Назарбаев астанада отставкаға кетеріне бір күн қалғанда іргетасын қалаған мешіттің ашылуына қатысты

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

12 тамызда Нұр-Сұлтанда Орталық Азиядағы ең ірі мешіт болады деп айтылған ірі діни нысанның ашылуы болды. Оны елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

Informburo.kz сайтының хабарлауынша, мешіт орналасқан аумақтың көлемі 10 гектар. Үлкен күмбезінің биіктігі 83,2 метр, диаметрі 62 метр. Мешітте әрқайсысының биіктігі 130 метр болатын төрт мұнара бар.

Бір мезетте 30 мыңнан астам адамға құлшылық етуге мүмкіндік беретін мешіттің іргетасын 2019 жылы наурызда Назарбаев отставкаға кетпей тұрып бір күн бұрын қалаған.

12 тамызда сөйлеген сөзінде бұрынғы президент мешіт "жекелеген азаматтар мен инвесторлардың есебінен" тұрғызылғанын айтты.

"Тәуелсіздіктің 30 жылында жекелеген азаматтарымыз осындай игілікке қол жеткізді. Мен мешіт құрылысын қолдау қажеттігін айттым. Мемлекет қаржысы жұмсалған жоқ. Осы игі іске қатысқан барлық азаматқа алғыс айтқым келеді" деді бұрынғы президент. Оның сөзінен Informburo.kz үзінді келтірді.

Мешіттің ашылуына Назарбаев төңірегіндегі бірқатар тұлғалар, атап айтқанда бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның бұрынғы жетекшісі Қуаныш Сұлтанов, Жамбыл және Алматы облыстарының бұрынғы әкімдері Бердібек Сапарбаев пен Амандық Баталов қатысты.

Бұл Назарбаевтың жыл басынан бері бұрынғы саясаткерлермен бірге қоғамдық шараға алғаш рет қатысуы. Сәуір айында экс-президент астанада өзіне арналған көрмеге барып, жас суретшілермен тілдескен. Маусым айында Конституцияға түзетулер бойынша референдум кезінде дауыс беріп, ләм-мим деместен учаскеден шығып кеткен.

Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter'де "бас мешіттің" ашылуы жайлы хабарламасында Назарбаевты "Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы" деп атап көрсеткен.

ҚазТАГ-тың жазуынша, Үкібай кейінгі хабарламаларында Назарбаевты "елбасы" деп атамай жүрген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаев билікке ықпалы күшті Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы қызметінен айырылған. Кейін заңнан елдің сыртқы және ішкі саясатына қатысты мәселелер бойынша Назарбаевтың келісімін алу керек деген талап алып тасталды. Назарбаев пен оның отбасы бұрынғы құдыретінен біртіндеп айырыла бастады, туған-туысы лауазымды қызметтерінен түсті, кейбірі тұтқындалды. Маусым айындағы Конституцияға енген өзгерістерден кейін бірінші президентке берілген артықшылықтың бәрі алынып тасталды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Назарбаевтың "дақ түскен" мұрасы, Тоқаевтың жауапкершілігі және Қаңтар төңірегіндегі жауапсыз сұрақтарOCCRP өкілі: Назарбаев қорының шағымын PR қадам деп бағалаймызНазарбаев қоры экс-президенттің "миллиардтары" туралы зерттеу жариялаған америкалық ұйымды сотқа бердіҮшқоңыр жұрты "Болат Назарбаевтың үйі су жолын бөгеп отыр" дейдіНұр-Сұлтан әкімі Назарбаевтың аралы жайлы "білмейді"