлан Сәбиев ереуілдеген жүргізушілерді "еңбек шартын сақтамады, үш сағаттан артық жұмыста болмады" деп сотқа бергенін хабарлады.

– Оларды сотқа бердім. Себебі заң бойынша олар ереуілде тұрғанда жұмыстан шығара алмаймын. Араларында ереуілді тоқтатып, жұмысқа шыққандар да бар, бірақ қанша адам екенін айта алмаймын. Өндіріс тоқтап қалды, 30-40 адамды үш ай сынақ мерзімімен жұмысқа алдым. Қалған жетіспеген жұмыс күшін жалдамалы жұмысшымен толықтырып жатырмын, – деді ол.

САҒАТЫ – 1 МЫҢ ТЕҢГЕ

Мемлекеттік "Қазмұнайгазға" қарайтын "Өзенмұнайгаз" компаниясына тасымалдау қызметін көрсететін Kunan holding мекемесінің 200-ден астам жүргізушісі 19 шілдеде ереуіл бастады. Олар компания басшылығынан жалақыны өсіруді талап етеді.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, мұнда мекеме көлігін айдайтын жүргізушілер мен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапсырыс орындайтын адамдар бар. Алғашқы топ жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етіп отыр. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер сағатына төленетін ақыны 1000 теңгеден 1300-ге дейін ұлғайтуды талап етеді

– Мекеме көлігін айдайтын жүргізушілер 76-100 мың теңге аралығында айлық алады. Ал біз жалданбалы кәсіпкерлердің ақысы сағатына есептеледі. Бізге сағатына 1000 теңгеден төлейді. Неше жылдан бері осы тариф келе жатыр. Өзгеріс жоқ. Біз осыны 1300-ге дейін өсіруді талап етеміз, – дейді кәсіпкер Бекбол Пегамов.

"Құнан холдинг" компаниясының жұмысшылары ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, 19 шілде 2021 жыл.

Ал Kunan holding басшысы Асхат Меңдібаев 15 шілдеде жеке кәсіпкерлер ақысын 1000 теңгеден 1030 теңгеге, штаттағы қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға көтергенін айтады. Оның айтуынша, мекеме көлігін айдайтындардың ең төменгі жалақысы – 80 мың теңге, ең жоғарысы – 160 мың теңге. Жеке кәсіпкерлердің орташа айлығы 200 мың теңге.

Ақпаратқа қарағанда, штатта – 63 жүргізуші, жеке кәсіпкер ретінде 172 адам жұмыс істейді.

"ҚАЗМҰНАЙГАЗ" ҚЫЗМЕТ ҚҰНЫН КӨТЕРЕ АЛМАЙ ОТЫР"

19 шілдеде ереуіл бастаған тағы бір мекеме - "Өзенмұнайгаз" ұңғымаларына геофизикалық зерттеу жүргізетін "БатысГеофизСервис" компаниясы. Ондағы 150-дей қызметкердің үштен бірі бірнеше талаппен ереуілге шықты. 19 шілдеде 30 шақты адам Жаңаөзен қалалық әкімдігіне барып, арыз қалдырды, прокуратураға да арызданатынын, әрі қарай кеңсе алдында ереуілдететінін айтты.

Жұмысшылар басшылыққа бірнеше талап қойып отыр: жалақыны 50 пайызға өсіру, ақылы еңбек демалысын 30 күнге дейін ұзарту, демалыс күндерін нақты әрі заңды түрде кесте бойынша бекіту және ереуілдеген жұмысшыларды қудаламау.

– Біз денсаулыққа зиянды қалдықтармен жұмыс істейміз. Ауа райына қарамастан еңбек етеміз. Жұмыста демалыс жоқ. Демалысты тұрақты әрі заңды түрде бекітіп берсін. Жылына ақылы 24 күн демалыс беріледі. Біз оны бір айға дейін ұзартуды талап етіп тұрмыз, - деді партия бастығы Оразымбек Сапақов.

Your browser doesn’t support HTML5

"Айлық ештеңеге жетпейді". Жаңаөзенде тағы бір мекеме жұмысшылары ереуіл бастады

Жұмысшылардың айтуынша, олардың айлық жалақысы 70-80 мың теңге айналасында. Жұмыс ауыр әрі техникалық бөлшекті өздері сатып алады.

"БатысГеофизСервис" компаниясының басшысы Қанат Нұркенұлы Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "жұмысшылар талабын орындасақ, мекеме банкротқа ұшырайды" деді. Оның айтуынша, бір ай бұрын жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға артқан.

– Біз тендермен жұмыс істейміз. Тендердің ақшасы белгілі. Бізді жалдаушы компания ақша төлемейді. Бәрі "Өзенмұнайгаз", "Қазмұнайгаздың" қолында. Олар бізге қызмет құнын көтеріп берсе, онда [жағдай басқаша]. Олар көтере алмай отыр ғой. Тендер де өтіп қойды. Егер көтерсе, заңсыз болады, – деді ол.

"ЖАЛАҚЫ МӘСЕЛЕСІ ЕКІ ЖЫЛДАН БЕРІ КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ"

19 шілдеде Жаңаөзендегі тазалыққа жауапты "Тазалық-С" мемлекеттік мекемесінің 60 шақты жүргізушісі мен жүкшісі де жалақыны көтеруді, еңбек етуге дұрыс жағдай жасауды талап етіп жұмысты тоқтатты.

Олардың айтуынша, жалақы мәселесі екі жылдан бері айтылып келеді, бірнеше мәрте жиналыс өткенімен нәтиже болмаған.

– Айлығымыз – 60-70 мың теңге. Жалақымызды 100 пайызға көтеріп, тиісті еңбек демалысының ақысын және жалақымызды уақтылы беруді талап етеміз. Қымбатшылық болса қысып тұр, – деді компания кеңсесі маңына жиналған жұмысшылардың бірі.

Өзін "Тазалық-С" мекемесінің шебері деп таныстырған Бибігүл Кенжебаева да жұмыс істеуге мүлде жағдай жоқ екенін, жалақысы 62 мың теңге (145$) айтты.

– Арнайы киім, қолғап, сабын бермейді. Қолғапты соңғы рет екі ай бұрын алдық, қашан киім ауыстырғанымыз есімізде жоқ. Жұмысшылар бізден сұрайды, біз бастықтан сұраймыз. Зиянды еңбек үшін де ештеңе төленбейді, – дейді ол. Оның сөзін қоштаған Данагүл Унаева да "зиянды жұмыс үшін бір литр сүтті төрт күнге бөліп береді" деді. "Тазалық-С" мекемесінің бастығы Серік Тастанбаев болса мемлекет тариф бағасын көтермей, жалақы өспейді дейді.

– Біз өз арамызда жиналыс өткізіп, шешімін қарастырамыз. Нарықтағы бағаға байланысты барлық жерде жалақы көтеріп жатыр ғой. Бірақ біз үкімет белгілеген тарифпен жұмыс істейтіндіктен, тариф бағасы көтерілмей, "жалақы көтеріледі" деп кесіп айта алмаймыз, – деді ол Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.

"Тазалық-С" мекемесінде 219 адам жұмыс істейді. Мекеме бастығының сөзінше, ең жоғары жалақыны жүргізуші алады, сағатына 1000 теңгеден есептегенде, ай сайын 168 мың теңге (395$) беріледі. Ал жүкшілер 73 мың теңге (170$) жалақы алады.

КҮЗЕТШІЛЕР ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛДЫ МА?

Жаңаөзендегі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясың еншілес мекемесі "KMG-Security" күзетшілері бір апта ереуілден соң 19 шілдеде талаптары орындалғанын хабарлады. Сенбі күні түнде келісім комиссиясы қабылдаған хаттамаға сай, күзетшілер жалақысы олардың еңбек өтіліне қарай бөлінген санаттарға сәйкес төленетін болды.

Сенбі күні түнде "KMG-Security" компаниясы басқармасының бастығы Талғат Тоқалов қолы қойылған мөрі бар бұйрық қолдарына тиген соң күзетшілер тарқаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзенде күзетшілер ереуілге шығып, жалақы өсіруді талап етіп тұр

Бұйрыққа сай, тамыз айынан бастап жедел топтың аға күзетшісі еңбек өтілі мен санатына қарай - 136-150 мың теңге аралығында (шамамен 318-352$), жедел топтың күзетшісі мен жүргізушісі – 124-137 мың теңге аралығында (290-320$), ал еңбек өтілі ең аз күзетшілер 123-135 мың теңгеге (288-317$) дейін жалақы алатын болады.

Бірақ бұл шешім "KMG-Security" компаниясының тек Жаңаөзендегі күзетшілеріне ғана қатысты болуы мүмкін деген күмән бар. "Қаражанбасмұнай" кенішін күзетіп жатқан жұмысшылар басшылықтан әлі нақты жауап жоқ екенін айтты.

ЕРЕУІЛ НЕГЕ ЖИІЛЕДІ?

Кейінгі уақытта елдің мұнай кеніштері орналасқан батыс аймағында, соның ішінде Жаңаөзен қаласында жұмысшылардың жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдері жиіледі.

Шілденің басында "ӨзенМұнайГаз" компаниясының бұрғыларын жөндейтін "КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшылары бір апта ереуілдетіп, талаптарын ішінара орындатқан.

Жаңаөзендегі жедел жәрдем стансасының 45 жүргізушісі де екі күн ереуілден соң кейбір талаптарына орындатқан.

Азаттық тілшісі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, шілдеде Жаңаөзенде жиілеген еңбек дауына қатысты пікір сұраған. Қазақстандағы еңбек дауларын тікелей бақылап, мониторинг жасап отыратын еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті ресми сауал жолдауды сұрады.

Дәл осы Жаңаөзен қаласында 2011 жылы "Өзенмұнайгаз" және "Қаражанбасмұнай" компаниялары мұнайшылары жалақыны көбейтуді талап етіп бірнеше ай ереуілдеткен. Бұл ереуіл қантөгіспен аяқталды. 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде полиция наразыларға оқ атты. Ресми есеп бойынша, 16 адам мерт болып, жүзден астам адам жараланды. Жаңаөзендегі оқиғаның ертеңіне, 2011 жылғы 17 желтоқсанда Шетпе теміржол станциясында Жаңаөзендегі қырғынды айыптаған тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болып, тағы бір адам көз жұмды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Талаптарымыз ішінара орындалды". Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары ереуілді тоқтаттыҚазақстанда жұмысшылар ереуілі жиіледі. Себебі неде?"Прогрестің болмауы қынжылтады". HRW өкілі Риттман Қазақстандағы адам құқығы мен бостандығы жайлы