"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургиялық комбинатында бес жұмысшының мерт болғаны кеніштегі қордаланған мәселелердің шешілмегенін тағы көрсетті.
ТЕМІРТАУДА НЕ БОЛДЫ?
Қарағанды облысы Абай қаласындағы "Абай" шахтасында алты адам мерт болып, үш адам зардап шеккен апаттың тергеуі аяқталмай жатып, "АрселорМиттал Теміртауда" (АМТ) да қайғылы оқиғалар болды.
10 маусымда АМТ металлургиялық комбинатында цехтың төбесі опырылып, жұмысшылар үйінді астында қалды. Төрт адам қаза тауып, бір адам қатты зардап шеккен. 34 жастағы Бауыржан Қыдырхан, 41 жастағы Жәнібек Әбдірасылов, 52 жастағы Александр Мельник пен 59-летний Сергей Дусаев мерт болды. Әбірасылов комбинатқа жұмысқа тұрғанына бір ай да болмаған. Ал Мельник компанияда – 22 жыл, Дусаев 18 жыл еңбек еткен. Ауыр жараланған 28 жастағы Николай Жумов комбинатқа 2018 жылы жұмысқа келген. Бесеуі де цехтағы металлургиялық пештерді жөндейтін. Марқұмдарды 12-13 маусымда жер қойнына тапсырды.
Төрт қазаның топырағы кеппей жатып 16 маусымда АМТ компаниясына тиесілі жылу электр орталығындағы қазандықты жөндеу кезінде бір жұмысшы мерт болды. 35 жастағы Нұрғазы есімді жұмысшы 20 метрден құлап, тіл тартпай кеткен. Билік марқұм болған жұмысшы АМТ комбинатындағы "AB Construction" мердігер компаниясында істеген деп мәлімдеп үлгерді.
Кейінірек "AB Construction" басшылығы жұмысшы қызметте жүріп мерт болғанын, "жағдайды тексеріп жатқандарын" хабарлады. Компания қаза болған жұмысшының отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтпады.
Одан соң АМТ марқұмның отбасына көңіл айтып, сайтында апатқа қатыстары жоғын меңзеген хабарлама жариялады.
"AB Construction" компаниясы қазандықтағы жұмысты бақылау және жүргізуді өз мойындарына алған" деп жазды АМТ сайтында.
Бір аптаның ішінде АМТ комбинатының аумағында бес адам қаза болып, бір адам басынан жараланды. Теміртаудағы кейінгі екі қайғылы оқиғаны қоғам алдымен сайттардан, ақпарат құралдарынан білді. Жергілікті билік журналистердің сұрауынан соң қайғылы оқиға болғанын растады, ал компания сайтында ақпарат жариялады. 16 маусымда билік қайғылы жайттарға байланысты брифинг өтеді дегенімен, нақты уақытын айтпады.
ПЕТИЦИЯ МЕН ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
АМТ компниясына тиесілі металлургиялық комбинаттары мен кеніштерінің жағдайы қоғамды алаңдатып отыр. Қайғылы оқиғалардан соң әлеуметтік желіде АМТ компаниясының топ-менеджерлерін жауапқа тартуды талап ету күшейді.
10 маусымда жұмысшылардың өлімінен кейін интернетте "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын Қазақстан халқына қайтаруды талап еткен петиция жарияланды. 17 маусым түскі 15.00-дегі жағдай бойынша, петицияны төрт мыңдай адам қолдаған, қырықтай адам қарсы шыққан.
Петиция авторы Қайырбек Сәрсенбай компанияда "жыл сайын апаттар мен жалақы дауы болды, апаттардан адамдар қаза тауып жатыр" деп жазды. Ол "біз осы петиция арқылы қоғамда резонанс туғызып, билік назарын аудара аламыз" деп аудиторияға қайырылған.
Кейін "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы премьер-министр Әлихан Смаиловқа депутаттық сауал жолдап, АМТ компаниясының барлық комбинатына техникалық аудит жүргізіп, тексеруді сұрады.
КОМПАНИЯ НЕ ДЕЙДІ?
16 маусымда АМТ сайтында пресс-релиз жариялап штатта жұмыс істеп, қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетеміз деді.
Компания жерлеу шығындарын өтеп, марқұмдардың отбасына он жылдық көлемінде жалақы беретінін; балалары 18 жасқа (студент болса 23 жасқа) толғанға дейін ай сайын сақтандыру төлейтінін айтады. Бұған қоса, АМТ марқұмдардың балаларының 23 жасқа дейінгі оқуына ақша беріп; үйлеріне жоқтарға үй алып береміз, баспаналары барлардың үйлерін жөндеуге көмектесеміз, әйелдерін жыл сайын санаторийге, балаларын лагерьге жібереміз дейді.
Компания сайтында қаза болғандардың отбасына ғана емес зардап шеккендерге де көмектесеміз деп уәде беріп отыр. Бірақ зардап шеккендерге қандай көмек болатынын ашып айтпаған.
"Тиісті органдармен бірге жұмыс істеп, қайғылы жағдайдың себебін анықтап, оны қалай алдын алуға болар еді деген сауалға жауап іздейміз. Компания басшысы ретінде алда мұндай жағдайлардың алдын алу үшін барлық жағдайды қарастырамыз" деді АМТ бас директоры Биджу Наир (бұл сөз компания сайтында жарияланды).
АМТ сайтында компания мен Қазақстан үкіметі кәсіпорындарды жаңалау, ауаға тарайтын зиянды заттардың мәселесін шешу бойынша меморандумға қол қойғанын да еске салған.
Компания алдағы он жылда үш миллиард доллар инвестиция бөлетінін де айтады. Былтыр АМТ "кеніштердегі өндірісте анализ жүргізіп", "әріқарай даму бағдарламасын келісетінін" айтқан еді.
"ӘР ЖОЛЫ КОМПАНИЯҒА ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРУҒА РҰҚСАТ БЕРЕДІ"
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясында жұмыс істейтін "Металлургтер кәсіподағы" комбинатта болған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, мәселені барынша байыппен жеткізуге тырысты.
– Жұмыс орны, еңбек жағдайы, шаң-тозаң мен газдың ортасында жұмыс істеу, температуралық режим бойынша бірқатар мәселе бар. Жақында комбинаттың негізгі цехтарындағы еңбек жағдайын тексеру қорытындысын алдым, онда ескеретін жайт көп. Не істеуге болады? Құрылғының ешқандай ақаусыз жұмыс істеп, қауіпсіз болуын қамтамасыз ету керек. Адамдар жұмысқа келіп, еңбек етіп, үйлеріне аман-есен оралуы тиіс, – деді Металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин.
"Казуглепроф" көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязовтың айтуынша, жақында Нұр-Сұлтанда үшжақты салалық комиссияның отырысы өткен. Жиында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы нысандарына жүргізілген прокурорлық тексерістердің қорытындысы айтылуы керек еді. Бірақ тексеріс нәтижесі жарияланбаған. Комиссия отырысы да кейінге қалған.
– Болған жағдайға кім жауапты екенін, қандай түзетулер енгізілгенін, нендей шаралар қолға алынып жатқанын білгіміз келеді. Әлде жыл сайын бір кемшілікті анықтап жүре береміз бе? Әр тексеріс сайын "Арселорда" құрал-жабдықтың әбден ескіргені анықталады. Бірақ әр жолы компанияға жұмысын жалғастыруға рұқсат береді. Қауіпсіздік үшін қолданылуы тиіс құрылғылардың бәрі бірдей пайдаланылмайды. Ал құрал-жабдықтың сапасы мен оның қаншалық ескіргені жұмысшылардың қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар. Көп ақша салу керек. Бұзылған кез келген механизм қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Тағы бір мәселе – жұмысшылардың аздығы, – дейді Миргаязов.
Ол кеншілер мен металлургтерді оқыту сапасы сын көтермейтінін, жастар мәртебесі жоқ мамандықтарды таңдағысы келмейтінін айтады. Билік үнемі кейінге қалдырып келе жатқан дүниенің бірі – кеншілер мен металлургтердің зейнет жасын төмендету мәселесі.
"Адамдардың мәселесін созбаққа салып келеді" дейді Миргаязов.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдық бөлімше қызметкерлері АМТ компаниясына қарасты нысандарда қауіпсіздік деңгейі төмен екенін бірнеше рет айтқан. Қарашада "АрселорМиттал Теміртау" шахтасында апат болып, алты адам қаза тауып, үш жұмысшы жараланған кезде төтенше жағдай министрі Юрий Ильин "Инспекторлар қауіпсіздік талаптары жүйелі түрде бұзылатынын анықтайды, бірақ соттар айыппұл салумен ғана шектеліп, нысанның жұмысын тоқтату туралы ұсынысты қолдамайды" деген. Министрлік АМТ компаниясы "Абай" шахтасындағы жұмысшылардың қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз етпеген деген қорытындыға келген.
КЕНШІЛЕРДІҢ ҚАЗАСЫ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ СОТ ҮКІМІ
"АрселорМиттал Теміртауда" істеп, өндірістік апаттан қаза тапқан кеншілердің жесірлері 13 жыл бұрын "Кеншілер отбасы" деп аталатын ұйым құрған. Ұйым өкілдері жұмыс беруші қол астындағы қызметкерлерінің қазасы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс деп есептейді. Қайғылы жағдай бола қалса, билік бірден қылмыстық іс қозғап, апат себебін анықтауға уәде береді, бірақ кеншінің я жұмысшылардың қазасы үшін ешкім жауапқа тартылмайды.
– Бұл марқұмның жақындарына байланысты. Олар кінәліні жауапқа тартқысы келсе, бұл үшін аянбай күресуі керек. Қайғылы жағдайдан кейін кінәлілер жазаланса, жарақат пен өлім саны азаяр еді. "АрселорМиттал Теміртау" үнемі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы мен күш жұмсап жатқанын айтудан жалықпайды. Бірақ жағдайдың өзгергенін байқаған жоқпыз. Адам өмірі темір жабдықтан да арзан болып шықты. Әйтпесе, қауіпсіздік техникасы мен жаңа құрылғы сатып алуға әлдеқайда көп ақша бөлінер еді. Қауіпсіздік техникасына қаржы бөлмей, ескі құрал-жабдық қолданудың соңы кісі өліміне әкеліп соққанын растайтын сот үкімдері бар. Жұмысшыларға қауіпсіздік техникасын бұзуға тура келеді, өйткені жоспарды орындамаса, табыссыз қалады. Жалақының негізгі бөлігі сыйақыдан құралады. Жағдай былай: адамдар айтылған тапсырманы орындайды, кейін қағазға қараса, ондай тапсырма берілмеген болып шығады. Бұл ақпаратты сот процесі кезінде жұмысшылардан естиміз. Әдетте мемлекеттік инспекция кемі он пайыз жұмысшының кінәсі деп шығады. Бұл кейін жұмысшыға берілетін өтемақы көлеміне әсер етеді, – дейді "Кеншілер отбасының" құрылтайшысы Наталья Томилова.
Ұйым мүшелері Ленин атындағы шахтада қаза тапқан (2006 жылы қыркүйекте шахтада болған апаттан 41 адам көз жұмған) азаматтардың ісін сотқа жеткізіп, кінәлілерді жауапқа тарта алған еді.
– Олар мәйіттерді іздеу жұмыстарын дереу тоқтатып, кей азаматтардың мүрдесін жоғарыға шығарған жоқ. Қаза тапқан кеншілерді тез жерлеуге мәжбүрледі. Ешқандай сараптама жасалған жоқ, жақындары мәйіттерді жинап, жерлеуге алып кетті. Марқұм азаматтардың жесірлері мәйітханада есінен танып жатты. Бұл атышулы іс болды. Бір жыл бойы күресіп, ақиқатқа жетуге тырыстық. "Қаза тапқан азаматтардың мүрдесін шахтадан түгел алып шықты ма?" деген сұраққа жауап іздедік. Апаттан кейін жерлеу рәсімі өтіп жатқанда кеншілер ереуілге шықты. Ереуілден кейін шахтадан тағы да мәйіт бөлшектері табыла бастады. Оларды ақырын жер бетіне шығарып, ешкімге көрсетпей жерлеп тастады. Бірақ халық арасында әңгіме жатпайды ғой, адамдар шахтадан адамның басы, денесі табылды деген ақпаратты марқұмдардың жақындарына жеткізген. Бірден арыз жаздық. Олар мәйіт бөлшектері жер бетіне шығарылып, заттай айғақ ретінде мәйітханада сақталады деп сендіруге тырысты. Сот арқылы мәйіт қалдықтарын көруге рұқсат алдық. Мәйітханаға барғанда мәйіт бөлшектері ғана емес, мүрделер де табылғанын білдік. Бізге қысқа дерек жазылған қағазы бар қапшық берді. Қапшықтарды қарап, осыған дейін ресми түрде жерленген кеншінің мәйіт қалдықтарын тауып алдық. Марқұмның жесірі күйеуін екі рет жерледі. Оған "отбасыңызға көмек береміз" деп, жерлеу рәсімін у-шусыз өткізуді ұсынды. Кейін ол әйел де ерте қайтыс болып кетті. Осының бәрі тіркеулі тұр. Еске алудың өзі қиын, – дейді Томилова.
Томилова осы кезде компания тарихында алғаш рет кеншілердің қазасы бойынша қозғалған іс сотқа жеткенін айтады. Бірақ айыпталушыларға жеңіл жаза берілген. Әділдік іздеген әйелдердің арқасында одан кейін қаза тапқан кеншілердің отбасы кедергілерге тап болмай, көбірек өтемақы алып, басқа да қолдау түрлеріне ие болған. "Кеншілер отбасы" ұйымының өкілдері "қара жамылған шаңыраққа қандай көмек берсе де, қаза тапқан кісінің орны толмайды, жақындарының жарасы жазылмайды" дейді.
– Отағасы тірі болса, отбасын өзі асырар еді. Отбасы асыраушысынан айырылса, компания жетім қалған балаларға пәтер әперіп, оқытып, ештеңеге мұқтаж қылмай өсіруге міндетті. Ал олар бірден заңға сілтей жөнеледі. Бірақ заңда жұмыс берушіге жәбірленушілерге материалдық көмек беруге тыйым салынады деген бап жоқ қой. Ұжымдық келісімшартқа осы талаптарды қосса, мемлекет жұмыс берушіні жәбірленуші тарапқа материалдық қолдау көрсетуге міндеттей алар еді. Міне, мәселенің төркіні қайда жатыр. Ал қазір ұжымдық келісімшарт компания мен жұмысшылардың атынан сөйлейтін – кәсіподақ арасында жасалады. Кәсіподақ жұмыс берушінің ырқына жығылып, адамдардың тағдырына немқұрайды қарап отыр, – дейді Томилова.
Былтыр қарашада "АрселорМиттал Теміртау" шахтасында болған апаттан кейін мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов "Қайғылы жағдай жер астында немесе металл балқытатын пештің жанында жұмыс істеп жүрген азаматтарға қатысты әлеуметтік әділеттілік мәселесін қайта ушықтырды" деген.
Одан бері жағдай жақсарған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Теміртау: Шағын қаладағы зор проблемаларТеміртауда ауаны ластайтын зиянды қалдықтарды азайтуға уәде берді Шахтерлер мен металлургтер зейнет жасын төмендетуді талап етедіКәсіподақ: АМТ жалақы өсуіне қатысты "асығыс" мәлімдеме жасады