19 сәуір күні Шымкент қалалық прокуратурасына қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсенділер Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досманбетованың туыстары жиналып, прокурордың шығуын талап етті. Бірақ оларға ешкім шықпады, осыдан соң жиналғандар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан жақындарын босатуды талап етіп, үндеу жолдады.
Прокуратураға келгендер қамалған жақындарын жазықсыз деп санайды әрі қамаудан босатуды сұрайды.
- Осымен үшінші апта, келеміз қабылдамайды. Прокуратураға не түрме алдына жиналайық десек үйді полиция күзетіп шығармайды. Тергеу мүлдем болып жатқан жоқ. Төрт балам да кәмелет жасқа толмаған. Күйеуім Жанмұрат үйдің жалғыз асыраушысы еді. Жаламен төрт айдан бері қамауда отыр, - дейді Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранова.
Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты қамауда жатқан белсенді Ләззат Досманбетованың қызы Айжан Нәдірбек анасын ақпан айының ортасынан бері тергемегенін, тағылған айыпқа байланысты дәлелдемелер көрсетілмегенін айтады.
- Анамды бір-ақ себеппен ұстап қамады. Саяси белсенділігі үшін кінә артып отыр, - дейді ол.
Белсенді Қайрат Сұлтанбектің әйелі Ардақ Сәдібекова күйеуі мен өзіне қысым жасалып жатыр деп санайды.
- Тергеушілер күйеуіме түрмеде тағылған айыпты мойындатып, процессуалдық келісімге келуге шақырған, - дейді ол.
Наразы топты қала прокуроры мен оның орынбасары қабылдамады. Олардың алдына шыққан прокуратура өкілі алдын ала жазылу керектігін ескертті. Алайда наразы топ өздерінің осымен үшінші рет қабылдауға жазылғанын, кездесуге әлі кіре алмай жүргенін айтып, ашуланды.
Қайрат Сұлтанбек "Бұзақылық" және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бабымен күдікке ілінген. Ал Аштаев пен Досманбетова "Жаппай тәртіпсіздік" және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бабымен күдікке ілінген
Олар бұған дейін де Шымкентте өткен түрлі наразылықтарға қатысып, саяси көзқарасын ашық айтып жүрген. Үш белсенді де былтыр Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") кінәлі деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандығы шектелген.
Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамға қалмыстық іс қозғалып, басында көбіне екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың басым бөлігінің бұлтартпас шарасы жеңілдетіліп, қамаудан босатылған.
11 наурыз күні Шымкент соты Қаңтар оқиғасына байланысты төрт адамды "Ұрлық" бабымен соттады. Олардың бас бостандығы үш жылға шектелді.
Шымкентте ресми дерек бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.
ПІКІРЛЕР