21 шілдеде тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының өкілдері мәлімдеме жасап, белсенді ардагер Мұрат Мұхаметжановты босатуды талап етті. Ақпаратқа қарағанда, ол 10 шілдеде Ақтөбеде "КСРО елтаңбасын жұлғаны үшін" бес тәулікке қамалған. Кейін яғни, 15 шілдеде "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" оның қамау мерзімі тағы 15 тәулікке ұзарған. Соңғы тағылған айып – маусым айының соңында Нұр-Сұлтанда өткен "Ел тірегі" митингісімен байланысты.
Сәрсенбі күні Нұр-Сұлтандағы баспасөз жиынына жиналғандар "тәжік-ауған соғысы ардагерінің" (1990 жылдары ауған-тәжік шекарасында әскери қызмет атқарғандар өздерін осылай атайды) денсаулығына алаңдап, оны тезірек босатуды талап етті. Олар белсендінің маусым айындағы билікті сынаған митингісіне байланысты "қудаланып отырғанын" айтып, Нұр-Сұлтан оны "мүлде босатпай қоя ма" деп алаңдайтынын жеткізді.
"Билік Мұхаметжановты қамап, денсаулығына қатер төндіріп отыр" деді жиынға қатысушылар.
Мұхаметжанов Ақтөбедегі уақытша қамау изоляторында 10 шілдеден бері қамауда отыр.
Шамамен бір жарым сағатқа созылған жиын барысында "Ел тірегінің" өкілі қатысушыларға спикерлерге қоятын "сұрақтар тізімін" таратты. Парақта "Мұхаметжанов саяси белсенділігіне байланысты қудаланып отыр деп санайсыз ба?" деген сияқты жетелеуші сұрақтар болды. Азаттық тілшісі ол жөнінде тіркелмеген партия өкілдерінен сұраған кезде "бұл жиын тақырыбынан ауытқымас үшін жасалып отыр" деп жауап берді. Жиында әскери киген адамдардың бірі спикерлерге сол сұрақтарды оқып берді.
Маусым айының соңында Нұр-Сұлтанда тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы мен 1990 жылдары ауған-тәжік шекарасында әскери қызмет атқарған ардагерлер жиналып, қорғаныс және әділет министрлерінің отставкасын талап еткен еді. Митинг кезінде ардагерлер мен көп балалы әйелдердің әлеуметтік жағдайының нашарлығы, партияны тіркеу қиындығы айтылды. Полиция оқиғаны бақылағанмен ешкімді ұстамаған.
"Нұр Отанның" бұрынғы мүшесі, бұрынғы депутат Нұржан Әлтаев жетекшілік ететін тіркелмеген "Ел тірегі" ұйымы наурызда елдегі оппозициялық күштердің "үйлестіру кеңесін" құру жөнінде бастама көтерген. Бірақ кейбір белсенділер оның билікке шын оппонент екеніне күмән келтіріп, кеңестің құрамына қосылмайтынын айтқан. Оның бастамасымен ұйымдастырылған шараларда билікке сын айтылғанмен оппозиция мен белсенділердің қудалануы, жемқорлық сияқты өткір мәселелер ашық қызу талқыланбайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Ел тірегі" мен ауған соғысы ардагерлері министрлердің отставкасын талап еттіТіркелмеген "Ел тірегі" партиясы әділет министрлігін сотқа беріп, жеңіліп қалдыӘділет министрлігі "Ел тірегі" партиясын құру ниеті туралы ескертуді қабылдамады Депутат Әлтаев "партия беделіне нұқсан келтіргені" үшін "Нұр Отаннан" шығарылды"Нұр Отанның" кандидаттар тізіміне енбеген мүшесі жаңа саяси партия құратынын хабарлады