Accessibility links

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы әділет министрлігін сотқа беріп, жеңіліп қалды


Нұржан Әлтаев "балама үкімет" жобасын таныстырып тұр. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2021 жыл.
Нұржан Әлтаев "балама үкімет" жобасын таныстырып тұр. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2021 жыл.

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының бастамашыл тобы әділет министрлігін сотқа беріп, жеңіліп қалды. Министрліктің партияны тіркемеу әрекетін заңсыз деп тануды сұраған "Ел тірегі" партиясының өтінішін жұма күні Нұр-Сұлтан соты кері қайтарды. Онлайн өткен сотта Есіл ауданы сотының судьясы А.Салимов "мемлекет органы тарабынан ешқандай қателік кетпеді" деген тұжырым жасап, бастамашыл топтың арызын қанағаттандырмады. Шағым түсіруші жақ шешімді апелляцияға беретінін айтып отыр.

Заңгер Ғалия Әмірбекованың сөзіне қарағанда, бастамашыл топ бұған дейін партияны тіркеу туралы үш рет өтініш берген. Бірақ министрлік бірнеше рет "тізімдегі адамдардың үшеуі қайтыс болған, екеуінің кім екені белгісіз" деп құжатты қабылдамаған. Бұдан соң "Ел тірегі" министрліктің бұл әрекетіне сотқа шағым түсірген.

– Біз соттан әділет министрлігі тізімдегі нақты қай адамдардың қайтыс болғанын нақтылап, дәлелдеп берсін дедік. Сот басында министрліктен "қайтыс болған адамдардың аты-жөнін көрсетіңіз" деп біздің өтінішімізді мақұлдағандай болған. Бірақ ақыры өтінішімізді қанағаттандырмай тастады. Министрлік те сол күйі олардың аты-жөндерін айтпады, – деді заңгер.

Жұма күні Азаттық тілшісі әділет министрлігіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Былтыр жылдың соңында мәжіліс мандатынан айырылып, "Нұр Отаннан" қуылғаннан кейін жеке партия құратынын мәлімдеген Нұржан Әлтаев партияны ресми түрде тіркете алмай жүргенін бұған дейін де мәлімдеген. Әділет министрі Марат Бекетаев қаңтар айында "егер олар біз көрсеткен қателіктерді жойса, өтініштерін қабылдаймыз" деп айтқан.

Нұржан Әлтаев наурызда елдегі оппозициялық күштердің "үйлестіру кеңесін" құру жөнінде бастама көтерген. Бірақ кейбір белсенділер оның билікке шын оппонент екеніне күмән келтіріп, кеңестің құрамына қосылмайтынын айтқан. Оның бастамасымен ұйымдастырылған шараларда билікке сын айтылғанмен оппозиция мен белсенділердің қудалануы, жемқорлық сияқты өткір мәселелер ашық қызу талқыланбайды.

Қарай отырыңыз: Қазақстанда оппозиция біріге ме? (17 наурыз 2021 жыл).

Қазақстанда оппозиция біріге ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Егер бұрын саяси партия тіркету үшін кемінде 40 мың адамның қолы қажет болса, жаңа өзгертулерге сай 20 мың адамның қолы жеткілікті. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттады. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынады.

Осыған дейін бірқатар саяси белсендінің партия тіркетуге талпынысы нәтижесіз аяқталған, олар билік тарапынан түрлі тосқауыл мен кедергіге тап болғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG