"Жұртты жалғыз баспанасынан айырмасын!" Алматыда борышкерлер пикетке шықты

Қалалық әділет департаменті алдында пикет жасап тұрған борышкерлер. Алматы, 21 қыркүйек 2021 жыл.

Алматыда ипотекалық қарызы бар бір топ адам бес адамның өмірін қиған атыстан кейін, 21 қыркүйекте "Банк центр кредит" кеңсесі, қалалық сот және әділет департаментіне барып, пикет өткізді.

Бір күн бұрын Ақбұлақ ықшамауданында "банк алдындағы несиесін төлей алмай, жалғыз баспанасынан айырылған" ер адам сот орындаушысы мен полицейлерге оқ атып, нәтижесінде бес адам қаза болған. Оқ атқан адам ұсталған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сейсенбі күні жоғарыда айтылған үш нысан алдында пикет өткізгендер қайғылы оқиғаға "мемлекеттік жүйені" кінәлап, азаматтарды жалғыз баспанасынан айырмау қажеттігін атап өтті. Олардың қолында "Адам өмірін қиған баспана" (Дом ценою крови), "Жалғыз баспананы қорғау туралы заң қабылдансын" деген жазуы бар плакаттар болды.

"Біз кешегі қылмысты ақтайын деп отырған жоқпыз. Бірақ дәл сондай жағдайға жеткізген мемлекеттік жүйе. Мысалы, әрбір адамның маңдай терімен тапқан еңбегін көз алдында әкетіп немесе арзан бағаға сатып жатса, адамдар ашынады. Бұған мемлекеттік жүйе, органдар кінәлі" дейді олар.

Пикет өткізіп тұрған борышкерлер. Алматы, 21 қыркүйек 2021 жыл.

Ипотекалық қарызы бар оннан астам адам өздеріне де жалғыз баспанадан айырылу қаупі төніп тұрғанын айтып, мемлекет азаматтарды жалғыз баспанадан айырмауы қажет екенін қайталап жеткізді.

"Банк центр кредит" кеңсесінен бір қызметкер шығып, наразыларға сәрсенбі күні келу қажеттігін айтты. Ал қалалық сот өкілі оқиғаға байланысты кейін хабарлама жіберетінін жеткізді. Әділет департаментінен ешкім шыққан жоқ.

Кейін борышкерлердің алдына Алматы қаласының жеке сот орындаушыларының аймақтық палатасы бастығының орынбасары Садық Қайрат шықты. Ол банктер мен клиенттері арасындағы даудың ушығуына сот орындаушыларын біржақты кінәлауға болмайтынын жеткізді.

– Сот орындаушылары процессуалдық жеке тұлға. Оның өзінің жұмыс істеу ерекшелігі бар. Оның процессуалдық шешімдеріне палата еш ықпал ете алмайды. Ал сот орындаушылардың кесірінен үй иелері өз өзіне қол жұмсам, өліп жатыр дегендеріңіз де даулы, - деді ол.

Жергілікті БАҚ Алматының түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында болған атысқа не түрткі болғаны жайлы түрлі болжам жазды. Orda.kz сайтының хабарлауынша, оқ атқан 54 жастағы адам бірнеше жыл бұрын банктен кредит алып, жылжымайтын мүліктерін кепілдік ретінде қойған. Кейін төлей алмағаннан соң банк әуелі кепілге қойған үй-жайы бар жер телімін тәркілеген. Содан соң оны жалғыз баспанасынан айырып, аукцион арқылы басқа адамға сатқан. Кепілге қойылған жер телімі бастапқыда 184 млн теңге деп бағаланған, бірақ қайта бағаланғаннан кейін құны екі есеге төмендеп, оқ атқан адамның банк алдындағы қарызы еселеп өскен.

Қазақстанда банк алдындағы несиесін өтей алмай немесе өзге мәселелерге байланысты жалғыз баспанасынан айырылған азаматтар көп. Бұған дейін олардың кейбірі биліктен көмек сұрап, мәселеге араласуын сұраған. "Қайта қаржыландыру бағдарламасына ілінген" кейбір үлескерлер несиесінің жартысынан астамын өтесе де, қайта қаржыландыру кезінде қарызының еселеп артқанын айтып, шағымданған.

Жалғыз баспанадан айырылудың соңы қайғылы оқиғаға ұласқан кездер де болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жағдайымыз иттен де жаман". Нұр-Сұлтанда баспанаға мұқтаж әйелдердің бірі ғимараттан секірмек болды"5-10-20" бағдарламасы үй кезегінде тұрғандардың мәселесін шеше ме?Төтенше жағдайда жұмыссыз қалғандар ипотекасын қалай төлейді?Нұр-Сұлтанда мүгедектер кезексіз баспана беруді және жәрдемақыны өсіруді талап еттіАқордаға баспана сұрап келген шымкенттік әйелдерді президент әкімшілігі қабылдамады