27 қарашада мәжіліс депутаты, "Нұр Отан" мүшесі Нұржан Әлтаев "Ел тірегі" атты жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Ұйымның құрылуына байланысты өткен онлайн жиында Әлтаев "елде халық сенетін, шындықты айтатын саяси күш жоқ" деп "халыққа жақын" саяси партия қажеттігін алға тартты.
"Халықтың әділдікке деген сұранысы өсті. Партия ең бірінші кезекте халыққа жақын болуы тиіс" деді ол.
Франция президенті Макронның мәлімдемесін сынау сияқты (кейбір қолданушылар депутаттың жазбасын популистік әрекет деп сынаған) соңғы кезде "ерекше белсенділігімен көзге түсіп жүрген" саясаткер "Нұр Отан" ұсынған кандидаттар тізіміне енбей қалған еді. Ол жұма күнгі жиында "партия тізіміне іленбегені де ұйым құруға түрткі болғанын" жеткізді.
Партияны таныстыру жиынында ол өзі депутат болып жүрген мәжілісте плюрализмнің жоқ екенін, өткір мәселе көтерілмейтінін айтып, осыған дейін "халық мүддесіне қайшы келетін баптардың" да депутаттар үнсіздігімен қабылданып кеткенін жеткізді. Сөз арасында бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "билікті сынаудан шошудың қажеті жоқ" деп жақында айтқан сөзін де мысал етті.
Осыған дейін кейбір қолданушылар оның алдағы уақытта "парламентте оппозицияның рөлін ойнайтын билікшіл партия" болатыны жайлы болжам айтқан. Дегенмен жиында бұл мәселе қозғалмады.
Жиынның негізгі тақырыптарының бірі саяси реформа болғанмен "саяси тұтқындарды босату", "белсенділердің қудалануы", "бейбіт жиынға қатысу құқығының шектелуі" сияқты өткір мәселелер айтылмады. Елде партия тіркеудің қиындығы айтылғанмен ол жайлы бастама авторлары аз айтты.
Онлайн жиынға қашықтан "Ақ жол" партиясының мүшесі Әлихан Бәйменов, Алматы менеджмент университеті ректоры Асылбек Қожахметов, экономист Олжас Құдайбергенов, ХАҚ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева т.б адамдар қатысты.
Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Қазір парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы иеленіп отыр.
Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.
ПІКІРЛЕР