HRW Конституцияға түзетулерді талқылау үшін референдумды шегеруді ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан билігі Конституцияға енетін түзетулерді қоғам талқылай алуы үшін референдумды шегеру мәселесін қарастыруы тиіс. Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы 19 мамырда жариялаған мәлімдемесінде осылай деп жазды. Штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған ұйым адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен конституциялық сотқа қатысты түзетулерді қайта қаруға шақырды.

HRW айтуынша, Венеция комиссиясының рекомендациясына қарамастан, омбудсмен жайлы бапта оны сайлау және қызметтен босату тәртібі көрсетілмеген, бұған қоса, шешім қабылдай алатын омбудсменнің орынбасарлары мен өзге қызметкерлердің де иммунитеті болуы тиіс. Ол өкілеті аяқталғаннан кейін де сақталуы керек.

Құқық қорғаушыларды сонымен бірге президент пен парламент депутаттарына конституциялық сот судьяларын тағайындауға мүмкіндік беретін механизм де алаңдатып отыр. HRW Нұр-Сұлтанды сот және адвокаттар тәуелсіздігі туралы БҰҰ-ның арнайы баяндамашысының есебіне назар аудартуға тырысқан. Оған сәйкес, сот органдарының тәуелсіздігін сақтау үшін судьяларды саясиланбаған тәуелсіз орган тағайындауы тиіс.

Құқық қорғау ұйымы сонымен бірге Қазақстан билігі түзетулерді референдумға шығармастан бұрын "ірі талқылау өткізіп, өзгерістерді қарастыруы тиіс" деп санайды. Егер мұндай талқылауларды 5 маусымға дейін өткізу мүмкін болмаса, дауыс беру мерзімін шегерген жөн деп есептейді.

Қазақстанда Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум 5 маусымға белгіленген. Осыған дейін әлеуметтік желі қолданушылары биліктің түзетулерді қысқа уақыт аралығында қабылдау талпынысын сынаған. Осыған дейін Ақорда "президент құзыреті азайып, парламент күшейеді" деген. Бірақ жобамен танысқан сарапшылар "құжат Тоқаев билігін еш азайтпайды" дейді.

HRW мәлімдемесінде Қазақстан билігі ашық саяси жүйе құру міндетін мойнына алғанмен елде пікірін ашық айтқан белсенділерді қудалау жалғасып жатыр деп атап өткен. Мысал ретінде 7 мамырда Алматыда бейбіт жиынға жиналып, саяси белсенді Жанболат Мамайды босатуды талап еткен 11 белсендінің ұсталғанын алға тартады. Төрт адам ескерту алған, үш адамға айыппұл салынған, төрт адам 15-20 тәулік аралығында әкімшілік қамауға алынды. Сот оларды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп таныды.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды адам құқығын бұзғаны үшін жиі сынайды және билікті "халықаралық стандартқа сәйкес емес" бейбіт жиын туралы заңды қайта қарастыруға үндеген.

Human Rights Watch осы аптадағы мәлімдемесінде Қазақстан Қаңтар қырғыны кезінде қаза болған 200-ден астам адамның өлімін қажетті дәрежеде тексермеді және адам құқығын өрескел бұзғандарды жауапқа тартпағанын еске салған. Билік Қаңтар қырғынын зерттеу үшін жергілікті және халықаралық сарапшылар қатысқан тәуелсіз аралас орган құруы тиіс дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құқық қорғаушы: Қазақстанда 500-ден астам адам пікірін айтып, демократияны талап еткені үшін қудаланып жатырҚаңтар оқиғасы: Алматыда бір топ адам азаптауға кінәлілер мен бейбіт халыққа оқ атқандарды жауапқа тартуды талап етті "Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуіҚаңтар оқиғасы кезінде азапталғандар: Тексеру органдары істі жабуға тырысып жатырБас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған алты азаматтың азаптаудан көз жұмғанын растады