Украина оңтүстікте оккупацияланған жерлерін қайтара ала ма?

Украиналық әскери Ресейдің шебіне қарай шабуыл жасап жатыр. Харьков облысы, 27 шілде 2022 жыл.

Украина оңтүстіктегі жерлерін қайтарып алу үшін қарымта шабуылға щығуға қаншалықты дайын? Батыс елдерінің қолдауы азайып кетпей ме? Ресей әскері шынымен әлсіреді ме? Бұл сауалдарды Пентагонның бұрынғы қызметкері Крис Догертимен талқыладық.

Украина әскері АҚШ берген ракета жүйелерімен елдің оңтүстігінде оккупацияланған аймақтардағы Ресейдің әскери шебін атқылап жатыр. Осыған дейін Киев тарабы Украинаның оңтүстігінде Ресей басып алған жерлерін қайтару үшін қарымта шабуылға шығатынын айтқан.

АҚШ-тың Украинаға берген HIMARS ракета ату жүйесі дәлдігі мен жылдамдығы жағынан Ресейдің ракета ататын құрылғыларымен салыстырғанда тиімді болып, Украина әскеріне көп көмегі тиіп жатыр. Украиналықтар бұл қаруымен Херсон облысы Днепр өзеніндегі Антонов көпірін және оккупацияланған аймақтардағы Ресейдің қару-жарақ қоймаларын бүлдірді. Ресей Херсон облысындағы Антонов көпірін қару-жарақ тасымалдауға, әскерін жабдықтауға пайдаланып келген еді.

Украина АҚШ пен Еуропа елдері берген қарулармен оңтүстігінде Ресей басып алған жерлерді қайтара ала ма? Украина әскерилері қарымта шабуылға қаншалықты дайын? Азаттық радиосы бұл сұрақтарды АҚШ қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкері, Вашингтондағы Жаңа Американың қауіпсіздігі орталығының (Center for a New American Security) сарапшысы Крис Догертимен талқылады.

Азаттық: Украина билігі қыркүйектің соңына дейін елдің оңтүстігіндегі оккупацияланған аймақтарды қайтарып алу жоспары барын айтты. Украина күштері кейінгі күндері Херсон маңындағы шабуылын үдетіп, кейбір аймақтарды қайтарып алғанын көріп отырмыз. Киев шынымен Украинаның оңтүстігіндегі жерлерін толық қайтара ала ма?

Крис Догерти: Бұл Украинаның оңтүстігі деп қай жерлерді атағанымызға байланысты болмақ. Егер Херсон мен соның маңындағы облыстарды айтсақ, онда Украина қыркүйектің соңына дейін бұл жерлерді қайтарып алуы мүмкін. Ал Қырым мен Украинаның оңтүстігіндегі басқа аймақтарды қоса қайтарып аламыз десе, онда Украина қазіргі әскери қаруларымен және материалдық қорларымен бұл мақсатқа жете алмайды деп ойлаймын.

Донбасстағы шептегі Украина әскериі.

Азаттық: Украина АҚШ берген HIMARS қаруымен Ресейдің әскери шебіне жабуыл жасап жатыр. Бұл Украинаның Херсон облысын қайтарып алуға жасаған алғашқы қадамы ма?

Крис Догерти: Меніңше, теориялық тұрғыдан бұл сұраққа «иә» деп жауап беруге болады. Бірақ Украина Донбасстағы басқа да шайқастарда бұл қаруды әртүрлі мақсатта қолданды. Мысалы, Украина Донбасста HIMARS жүйесін Ресейдің басқыншылығын тоқтатуға, шабуылын тойтаруға, материалдық-техникалық жабдықтары мен командалық базаларын жоюға пайдаланды. Демек Донбасста Украина аққан қанды тоқтатуға тырысты. Ал HIMARS негізінен қарымта шабуылға шығуға дайындыққа арналған. Украина қазір бұл қаруды сол мақсатта қолдана бастаған сияқты.

Ал қарымта шабуылға дайындықтың мәселесі АҚШ пен НАТО-ның жоспар құрушыларын да ойландырып отыр. Олар Украинада қарымта шабуылға шығатын әрі Ресейдің шебін бұзатындай солдат, техника, қару жететініне сенімсіздеу.

Оның орнына біз баяу жүретін шабуылды көруіміз мүмкін. Мұндайды Ресей Донбассқа алғаш кіргенде қолданғанын көрдік. Діттеген жерге бір-екі шақырым қалғанда ғана көп адам шығынына әкеп соғатын кескілескен шайқас болуы мүмкін.

Американың HIMARS қаруы.

Азаттық: Батыс офицерлері, соның ішінде Ұлыбритания барлау қызметінің басшысы Ричард Мур Ресей адам күші мен материалдардың жетіспеуінен әлсіреуі мүмкін деді. Бұл пікірмен келісесіз бе? Қазір Ресей әскерінің күші қаншалықты мықты?

Крис Догерти: Ресей әскері қазір коллапстың алдында тұр деп айта алмаймын, егер олардың күші таусылса демек Украина да әлсіреді деуге болады.

Бокстың тілімен айтсақ, қазір біз 15 раундтық жекпе-жектің 12-13 раундындамыз. Екі тарап басында білек сыбана кіріскен еді, қазір екі жақ ентігіп қалды. Сондықтан екеуі де қыс түспей жағдайды өзгертетін соңғы соққыны жасап қалуға тырысып жатыр. Осыдан кейін стратегиялық есептер шынымен өзгере бастайды.

Украина тарабы асығыс қимылдап жатыр, олар күн суытқан соң стратегиялық есеп Ресейдің пайдасында болатынын түсінеді. Себебі қыс түсе Еуропаға газ жеткізу баяулайды.

Азаттық: Сіз Украина үшін келе жатқан қыс мезгілі маңызды уақыт дедіңіз. Тағы бір маңызды ескерер уақыт күз мезгілі сияқты, себебі күзде Ресей Украинаның оңтүстігін аннексиялап алуды жоспарлайды. Уақыттың тығыздығы Киев пен оның Батыстағы серіктестерінің стратегиялық жоспарына қалай әсер етеді?

Крис Догерти: Ресейдің Украинаның тағы бір бөлігін аннексиялауға талпынудың мәні жоқ деп ойлаймын, себебі мұны халықаралық қауымдастық мойындамайды. Ресей бұл біздің территория деп айтып, шабуылға ұшырамаудың амалын іздеуі мүмкін, бірақ бұл басты қауіп деп санамаймын. Ал қыста Ресей расымен Еуропаға газ беруді тоқтатып тастауы әбден мүмкін. Газды саяси қару ретінде қолданғанын көргенбіз, қазір соны тағы көреміз деп ойлаймын.

Украина суық түскен соң Батыстағы серіктестерінің қолдауы азайып кете ме деп қатты алаңдайды. Себебі қыс келгенде еуропалықтар тарапынан «Украина үшін неге көп нәрсені құрбандыққа шалып жатырмыз?» деген сауал туындауы мүмкін.

Ақпаннан бері Еуропа одағы тарапынан көп қолдауды көріп отырмыз және бұл қолдау кенеттен тоқтап қалмайды, бірақ одақтың бұл импульсі азайып, энергиясы жетпей қалуы мүмкін.

Ресей әскері Украинаның оккупацияланған Запорожье облысында жүр. 23 шілде 2022 жыл.

Сондықтан украиналықтар әскери стратегиясының саяси аспектілерін жақсы түсініп отыр, дәл осы саяси аспект Украинаны елдің оңтүстігінде агрессиялы қарымта шабуылға итермелеп отыр.

Бір жағынан, НАТО қазіргі уақыттағы маңызды әскери факторды зерттеп, Киевте ірі шабуылға шығатын әскери күш пен техника жоқ екенін көріп отыр. Ал Украина ірі шабуылға шықса тағы да екіт арап көп адам шығынына ұшырайды.

Бұл – Еуропадағы масштабы жағынан екінші қақтығыс, меніңше, Украинаға солтүстік, шығыс және оңтүстіктегі барлық позицияны ұстап тұру және қарымта шабуылға шығу қиынға соғады. Сондықтан НАТО тарапынан 2023 жылдың көктеміне дейін күте тұру туралы өтініш түсуі мүмкін. Бұл уақытқа дейін Украина шынымен жеткілікті күш жинап ала алады.

Бірақ 2023 жылға таман Ресей де шабуылдау не қорғану күшін қалпына келтіріп алуы мүмкін. Ал Украина бұл уақытта Батыстан қолдау әлсіреп кетеді деп қауіптенеді, сондықтан олар ертерек іске кірісу керек деп санайды.

Сұхбат ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"40 мың жауынгерінен айырылған" Ресей, Донбасстағы шайқас. Украинадағы соғыс не болып жатыр?HIMARS қаруы Украинаға соғыста бетбұрыс жасап, қарымта шабуылға шығуға көмектесе ме?Батыс елдері Украинаны қалай қолдауы керек? Америка генералымен сұхбатАҚШ Украинаға HIMARS артиллериялық ракета жүйесін бермек. Бұл қандай қару?