Қазақстанның әр өңірінен жиналған сот шешіміне наразы бір топ адам екі күннен бері Нұр-Сұлтандағы Жоғарғы сот ғимараты алдында түнеп жатыр. Олар Жоғарғы сот төрағасының ресми қабылдауында болмай, ешқайда кетпейтінін айтады.
Сот шешіміне наразылардың айтуынша, олар 4 сәуірден бері Жоғарғы сот ғимараты алдында қонып жүр. Олар түнде ғимарат алдына кезек-кезекпен тұрып, қалғандары көлікте жылынып отыратынын айтты.
– Талабымыз біреу - конституциялық құқық шеңберінде Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың қабылдауына кіргіміз келеді. Себебі бұған дейін оның қабылдауына 15 адам кіріп, тоғызы талаптарын орындатты, бірін түрмеден босатты, бірі үйін сақтап қалды. Заңсыз сот шешімдерін кері қайтару тек сол төраға қолында, - дейді павлодарлық кәсіпкер Ерлан Жәкиев.
Наразылар арасында ҰҚК, ІІМ-нің бұрынғы қызметкерлері мен судьялар да бар. Олар өздеріне шыққан сот шешімдерін қайта қарап, қызметін қалпына келтіруді талап етіп отыр.
Көкшетаудан келген 72 жастағы Бәтіш Жәкенова ұлын 24 жылға заңсыз соттады деп санайды. Ол ұлының түрмеде денсаулығынан айырылғанын айтады.
– Қайда барамыз енді? Шындық қайда? Бір кезде Назарбаевты кінәладық, енді кімді кінәлаймыз? Аузым болса берік [қазір Қазақстанда мұсылмандар Ораза тұтып жүр - ред.], жасым болса 72-ге келді. Әкесі болса осы қайғыдан бес рет инсульт алды. Мен оны қараудың орнында осында жүрмін. Ай сайын балама ауруды басатын дәрі тасимын. Онымен қаншаға барады? Оны қайда апарып емдетемін? Маған осының бәрі оңай ма, - дейді ол Азаттық тілшісіне.
Тараздан келген Айжан Құралиева күйеуі, 9 мың теңге пара алды деп үш жылға сотталған Шымкент облысындағы Сарыағаш қалалық әкімшілік сотының бұрынғы судьясы Мақсат Сәрсенбаевты толық ақтауды талап етеді.
– Ол бір жарым жылдан соң биыл қаңтар айында шықты. Бізге моральдық өтемақы ештеңе керек емес. Оның абыройын қайтарып, жұмысына қабылдасын, - дейді Айжан Құралиева.
Сәрсенбі күні наразылардың алдына сот кеңсесінің өкілі шықты.
- Төраға толық өтіп кеткен істер бойынша қабылдамайды. Қабылдауға жататын істерді ғана қабылдайды, – деді аты жөнін айтпаған Жоғарғы сот қызметкері. Ол Жоғарғы сот төрағасының наразыларды қабылдау мүмкіндігі туралы сұрақтарға жауап бермеді.
Қазақстанда сот шешіміне наразы азаматтар наразылыққа жиі шығады. Былтыр шілде, қазан айларында олар сот шешімін қайта қарауды талап етіп, Жоғары сот ғимаратына түнеп те шыққан.
Жуырда атауы өзгерген билік партиясы "Нұр Отанның" (қазір ресми атауы "Аманат") Нұр-Сұлтандағы ғимаратына да олар 2019 жылы қонып, аштық жариялаған. Сол жылы Қазақстандағы президент сайлауы қарсаңында олардың талабына назар аударған "сыңай білдірген" Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі мен Жоғары сот өкілдері ведомствоаралық комиссия құрып, наразыларды қабылдаған. Бірақ сот шешіміне наразы адамдар одан нәтиже болмағанын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Сот шешіміне наразылар Жоғарғы сот ғимаратына қонды"Төрт айдан бері Жоғарғы сотты жағалап жүрмін". Сот шешіміне наразылар тағы жиналдыНұр-Сұлтанда сот үкімдеріне наразы он шақты адам Жоғарғы сотқа барды"Тоқаев, көмектес!". Нұр-Сұлтанда сот шешіміне наразылар флешмобы үшінші күнге ұласты Сот шешіміне наразылар Бас прокуратура алдында флешмоб өткізді