Наталья Гаврилица Молдова премьер-министрі болып тағайындалды

Молдованың жаңадан тағайындалған үкімет мүшелері.

Еуропадағы ең кедей елдердің бірі Молдовада парламент жұма күні Наталья Гаврилица басқаратын оңшыл центристік жаңа үкіметтің құрамын бекітті. Осылайша Молдова постсоветтік елдер арасында мемлекетті де, үкіметті де әйел саясаткер басқаратын Эстониядан кейінгі екінші елге айналды.

43 жастағы Наталья Гаврилица – Молдова президенті Майя Сандудың көп жылғы саяси серігі әрі партиядағы орынбасары. Гарвардта білім алған Гаврилица Молдова қаржы министрі болып қызмет атқарған, Дүниежүзілік банк пен Еурокомиссия аппаратында да жұмыс істеген.

6 тамызда парламент жаңа үкімет құрамын дауысқа салған кезде Гаврилица "ең маңызды миссиямыз – ел үшін адал үкімет пайдалы екенін дәлелдеу, Молдова лайықты мемлекеттер қатарына оралады" деп мәлімдеді.

Ол өзі басқаратын үкімет "ұрлап-жырламайтын, мемлекет қаржысын бөліске салмайтын және алаяқтар мен бандиттерді қорғамайтын болады" деп уәде етті.

Жаңа үкімет 2022-2024 жылдар аралығында Еуропа одағынан көмек ретінде 600 млн еуро (708 млн доллар), сонымен бірге Халықаралық валюта қорынан қаржы алудан үмітті. 3,5 млн халқы бар, коронавирус пандемиясы салдарынан экономикасы күрт құлдыраған бұл елге ықпалын жүргізуге Батыс та, Ресей де мүдделі.

  • Батысшыл саясаткер 49 жастағы Майя Санду былтыр қарашада өткен президент сайлауында Мәскеудің қолдауына сүйенген саяси бәсекелесі Игорь Додонды жеңген. Санду сайлауалды науқанын реформалар жасау, жемқорлықпен күресу, Еуропа одағы және АҚШ-пен қарым-қатныасты нығайту ұранымен өткізген.
  • Санду премьер-министр қызметіне Гаврилицаны екі рет ұсынғанымен парламенттің бұрынғы құрамы екі жолы да оған қарсы болған. Биыл сәуірде президент парламентті таратып, елде жаңа парламент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдаған. 11 шілде күні өткен сайлау қорытындысы бойынша, Сандудың "Әрекет және ынтымақ" партиясы (PAS) жеңіске жеткен – 52 пайыздан артық дауыс пен 63 мандатқа ие болды.
  • Молдова заңына сәйкес, саяси партиялардың сайлауалды тізімінде бір жыныстың өкілдері 60 пайыздан аспауы керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Молдовада парламентке де еуропашылдар келді. Енді олар Ресейден теріс айнала ма?Молдова COVAX бағдарламасымен коронавирусқа қарсы вакцина алған Еуропадағы алғашқы ел атандыЕуроодаққа ұмтылатын Украина мен Молдова өзара ынтымақтастықты нығайтуға келістіМолдованың жаңадан сайланған батысшыл президенті "адал әрі ашық" болуға уәде бердіМолдовада батысшыл президент сайланды. Бұл кедей елді тығырықтан шығара ма?