"Мама, мұнда сұмдық болып жатыр". Татарстаннан әскерге алынған жігіт Украинадағы соғыстан бір-ақ шықты

Күйреген ресейлік әскери танкілер. Сумы облысы, Украина. 7 наурыз 2022 жыл.

Ресей билігі Украинаға соғыс ашқаннан кейін оған тек кәсіби дайындықтан өткен жауынгерлер мен армияға келісімшарт бойынша жалданған адамдар ғана қатысып жатқанын айтқан. 9 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі көрші елдегі соғысқа мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздар да жіберілгенін мойындауға мәжбүр болды.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі Татарстан, Башқұртстан, Еділ және Орал өзендері бойындағы облыстар мен республикалардан мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылған жауынгерлердің туыстарымен байланысып көрді. Бір апта бұрын сарбаздардың ата-аналары журналистерге еркін сұхбат берген еді. Қазір көбі артық сөз айтуға қорқады, сұхбатқа келіссе де, аты-жөнін атамауды өтінеді. Олар Ресейде қабылданған жаңа заңдарға байланысты осылай істеуге мәжбүр.

Татарстан тұрғыны Әмина Уәлитова (аты-жөні өзгертілді) 23 ақпанда кенже інісі соғысқа кетіп, 7 наурызда әскери қақтығыс аймағынан шығарылғанын айтады.

– Інім – "қатардағы жауынгер". Былтыр қарашада әскерге шақырылған. Әскери борышын Владимир облысында өтеп жүрді. Бәрі тыныш болатын. 2 ақпанда Воронежде "әскери жаттығу" басталды. Сол жақта жүргенін кейін бір-ақ білдік. Бірақ "әскери жаттығу" аяқталмастан, жауынгерлерді Украинаға жіберген. 23 ақпан кешкісін інім үйге хабарласып, қысқа ғана сөйлесті: "Мама, бізді ана жаққа әкетіп жатыр, бірнеше күн байланысқа шыға алмаймын, уайымдама" деді. Анам оның не айтып тұрғанын түсінген жоқ. "Ана жағы" несі? Неге байланысқа шыға алмайды?" деп алаңдады. Біз де түсінбедік. Таңертең интернетке кіргенде бәрі белгілі болды. Ресейлік телеарналар "арнаулы әскери операция" туралы айта бастады. Тәуелсіз медиа, блогерлер мен қарапайым адамдар соғыс басталғанын, Ресей Украинаға басып кіргенін жазды. Ініммен байланыса алмадық. Ол не маған, не ата-анама жазбады. Хабарласқан да жоқ. Әскери борышын толық өтемеген, арнайы дайындықтан өтпеген жас сарбазды соғысқа жібереді дегенге сене алмадық. Хат-хабар ала алмай, есімізден айырыла жаздадық, – дейді Әмина.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үйге оралады деп үміттенеміз". Украинада қолға түскен ресейлік сарбаздар жайлы не белгілі?

Әминаның сөзінше, інісі үй-ішіне 1 наурыз кешкісін хабарласқан.

– "Мама, Украинада соғыста жүрміз, мына жақта сұмдық болып жатыр. Қай қалада екенімізді білмеймін, жан-жақтан атқылап жатыр" деді. Олар жауған оқтың астында қалыпты. Анам есін жия алмай, "Ол жаққа неге бардыңдар? Ештеңеге қол қоюшы болма!" деді. Бірақ інім өздерін белгісіз бір қағаздарға қол қоюға мәжбүрлегенін айтты. Олар ештеңе білмеген. Солай жасауға мәжбүр болған. Қорқытып-үркіткен. Олар әлі бала ғой! Інімнің жасы жиырмаға да толған жоқ. Қорыққан шығар. Ресми түрде соғысқа өз еркімен барған болып тұр ғой. Қағаз жүзінде, олар қатардағы жауынгер емес, армияға келісімшартпен жалданған әскери қызметкер саналады, – Әмина.

Ол інісінің қандай әскер құрамында, қандай бөлімшеде борышын өтеп жүргенін айта алмайды.

– Үш-төрт рет оқтың астында қалған. Аллаға шүкір, інім тірі. Көлік жүргізеді, түсінгенім, оған жанармаймен қамтамасыз етіп отыруды тапсырған. Яғни, алдында шабуылдаушы техника кетіп бара жатады, інім оны жанармаймен қамтамасыз етеді. Олар екінші қатарда жүреді, соның өзінде оқтың астында қалған! Інім "Сумы ауданы жақта жүрміз" деді. Оларға ештеңе түсіндірмеген, шабуыл жасайтын түні қайда баратынын айтқан, бітті. Қарашада ғана әскерге кеткен бала ғой, әлі әскери жаттығудан да өткен жоқ. Ал оларды оттың ортасына апарып салып жіберген!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оларды өлімге жіберді". Балалары соғысқа кеткен ресейліктер губернаторды қыспаққа алды

"Құрғақ тамақ" береді екен. "Қолымда автомат, үстімде оқтан қорғайтын кеудеше бар" деді. Танк ішінде ұйықтайды екен. Інім көп нәрсе айтқан жоқ, қорқады, әрине. Өзімен бірге жүрген 3-4 жігіттің із-түзсіз жоғалып кеткенін, олардан әлі күнге хабар жоғын айтты.

Олар не істерін білмей отыр. Ол жақта интернет ұстамайды, тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ. Жауынгерлер зомби сияқты өздеріне берілген бұйрықты орындауы керек.

Әкем інімнің соғыста жүргенін білген күні Мәскеуге, Кремльге хабарласты. Әрине, оған ешкім жауап берген жоқ. Прокуратураға хат жазды. Әскерде жүргеніне екі ай да толмаған жігіттерді соғысқа қалай жібергендерін, олардың қауіпсіздігін кім қамтамасыз ететінін түсіндіруді талап етті. Бірақ прокуратурадан жауап келмеді.

Інім әскери борышын өтеп жүрген бөлімнің командиріне хабарластық. Ол "бәрі жақсы" дейді. Аналар қайтсін? Әрине, сенеді, – дейді Әмина.

Мариупольдегі перзентхана мен аурухананы шабуылға ұшырады. Шабуылдың қаншалықты жойқын болғанын көрсетер фотолар

Әмина інісі Украинадан Ресейге шыққаннан кейін үй-ішіне тағы да телефон соғып хабарласқанын айтады.

– Байланыс нашар болды. 1 наурызда інім тағы да оқ атылғанын айтты, содан кейін байланыс үзіліп кетті. Уайымдаймыз, әрине. Қатардағы жауынгерлер арасында қаза тапқандар бар екен деген ақпарат тарай бастады. Бір апта бойы хабар болмады. 7 наурызда қайта хабарласты. "Белгородтамыз" деді. Оларды Ресей жаққа шығарып, қолына телефон таратып беріпті. Сол кезде ғана хабарласып, жағдайды түсіндіруге мүмкіндік туған. Бір жағынан, Ресей жерінде жүр, бірақ бәрібір алаңдаймыз, жүрегіміз тыншымайды. Соғыс жүріп жатыр ғой. Ал інім әлі тоғыз ай әскерде болуы керек. Оны қайтадан майданның алдыңғы шебіне жібермейтініне кім кепіл? – дейді Әмина.

Әмина ресейлік және украиналық ақпарат құралдарының жаңалықтарын күнделікті қалт жібермей қарап отырады. Ол Ресей билігінің "әскери операция" терминін қолдануын арсыздық деп есептейді. Әмина Ресейде тәуелсіз ақпарат құралдарының неге бұғатталып жатқанын жақсы біледі. Ол ресейліктердің бір бөлігі шынайылықтан қашып, федералды арналардан берілген ақпаратқа сеніп отырғанын айтады.

– Анам теледидар көрсе тынышталып қалады. Осылай өз психикасын қорғауға тырысып жатқанын түсінемін. Интернетте басқа ақпарат айтады. Тұтқынға түскен ресейлік жауынгерлердің, жап-жас жігіттердің видеосы толып жатыр. Түріне қарап, олардың келісімшарт бойынша істейтін әскери қызметкер не кәсіби жауынгер емесін бірден түсінесің… Соғыс басталғалы украиналық пабликтер, ақпарат құралдары мен telegram каналдарына жазылып алдым. Бәрін қарап отырамын. Ресей соғыс туралы жазып жүрген ақпарат құралдарын түгел жауып тастаса да, жаңалық тарату тоқтамайды.

Жауынгерлердің аналары қосылған ортақ чат бар, ол жаққа неше түрлі видео келеді. Соры қалың аналардың бұл видеолардан кейінгі күйін көрсеңіз ғой: біреудің мұрнынан қан кетіп, екіншісі есінен танып жатады.

Қазір Ресейді, Путинді, соғысты жақтайтындар көбейді. Интернетте жазылған пікірлерден төбе шашың тік тұрады. Мұндайды баласы әскерге бармағандар ғана жазатын шығар. Ресейлік арналарды көретіндердің көзін шел басып қалатын сияқты. Қанша жылдан бері интернет қолданады, бірақ ақпараттың ақ-қарасын ажыратуды әлі білмейді. Бәрін салыстырып, саралап көруге болады ғой. Соғыс жүріп жатыр. Екі жақтан да адам шығыны көп. Тұрғын үйлерді бомбалап жатыр... Мұндайды ешқандай саясатпен ақтап алу мүмкін емес. Келіссөзбен шешу керек. Қазір бір ғана тілегім бар: соғыс тезірек бітсе екен, – дейді Әмина.

Әминаның інісі Қазан қаласындағы авиация колледжінде оқыған. Былтыр институтқа түскен, бірақ оны әскерге алып кеткен. Ол бір жыл әскери борышымды өтеп, оқуымды кейін жалғастырамын деп ойлаған.

  • 24 ақпан таңсәріде Ресей әскері Украинаға шабуыл жасады.
  • Оған дейін Владимир Путин "Донецк халық республикасы" және "Луганск халық республикасы" деген өзін өзі жариялап алған сепаратистік құрылымдардың өтінішімен Донбаста арнаулы операция бастайтынын мәлімдеді. Ол Украина әскеріне "қаруларыңды тастап, үйлеріңе қайтыңдар" деп үндеу тастады.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынас тоқтағанын хабарлады.
  • Журналистер, дәрігерлер мен мәдениет қайраткерлері соғысты тоқтатуға шақырып, ашық хат жариялады. Құқық қорғаушы Лев Пономарев (шетелдік агент деп танылған) дайындаған петицияға 1 миллионнан астам адам қол қойған.
  • Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жапты.
  • 9 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі Украина аумағындағы соғысқа мерзімді әскери қызметке шақырылған ресейлік жауынгерлер де қатысқанын мойындады. Бұған дейін президент Владимир Путин ондай жауынгерлер "арнайы әскери операцияға" (Ресей билігі соғыс сөзінің орнына осы терминді қолданады) қатысып жатқан жоқ деп мәлімдеген.
  • Украина қорғаныс министрлігінің 11 наурыздағы дерегінше, соғыс басталған 24 ақпаннан бері Ресейдің 12 мың жауынгері қаза тапқан. 2 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста 498 жауынгерінен айырылғанын хабарлаған.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі материалынан аударылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ұлымды соғысқа емес, әскерге жібердім". Украинада тұтқынға түскен ресейлік жауынгерлердің аналарының талабыРесей солдаттары Украинадағы дүкендерді тонап жатырУкраинада қаза тапқан ресейлік сарбаздың отбасы "қара қағаз" алдыСанкциялар қысқан Ресейден Арменияға көшкендер көбейді"Ресей соғыста саяси және экономикалық тұрғыдан жеңіледі". Мұның Қазақстанға зардабы қандай?