Accessibility links

Жемқорлық күдігіне ілінген бұрынғы вице-министрге айыппұл салынды


Мәдениет және спорт министрлігі ғимараты.
Мәдениет және спорт министрлігі ғимараты.

Жемқорлық күдігіне ілінген бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековке айыппұл салынды. Бұл туралы жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігіне сүйенген мемлекеттік "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты Сәкен Мұсайбековке 62 млн теңге көлемінде айыппұл салған.

Биыл ақпан айында бұрынғы шенеуніктің жемқорлықпен ұсталғаны хабарланған еді. "Хабардың 24" жазуынша, ол 15 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Бұл іс "Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы" жобасын жүзеге асыру туралы келісіммен байланысты.

Мамыр айының басында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орынбасарының кінәсі сотта дәлелденсе, отставкаға кететінін мәлімдеген. Әзірге Райымқұлова үкімге реакция білдірген жоқ.

53 жастағы Сәкен Мұсайбеков 2020 жылдың мамыр айында мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалған. Оған дейін 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы болған. Ол бұған дейін де – 2015 жылдың ақпан айы мен 2019 жылдың қаңтар айлары аралығында мәдениет және спорт вице-министрі болған. Премьер-министр сайтындағы ақпаратқа сәйкес, "өтініш бойынша" қызметінен босаған.

Қазақстанда "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG