Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинатында бір жұмысшы қаза болды. 47 жастағы Мұрат Өтегенов аглофабрикада бөлім бригадирі болған. Комбинат иесі мен билік оқиғаны "қайғылы жағдай" деп атады.
"Аглофабрикадағы қайғылы жағдайдың салдарынан әріптесімізден айырылдық" деп хабарлады компания ресми сайтында.
Қарағанды облысы еңбек инспекциясының өкілдері Азаттыққа оқиғаны комиссия зерттеп жатқанын айтты.
— Қайғылы жағдайдың жай-жапсары мен себептері арнайы зерттеу аяқталғаннан кейін анықталады, ол жөнінде қосымша хабарлаймыз, – деді еңбек инспекциясының өкілдері Азаттыққа.
Шенеуніктер мен жұмыс беруші компания аглофабрикада не болғанын нақтыламады. Еңбек инспекциясының өкілдері жағдай тергеу кезінде анықталады деді. Кейбір мәліметке қарағанда, ер адамды өндіріс конвейері тартып әкеткен болуы мүмкін.
Азаттық тілшісі еңбек инспекциясынан "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында болған қайғылы жағдайлар мен жарақаттанғандар туралы статистика сұраған кезде жазбаша сауал жолдауды өтінді.
Биыл қаңтарда аталған комбинаттың Шахтинская шахтасында өндірістік жарақат алған шахтер қаза болған. Ауруханаға жеткізілген жұмысшы 10 қаңтарда көз жұмды. Компания ол оқиғаны да "қайғылы жағдай" деп атады. Шахтердің өліміне не себеп болғаны белгісіз.
Былтыр "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының ТЭЦ ПВС кәсіпорнында тоқ соққан жас жұмысшы қаза болды. 2021 жылы мамыр айында металлургия комбинатында балқытылған шойын төгілген екі жұмысшы жағдайы ауыр күйде ауруханаға түсті.
2021 жылы 7 қарашада Қарағанды облысының Абай шахтасында "метан жарылып" алты кенші қаза болып, үш адам жарақаттанды. Сол кезде полиция "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалын бастаған. Билік оқиғаға жұмыс беруші компанияны кінәлады. Қайғылы оқиғадан кейін мәжіліс депутаты Гүлнара Бижанова "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпей отыр деп мәлімдеген. 2020 жылы желтоқсанда депутаттық сауалға жауап берген сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтамауға байланысты екі мыңнан астам заңсыздық анықталғанын хабарлаған. Былтыр депутаттар кейінгі бес жылда комбинатта 25 ірі апат болғанын айтқан.
Былтыр күзде Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданғанын айтқан. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектелген.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Қарағанды облысындағы бірнеше шахта мен комбинатқа ие. Компания иесі – миллиардер Лакшми Миттал.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Теміртаудағы тәуелсіз зерттеу: Бір адамға шаққанда 4 келі улы тозаң тарайдыҮкімет "Арселор Миттал Теміртау" шахтасындағы жұмысты тоқтатуды талап етті"Абай" шахтасындағы апаттан кейін кеншілермен келіссөз немен бітті?Белсенділер "АрселорМиттал Теміртау" комбинатының экологияға әсері бойынша тыңдауын жарамсыз деп тануды сұрады"АрселорМиттал Теміртау" кеншілері жұмыс беруші мен билікке бірқатар талап қойды