Қарағанды қаласының апелляциялық соты қала әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабековке шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. 120 млн теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша айыпталып, 9 ай тергеу изоляторында отырған Шалабеков бірінші инстанция сотының үкімімен маусым айында босатылған еді.
8 маусымда Қазыбек аудандық соты Шалабековті "Лауазымдық өкiлеттi теріс пайдалану" бабы бойынша 1,5 жылға бас бостандығынан айырған. Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, Шалабековтің қамауда өткізген әр күні (2020 жылдың 12 қыркүйегі) екі күнге есептеліп, үкім шыққаннан кейін алты күннен соң бостандыққа шықты. Онымен бірге айыпталған кәсіпкер Ермек Қасеновке сот бес жыл шартты жаза берді.
Шалабеков "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша айыпталды. Кейін сотта тергеу органдарының болжамы дәлелденбей, сот бапты ауыстырған. Үкіммен келіспеген прокуратура сотқа апелляциялық өтініш түсірген.
Прокуратура уәжі мен қылмыстық іс материалдарын қараған Қарағанды облыстық сотының сот алқасы өткен аптада "әділ үкім" деген ұйғарымға келді. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот бұрынғы шенеуніктің мемлекетке келтірген шығынын (120 млн теңге) толтырғанын және айыпталушының жасын (61), кәмелетке толмаған балалары барын ескерген.
Жақсылық Шалабеков 2019 жылы қала әкімінің орынбасары қызметіне тағағайындалғанға дейін Қарағанды қалалық құрылыс бөлімін шамамен 8 жыл басқарған.
Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады немесе мерзімінен ерте бостандыққа шығады. Сыншылар биліктің жемқорлықпен күрес шараларын тиімсіз санайды. Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орын алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Жемқорлық күдігіне ілінген бұрынғы вице-министрге айыппұл салындыҚазақстандағы шенді-шекпенділер мен жақындары университеттерді қалай иеленді?"Ұрлық пиғылы болмаса". Мемқызметкерді жазаламауға шақырған Тоқаев нені меңзеді?