Екі сөйлемдік хабарлама. Назарбаев Қаңтар оқиғасынан бері алғаш рет елдегі шараға қатысты

Қазақстанның экс-президенті «Тұңғыш Президент музейінде» ұйымдастырылған картиналар мен қолөнер көрмесінде. (Сурет elbasy.kz сайтынан алынды)

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қаңтар оқиғаларынан бері алғаш рет елдегі шаралардың біріне қатысқаны elbasy.kz сайтында екі сөйлеммен хабарланды.

Назарбаевтың ресми сайтында 19 сәуірде жарияланған екі сөйлемдік хабарламада оның «Бірінші президент музейінде» өткен «Менің Қазақстаным – менің жерім» балалар шығармашылығы көрмесіне барғаны айтылады. Хабарламада тек бірнеше сурет жарияланған, шарадан видео жарияланбады

Назарбаев Қаңтар оқиғасынан соң елдегі шараларға бармай кеткен. Жиындарға онлайн қосылып, мәлімдемелерін тек видео арқылы жариялаған. Мәселен, ол 1 наурызда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съездіне онлайн қосылған еді. Партия жиынында «Нұр Отан» атауы «Аманат» деп өзгертілген.

Бұдан бөлек Назарбаев 9 наурызда Анталия қаласына барып, дипломатиялық форумға қатысқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде де Назарбаев ұзақ уақыт халық алдына шықпай, біраз уақыт елдегі дүрбелең жайлы ешқандай пікір білдірмеген еді. Оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттер арқылы Назарбаевтың ешқайда кетпегенін, ел астанасында екенін айтып келген. Ал елде жағдай сәл тұрақталған тұста, 18 қаңтарда Назарбаев видеоүндеу жариялап, жұртты қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға шақырған.

Кемі 238 адамның өмірі қиылған Қаңтар дүрбелеңінен соң елде Назарбаевтың айналасындағы адамдар қызметтен кетіп, кейбірі қамауға алынды. Қазір Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды, бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев ақша жымқыру айыптарымен қамауда отыр. Экс-президенттің бауыры Болат Назарбаевты рейдерлікке айыптағандар көбейді. Ал Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева депутаттық мандатын тапсырып берген.

Бұрынғы президенттің қыздары, бауыры Болат Назарбаевтың қазір қайда екені белгісіз, олар Қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына шықпады.

Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан соң елде Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, Тоқаевтың билігі нығайғанын, Назарбаев кланы мен Тоқаев арасында билікке тартыс болғанын айтқан. Тоқаев та, Назарбаев та билікке тартысты жоққа шығарған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Зейнеткер Назарбаев халық арасында Қонаев сияқты емен-жарқын жүре ала ма?Тоқаевтың өз кланы бар ма? Назарбаевқа қандай кепілдік берілді? Енді не болмақ? Саясаттанушымен сұхбат"Назарбаевсыздандыру" науқаны, "Отбасын шетелде қудалау ықтималдығы" һәм жүйені бейімдейтін Тоқаев