Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бойынша алғашқы іс сотқа жетті

Шымкент қалалық сотының алды.

19 сәуірде Шымкент қаласы прокуратурасының Қаңтар оқиғасына байланысты төрт істі сотқа өткізіп, тіркегені белгілі болды. Төрт істің екеуі – азаматтық белсенді Ерғали Құлбаев пен Молдабай Сәдібековке қатысты. Екеуі де "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған. Қалған екі іс – "Ұрлық" бабымен байланысты.

Қалалық сот Азаттыққа Қаңтар оқиғасына байланысты аудандық соттарға жалпы төрт іс тіркелгенін растады.

Ісі сотқа жеткендердің ішінде белсенді Ерғали Құлбаев пен Молдабай Сәдібеков те бар. 36 жастағы Құлбаевтың туыстары Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бабымен ұсталған белсендінің ісі қайта сараланып, сотқа «Жаппай тәртіпсіздік" бабымен өткенін хабарлады.

Құлбаевтың айыптау актісінде белсендінің "алдын-ала сөз байласу арқылы 4-6 қаңтарда Шымкент қаласында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны және оған жұртты үндегені" жазылған. Бұған дейін белсенді тағылған айыппен келіспеген.

Ал Молдабай Сәндібековтің әйелі Индира Рахметқызының айтуынша, күйеуіне "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қатар "Билік өкіліне күш қолдану" бабымен (380-бап) да айып таққан.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандар арасында кемінде жеті белсенді бар. Олардың екеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатылған. Бесеуі тергеу изоляторында жатыр. Олардың бірі – әйел.

Белсенділерге алғашында түрлі айып таққанымен, кейін қайта сараланып, барлығы-дерлік "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен айыпталған.

Осылайша Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік", "Терроризм" сияқты ауыр баптар бойынша қозғалған істердің алды сотқа жетіп отыр. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, азаматтық белсенділердің көбі осы баптармен күдікке ілінген. Белсенділердің жақтастары бұл істердің "саяси астары" болуы мүмкін дейді. Бұған дейін елде Қаңтар оқиғасына байланысты "Ұрлау", "Бұзақылық", "Тонау" және өзге баптар бойынша сот үкімдері шыққан.

Бас прокуратура мәліметінше, Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған істер бойынша 214 адам сотталған. Олардың 20-сы түрме жазасына кесілген. Көбіне шектеу жазасы берілген.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.

Шымкентте Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қалмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың басым бөлігінің бұлтартпас шарасы жеңілдетіліп, қамаудан босатылған. Кейіннен қамауда жатқандардың қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Билік бұрынғы ісін қайталап отыр". Қаңтар қырғыны мен Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі ұқсастықШымкентте Қаңтар оқиғасынан соң қамалған белсенділердің жақындары прокурормен тағы кездесе алмады"Баламды террорист қылмақшы". Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Аңсар Исламның анасы кінәліні табуды талап етедіҚаңтар оқиғасына байланысты 29 азаматтық белсенді жауапқа тартылып жатыр. 18-і қамауда отырАлматыдағы дүрбелеңде қаза болған Шымкент тұрғынының сүйегі эксгумацияланды