Қырғыз шекара қызметі Тәжікстанмен шекарадағы оқиғаны "арандатушылық" деп атады

Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметі мемлекеттік шекараның қырғыз-тәжік бөлігіндегі жағдайға қатты алаңдайтынын мәлімдеді.

Шекара қызметінің мәлімдеуінше, "соңғы кездері қырғыз жағы мемлекеттік шекарада арандатушылық әрекеттердің көбейгенін жиі байқаған, ал тәжік билігі болса жағдайдың тұрақталуына айтарлықтай күш салғысы келмейді. Қайта одан сайын ушығуына себепкер болған".

27 қаңтарда Баткен-Исфара жолының Баткен ауданына қарасты Торт-Кочо (Қырғызстан)елді мекені тұсында Тәжікстан тұрғындары жолды жапты.

"Екі елдің шекарашылары келіссөзінің нәтижесінде тәжік азаматтары жолды ашты. Алайда тәжік шекарашылары қаруға жүгініп, бірінші болып Қырғызстан әскерилеріне қарата оқ атты. Қырғыз шекара қызметі бұл оқиға – арандатушылық, оған Тәжікстан ҰҚМК Шекара қызметінің басшылары кінәлі деп санайды. Тәжік жағы жағдайды әдейі ушықтырып, соның кесірінен жанжал қарулы қақтығысқа ұласты, екі жақтан да адамдар жараланды" деді Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметі.

Қырғыз жағының айтуынша, атыстың салдарынан 7 қырғыз азаматы жараланған. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, тәжік жағынан 17 азамат жараланып, бір адам қаза болған.

Қырғызстан тарабы Тәжікстан ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдану туралы мәліметті де бұрмалады деп санайды. Тәжік шекарашылары соңғы кезде қашықтан басқарылатын ұшақтарды Қырғызстан аумағын барлау мақсатында жиі қолданған. Қырғыз жағы бұны Тәжікстан шекара қызметінің басшылығына ескерткен.

Қырғызстан Шекара қызметі көрші елдің шекара мекемесін Қырғызстанмен шекараға әскери техникасын, жауынгерлерін шоғырландырды деп мәлімдеді.

Қырғыз Республика ҰҚМК Шекара қызметі тәжік жағын атысты доғаруға, мәселелерді келіссөздер арқылы шешуге шақырды.

Тәжікстан Шекара қызметі де қырғыз тарабына айып тағып, келіссөзге үндеді.

Қырғыз шекарашыларының хабарлауынша, Қырғызстанның Баткен облысының басшысы Тәжікстанның Соғды облысының губернаторымен кездесіп жатыр. Жүздесу 28 қаңтарда сағат 1:43-те басталған. Екі аймақ басшысы Баткен ауданындағы Как-Сай мекенінде кездесті. 28 қаңтарда сағат 02:00-дегі мәлімет бойынша, Кочо-Бою мен Дахма елді мекендеріндегі атыс тоқтады. Головной мен Торт-Кочо елді мекендерінде атыс даусы әлсін-әлсін шығып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәжікстан қырғыз сақшыларын шекарада арандатпақ болды деп айыптадыҚырғыз-тәжік шекарасында тағы оқ атылдыҚырғыз президентінің тәжік жерін сөз етуі шиеленісті күшейтті. Ол не айтты?