Accessibility links

"Үйге оралады деп үміттенеміз". Украинада қолға түскен ресейлік сарбаздар жайлы не белгілі?


Украина сарбаздары Николаев қаласы маңында қолға түсірген ресейлік әскерилер. Видеодан скриншот.
Украина сарбаздары Николаев қаласы маңында қолға түсірген ресейлік әскерилер. Видеодан скриншот.

Ресей "арнаулы әскери операцияға" қатысқан қанша адамы тұтқынға түскенін жарияламай отыр. Ал тұтқындардың туыс-жақыны олар жайлы мәліметтерді қорғаныс министрлігінен емес, көбіне интернеттен біліп жатқанын айтады. Азаттықтың Орыс қызметі Украинада тұтқынға түскен адамдардың туыстарын іздеп жатыр.

Сәрсенбі, 9 қаңтар таңертең Украина қарулы күштері бас штабы соғыста Ресей жағынан 12 мыңнан астам адам қаза тапқан немесе із-түссіз жоғалған деп мәлімдеді. Ал тұтқынға түскен Ресей әскерилері жайлы дерек мүлде аз. Әлеуметтік желіде сағат сайын тұтқындар бейнеленген видео жарияланып жатыр. Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко екі мың ресейліктің тұтқынға түскенін айтады. Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі "Оккупант" деген сайт ашып, тұтқындар жайлы ақпарат жариялап жатыр. Ондағы тізімде қазір 400-ге жетер-жетпес адам бар. Бұл сайт аты-жөні анықталған тұтқындар жайлы ғана деректер жариялайды.

"ПӘТЕРГЕ АҚША ЖИНАП ЖҮРГЕН"

– Аты-жөнің кім? – деп зекіп сөйлейді сұрақ қойған ер адам.

– Григорян Георгий Петрович, – деп жауап береді жас жігіт. – 2000 жылы дүниеге келгем. Қызметім: нысанашы-оператор. Ата-анам Дондағы Ростовта тұрады.

– Ата-анаңа не айтқың келеді?

– Алаңдамаңыздар, бәрі жақсы.

Украинадағы "Ищи своих" ("Жақыныңды ізде") Telegram арнасында жарияланған видео осы жерден үзіліп қалады. Ақпанның аяғында мұндай видеолар Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін ашылған Telegram арналарда жаппай жариялана бастады. Көбіне онда келісімшартпен әскери қызметке енді ауысқан жас жігіттерді көруге болады. Кейбірі келісімшартқа қол қоймағанын айтады. Ресей қорғаныс министрлігі мен кремльшіл БАҚ мұндай видеоларды Ресей әскерінің сағын сындыруды көздейтін "фейк" деп атайды. Азаттық радиосы Георгийдің досымен және әкесімен сөйлесті.

– Шын мәнінде өте мейірімді жігіт, – дейді Георгийдің ең жақын досы Данил. – Бірінші сыныптан бері таныспыз, мерзімді әскери қызметке бірге барғанбыз. Бірнеше айдан кейін ол [әскери] келісімшартқа отырам деп ұйғарды. Оларды арнаулы әскери операцияға жіберетінін кейінгі кезге дейін білген жоқпыз, бәріне "әскери жаттығуға барады" деп айтты. Жолда кетіп бара жатқанда бірнеше рет телефон шалды, Украинамен шекарада тұрғанын, барлығының телефондарын тартып алғанын айтты. Содан кейін байланысқа шыққан жоқ. Кейін оның тұтқынға түскен видеосы тарады.

– Георгий әскерде қанша уақыт болып еді?

– Бір жарым жыл. Ол мұндайға мүлдем дайын болмады. Тек шөп шауып, жаттығуға ғана баратынбыз.

– Неліктен келісімшартқа отыруды ұйғарды?

– Ол қалыңдығымен бірге тұратын, пәтер алуға ақша жинамақшы болған. Пәтерақы төлеуге ақша тапқысы келгендіктен, келісімшартқа отыруды таңдады. Үйге қайтып оралып, бәрі бұрынғыдай қалыпқа түседі деп үміттенеміз. Достары да, туыстары да, оны білетін адамдардың бәрі оны күтіп жүр.

– Сүйіктісі де ме?

– Иә! Қалыңдығы… жуырда ғана оған үйленейік деп ұсыныс жасаған.

Георгийдің ата-анасы да ұлымен байланысуға тырысқан. Әкесі оған не болғанын, әскери тұтқындарды өзара алмастыратынын я алмастырмайтынын білу үшін әскери прокуратура мен "Жауынгер аналары комитетіне" өтініш берген. Бірақ ешқандай жауап алмаған.

– Ешқандай пікір айтпаймын... Ұлымды көрген кезде ғана айта аламын. Бізге ешкім жауап бермейді. Олар жариялаған видеоны көрдік, бәрін білесіздер деген сөз. Ұлым байсалды, мейірімді, ешқашан ешкімді ренжітпеген, елгезек адам. Басқа не айта аламын...

Азаттық Георгийдің "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі аккаунтын тапты. Ол парақшасына соғыс басталардан бірнеше күн бұрын, 17 ақпанда кірген. Альбомында Ростовта қалыңдығы Валериямен құшақтасып түскен сурет көп. Бірақ әскери қызметіне байланысты ештеңе жарияламаған.

– Бұл туралы 28 ақпанда түнде білдім, – дейді жүзі жабырқау Валерия. – Түнгі екіде осы видеоны маған жіберді. Денем қалтырап кетті. Әкесіне хабарласқанын білдім. Ол келісімшартқа қол қоятынын айтқаннан бастап қатты қорыққан едім.

– Видеодағы адам Георгий емес деген күмән болды ма?

– Жоқ, оны бірден таныдым... Оны танымауым мүмкін емес.

Тағы бір видеодан Украина туы ілінген қабырғаның жанында отырған жас жігітті көруге болады. Аты-жөні Артем "Главацких" деп қате көрсетілген. Дұрысы "Главатских" болуы керек. 1999 жылы туған жігіт – Удмурт республикасы Балезино ауылының тұрғыны. Әлеуметтік желідегі парақшасында әскери қызметіне байланысты жазба көп. Оған дейін Артем "Газпром" компаниясының Ижев бөлімінде слесарь болып жұмыс істегенге ұқсайды. Фотолардың көбінде компания белгісі тағылған киіммен тұр. Азаттық Артемнің анасымен байланысып көруге тырысты, бірақ олардан хат-хабарға жауап болмады.

– Ата-анасы біледі, – деді Артемнің танысы. – Олардың байланыс нөмірі менде жоқ.

Артем Главатских, "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі сурет.
Артем Главатских, "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі сурет.

"АНАСЫ ТӨЗЕ АЛА МА?"

Тағы бір видеода 2001 жылы туған, Волгоград облысы Камышин қаласындағы 33-мотоатқыш бөлімінде істейтін Дмитрий Науменко бейнеленген. Видеода жігіт бірсарынды дауыспен жеке деректерін айтып тұр. Соңында "Мама, мені алып кетші" дейді.

Азаттық оның ағасы Дениспен сөйлесті. Дмитрий – отбасындағы үш баланың кенжесі. Олар тек анасымен тұрады.

– Жаттығуға баратынын айтты, болды. Бір жылым текке кетпесін деп әскери қызмет туралы келісімшартқа қол қойған еді, соғыстан бір-ақ шықты. Үш ағайындымыз, анам ғана бар. Қазір ол дәрі ішіп жүр, жүйкесі жұқарып, бітуге айналды. Мына болып жатқанның бәріне төзе ала ма, білмеймін. Інімді уайымдаймын. Үйге оралады деп үміттенем.

Ірі қалаларға қарағанда Ресейдің шалғайдағы кішігірім ауылдарында адамның жоғалғанын жасыру мүмкін емес. Достары мен туыстары бір-біріне не естігенін түгел айтып отырады. Бәрі бір көшедегі мектепке бірге оқиды, бірге демалады, болашаққа жоспарын бірге құрады. Дмитрий Науменконың таныстары осы қаладан аттанған он бес әскери қызметкердің тағдырын білуге тырысқан, бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

Атауы бір-біріне ұқсас елді мекендерді шатастырып алу оңай. Камыши, Камышин, Камышинский. Бір қарағанда бәрі бірдей секілді, бірақ үшеуі бір-бірінен қашық жатқан үш түрлі жер. Google іздеу жүйесіндегі суреттерде өзен жағасындағы кәдуілгі шағын қала бейнеленген. Жазық дала мен қара топырақ жер. Арғы жағында еңісті алқап пен Еділ өзені жатыр. Бес қабатты үйлер, бос тұрған жағажай, ескі көпір көрінеді. Жергілікті жастарға жақсы табыс табуға мүмкіндік аз. Жүздеген шақырымнан соң өзен Еділ-Дон каналына құяды да, ары қарай иірленіп ағады. Сол жерде "Отан-ана шақырады" атты зәулім ескерткіш тұр.

Камышин ауылы. Волгоград облысы, Ресей.
Камышин ауылы. Волгоград облысы, Ресей.

"ХАБАРЛАСЫП ЖАТҚАНДАР ӨТЕ КӨП"

Қазір әскери қызметкерлердің ата-анасы қайда барарын, әскердегі баласының қайтып оралатынын я оралмайтынын білмейді. Балаларының "арнаулы әскери операцияға" қатысқаны жайлы пікір білдіруден қорқады. Олар пікірін өзгелер "арандату" мақсатында пайдаланып, артық айтқан сөзі баласына кесірін тигізе ме деп қауіптенеді. Қолдан келетін бар амалы – прокуратура мен құқық қорғау органдарына қайта-қайта өтініш жазу. Азаттық радиосы әскери тұтқындар ісі жөніндегі комиссияға хабарласты. Бірақ оның өкілдері пікір білдіруден бас тартты. Ресей қорғаныс министрлігі де сауалымызға жауап бермеді.

– Минут сайын біреу хабарласады, – дейді "Жауынгер аналары комитеті" заңгері Александр Латынин. – Кеше екі мыңнан астам өтініш келді. Ата-ананы алаңдатып, уайымға салған негізгі сұрақ: Балам тірі ме? Егер тірі болса, Украина жерінде ме немесе Ресеймен шекарада ма? Баласы тұтқынға түскенін білетін ата-аналардың бәріне әскери прокуратураға және федералды қауіпсіздік қызметіне хабарласыңыз деп кеңес береміз. Кеше ғана қорғаныс министрлігі ұлының қайда екенін білгісі келетін ата-аналарға арнап жедел желі ашты.

Хабарласып жатқандар тым көп. Әскери қызметкерлердің туыстарынан бөлек, достары мен қалыңдықтары да хабарласады. Ресей азаматтарына қысым көрсету үшін ақпараттық шабуыл, түрлі фейк көбейіп кетті. Мысалы, біреуге Украина нөмірінен телефон соғып, деректерін айтады да, тұтқынға түскенін немесе қоршауға алынғанын хабарлайды. Мұндай арандатуға сенбеңіздер. Отанымыз тұтқынға түскен әсери қызметкерлердің ешбірін тағдыр тәлкегіне тастамайды деп сенемін. Олардың бәрін үйіне қайтарады, – дейді Александр Латынин.

2 наурызда Ресей мен Украина соғыс басталғалы алғаш рет Сумы облысында өзара тұтқын алмасты. Ресейлік сенатор, Ауғанстандағы соғыс ардагерлері кеңесінің жетекшісі Франц Клинцевичтің пікірінше, "бір жағынан, әскери тұтқындар мәселесі оңай шаруа емес, ал екінші жағынан – белгілі жайт".

– Әскери командирге жай ғана тұтқын алмасу өте қиын шаруа, бұған оның уақыты да жоқ. Бірақ жуырда екі командир өзара келісіп, тұтқын алмасқанын білеміз. Біз ол жақтан тұтқыннан бір адамды қайтарып, оларға алтауын жібердік. Бірақ тұтқындар ондап немесе жүздеп саналғанда, жағдай басқаша болады. Оларды жай ғана қайтара салса, ертеңгі күні қолына қару беріп, тұтқынға түскеніңді қанмен өтейсің деп қайта мәжбүрлеуі мүмкін деп ойлаймын, – дейді Клинцевич тұтқынға түскен украиналық сарбаздар жайлы.

Клинцевич әскерде жүрген баласының тұтқынға түскенін естіген туыстарының "олардың тірі екенін, тағдыры талқандалмай, кейін босататынын білгендіктен қуаныштан жылайтынын" айтады.

"Ресей офицерлері" бүкілресейлік ұйым президиумының төрағасы Сергей Липовой әскери тұтқындардың туыстары "төзімді болуы керек" дейді.

Сергей Липовой.
Сергей Липовой.

– Халықаралық ережеге сәйкес, әскери қақтығыстар кезінде өзара тұтқын алмасады (1949 жылғы 12 тамызда қабылданған Женева конвенциясы – ред.). Тұтқын алмасу келіссөз нәтижесінде басталады. Ол кез келген сәтте болуы мүмкін. Әскери қызметкерлердің туыстары төзімділік танытып, күтуі керек. Олар тұтқынға түскендермен өздігімен байланысқа шығуға талпынуы мүмкін, бұл – олардың құқығы. Бірақ, өкінішке қарай, ондай жағдай бола қалса, ең әуелі ресми жолдар арқылы әрекет етуі керек. Өйткені мұндайда "қызметіне" қыруар ақша сұрайтын, бірақ ештеңе жасамайтын алаяқтар да көбейеді.

"АТЫП ӨЛТІРУ ДЕГЕН БОЛҒАН ЖОҚ"

Украинада тұтқынға түскен ресейлік сарбаздар жайлы видеолардың көбі "Ищи своих" сайтында жарияланды. Бірақ бұл сайт іске қосылысымен іле-шала Ресей аумағында оны бұғаттап тастады. Видеолар Telegram-дағы каналдарда да бар. Жоба үйлестірушілерінің бірі, Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Виктор Андроусов тұтқындағы ресейліктердің басым көпшілігіне жақсы қарап жатқанын айтады. Бірақ кейде оларды Украина ауылдарындағы қарапайым халық қолға түсіретіндіктен, күш көрсетілмейтініне кепіл болу мүмкін емес дейді.

– Бірден түсіндіре кетейін, Ресей әскері жан-жақтан шабуылдап жатыр. Сондықтан адамдардың қай жақта қолға түскенін анықтаудың өзі қиын. Дәл қазір бір ауылда құдықта тығылып отырған екі адамды ұстадық. Бірақ ол жақта үздіксіз ұрыс жүріп жатқандықтан, маңайына бара алмай отырмыз. Қол түскендердің 80 пайызы – жиырма бір, жиырма екі жастағы қарапайым жігіттер. Кеше ғана одан әлдеқайда ересек сарбаздар кездесе бастады.

– Ресейде Украина аумағында қолға түскен сарбаздардың туыстарына тұтқындар бейнеленген видеоларды "фейк" деп жатыр. Жариялап жатқан видеолардың жалған емесіне кепіл бола аласыздар ма?

– Фейк сирек болады. Ондайды өзіміз қадағалап, өшіріп отырамыз.

– Әскери тұтқындарға қалай қарап жатыр?

– Халықаралық конвенциялардың бәрін ұстануға тырысып жатырмыз. Жағдай түгелдей біздің бақылаумызда емес екені де үлкен проблема болып отыр. Қазір соғысып жатқандардың көбі – әр аумақтағы қорғаныс бөлімшелері. Олар кәсіби әскерилер емес, қолына қару алып, үйі мен жерін жаудан қорғап жатқан қарапайым адамдар. Олардың іс-әрекетін бақылауға мүмкіндігіміз жоқ.

Украинада қолға түскен ресейлік сарбаз. Видеодан скриншот.
Украинада қолға түскен ресейлік сарбаз. Видеодан скриншот.

– Тұтқынға түскен сарбазды "Слава Украине!" деп айтуға мәжбүрлеп жатқан видеолар бар.

– Ондай жиі болып тұрады. Бұл – эмоция әсерімен жасалатын әрекет. Тұтқынды атып тастаған бір де бір оқиға болған жоқ. Соғыс тұтқындарының бәріне қалыпты қарауға тырысып жатырмыз. Соғыс тұтқындары арасында біздің де сарбаздарымыз барын түсінеміз, сондықтан оларды кейін алмастырып алуды ойлап отырмыз.

– Ресей мен Украина арасында келіссөз жалғасып жатыр. Ол соғыс тұтқындарын алмастыруға көмектесе ала ма?

– [Келіссөз] ешқандай нәтиже бермейді деп ойлаймын. Қазір Ресей әскері елді мекендерімізді атқылап жатыр, ал біз қорғанып жатырмыз.

4 наурызда Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова "Қызыл крест" ұйымынан Ресей мен Украина арасындағы соғыс тұтқындарын алмастыруға көмектесуін, тұтқындардың денсаулығын, халықаралық ережелердің сақталуын тексеруді сұрады. Москалькованың сөзінше, оған Ресей сарбаздарының туыстары қолқа салған.

Азаттықтың Орыс қызметі материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG