Алматы соты белсенді Салтанат Тәшімованы "заңсыз митингіге қатысқаны" үшін 15 күнге қамады

Алматылық экобелсенді, суретші Салтанат Тәшімова.

16 маусымда Алматының ауданаралық арнаулы әкімшілік соты экобелсенді, суретші Салтанат Тәшімованы "биліктің келісімінсіз өткен митингіге" қатысқаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл туралы BES.media (БЕСсимптомно) Telegram-каналы хабарлады.

Тәшімованың ісін қараған судья Руслан Жамалбеков белсенді 9 сәуірде Алматының Бостандық ауданындағы "Мечта", "Престиж", "Тенгиз Тауерс", "Бұқсар Жырау Тауерс" тұрғын үй кешендерінде тұратын азаматтардың биліктің келісімінсіз өткізген митингіге қатысқаны үшін айыпты деп таныған. Ол жолы тұрғындар сол жердегі сквердің қасына нығыздап жаңадан көпқабатты үй салуға қарсылық білдіріп жиналған еді.

Бас-аяғы жарты сағатқа созылған сот айыптау тарабы айғақ ретінде ұсынған фото мен видеоны іске тіркегенімен, оны көріп шығуды қажетсінбеген деп жазады басылым.

Сотта сөйлеген Салтанат Тәшімова 9 сәуірдегі тұрғындардың жиынына олардың өтініші бойынша қатысып, тікелей эфир жүргізгенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Осы жағдайға әкімдік жеткізді". Алматыдағы "заңсыз" құрылысқа қарсылық акциясында адам өлді

Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда тұрғын үйлер орналасқан, жұртшылық демалатын, балалар ойнайтын алаңдар маңына нығыздап құрылыс салуға наразылық жиі болып тұрады. Құзырлы органдарға сөзін өткізе алмаған адамдар биліктің назарын аударуға тырысып, кейде жолды жабады. Өткен аптаның аяғында кезекті қарсылық акциясы кезінде оқыстан адам қаза болды.

Судья Жамалбеков белсендінің адвокаты Руслан Қожахметтің сотта куәларды тыңдап, Тәшімованы тұрғындардың жиынға шақырғанын дәлелдейтін аудио мен хаттардың скриншотын іс материалдарына тіркеу туралы өтінішін қанағаттандырған.

Судья белсендіні айыпты деп таныған шешімін жариялаған кезде "іс материалдарына тіркелген видео мен фотолармен танысқанын" айтқан, бірақ адвокат оның сөзі шындыққа сай емес дейді.

"Судья видео мен фотоны көріп үлгерген жоқ, онысы алдау болды. Айыптау тарабы ұсынған видеоны сотта көрсетпеді, біз іске тіркеуді өтінген аудионы да тыңдаған жоқ. Сайып келгенде бұл қорлау болды" деп мәлімдеген соттан кейін адвокат Қожахмет.

Салтанат Тәшімова сот шешіміне шағым түсіретінін айтқан. Соттан кейін белсендіні Алматыдағы әкімшілік жазаны өтеу мекемесіне әкеткен.

Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 2020 жылы мамырда енгізілген өзгертулерден соң "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу" деген 488-бабымен жауапқа тарту мерзімі екі айдан бір жылға дейін ұзартылғанын еске салады.

"Өкінішке қарай, қолданыстағы заң бойынша, митинг, пикет, шеру мен демонстрация ғана емес, көпшілік жерде өткізген кез келген жиын бейбіт жиын болып саналады. 488-бапқа сәйкес, митинг, пикет, шеру немесе демонстрация ғана емес, "басқа да көпшілік шараларға" қатысқаны үшін де жауапқа тарту қарастырылған" дейді Жовтис.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу хақы әлі күнге шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Нұр-Сұлтан елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Пикетті қауіп санайды". Билік белсенділердің бейбіт акциясынан неге шошиды?"Жаңа Қазақстанның" ескі әдістері. Реформаға бет бұрғанын жариялаған елде белсенділерді қудалау тыйылмады"Саяси астармен қудалайды, еркіндікті шектейді, азаптайды". АҚШ баяндамасында Қазақстандағы адам құқығы ахуалын сипаттадыАлматыда рұқсат етілген митингіде тұрғындар тығыз құрылысқа қарсылық білдірдіАлматыда ауаның ластануына қарсы митинг өтті. Билік Украинаға қолдау білдіргендерге ескерту жасады