Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев 15 жыл түрмеде отырып, биыл күзде босатылып, көп ұзамай қайтыс болған диссидент, ақын Арон Атабектің денсаулығына байланысты пікір айтты.
Ол "ҚАЖК Арон Атабектің түрмеде денсаулығының нашарлауына жауапты санай ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына "жауапты санамайды" деп жауап берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмеден шыққан Арон Атабектің суреті көрген жанды шошытты– Арон Едігеев 2019 жылдан бастап барлық медициналық тексеруден бас тартты. Кейінгі кезде арықтай бастағаны байқалды. Жыл басынан бері Ұлттық превентентивті механизм, қоғамдық бақылау комиссиясы өкілдерін, сырттан дәрігерлер шақырдық. Олар да дәрігерге қаралудың маңызды екенін түсіндірді. Туыстарына да айттық. Дәрігерге қаралу, қаралмау кез-келген адамның конституциялық құқығы. Дәрігерге қаралуға зорға келісті. 22 қыркүйекте Павлодар қаласының N1 ауруханасына жатқызылып, диагноздары анықталды [Диагноздары медициналық құпия саналады - М.А]. 1 қазанда Павлодар қаласының сот шешімімен жаза мерзімі қысқартылып, босатылды. Сол күні әпкесі келді. Медицина қызметкерімен бірге Алматыдағы үйіне дейін жеткізілді, – деді Мейрам Аюбаев.
68 жастағы диссидент, ақын Арон Атабек 24 қарашада Алматы қаласындағы ауруханада көз жұмған. Диссидент "Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған.
Атабек өзіне тағылған айыппен келіспей, толық ақтап шығаруды талап еткен. Жақтастары оны "билікті өткір сынағаны үшін" түрмеге қамады деп санайды. Ал билік саяси қудалау барын жоққа шығады.
Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, түрмеде қатаң жағдайда ұсталды. Түрмеде отырған кезде ақынның азаптау туралы арыз-шағымын билік жоққа шығарды. Абақтыда отырған ақын ауруханаға сұранғанымен, билік "ол емделуді қажет етпейді" деп, өтінішін орындамады. Саяси тұтқынмен жүздесуге тілек білдірген еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға Атабекпен кездесуге рұқсат бермеді.
Тұтқынның денсаулығы барған сайын нашарлай түскенін кейінгі бірнеше жылда абақтыда диссидентпен кездескен жергілікті құқық қорғаушылар хабарлаған еді.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Oyan, Qazaqstan қозғалысы Арон Атабектің өліміне билікті кінәлап, "Шаңырақ ісін" қайта қарауды талап етті"Күресімді жалғастырамын деп еді..." Арон Атабекті ақтық сапарға шығарып салдыТоқаевтың Брюссельге сапары: ЕО-ны Қазақстандағы саяси қудалауға назар аударуға шақырған белсенділер көбейдіШымкентте Арон Атабекпен қоштаспақ болған белсенділер полиция кедергісіне ұшырағанын айттыАлматыда Арон Атабекпен қоштасты. Диссидент түрмеден шыққаннан кейін бірнеше аптадан соң көз жұмды