Астана тұрғындары тығыз құрылыс пен Кіші Талдыкөлді көмуге қарсы шықты

Қаланы тығыз құрылыспен толтыруға және Кіші Талдыкөлді көмуге қарсы шыққан азаматтар. Нұр-Сұлтан, 20 тамыз 2022 жыл.

20 тамызда астанадағы цирк маңында тығыз құрылыс пен Кіші Талдыкөлді көмуге қарсы азаматтар рұқсат етілген митинг өткізді. Бұл жөнінде Власть сайты жазды.

Басылымның хабарлауынша, акцияға қатысушылар қалаға тұрғын үй кешендерін тығыз орналастыруға қарсы шыққан. Бұл мектеп пен балабақша, аурухана мен спорт секциялар тапшылығын туғызған. Акцияға шамамен 200 шақты адам жиналған.

Митингіде сөйлеген депутат Ирина Смирнова "қаламыз балалар мен ересектерге қолайлы болуы тиіс еді, бірақ мектептердің орнына алып кешендер ("человейник" - көп қабатты тұрғын үй кешендері) салынып жатыр, балабақша жетіспейді" деді.

– Капиталистермен бірге біткен шенеуніктер сол кешендерді тұрғызып, біздің есебімізден байып жатыр, – деді ол.

"Менің елім дала" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фарид Ақбердиев митингіде қала басшыларын "шала саясаты" үшін кінәлады.

—Көп қабатты ғимараттардың маңына қабаттастырып тағы ғимарат салады. Сонда балалар қайда оқиды? Көлгінов мәселеден хабардармын дейді. Ізінше бос жерге 25 қабатты ғимарат салуға рұқсат береді, ал біз ол жерде Оқушылар сарайын салуды өтінгенбіз. Әкімдіктің басты міндеті – қала тұрғындарының мүддесін қорғау емес пе. Олар бізбен кездескен кезде олигархтардың мүддесін қорғап шығады, – деді Ақбердиев.

Митингіге келген азаматтардың бірі. 20 тамыз 2022 жыл.

Митингіде сөйлегендердің мәліметінше, қалада мектептер мен балабақшалар жетіспей жатқан тұста құрылыс тығыз орналасқан проблемалы 13 аумақ бар.

Акцияға келгендер Кіші Талдыкөл мәселесін де қозғады. Олардың айтуынша, экологиялық саябақ ашудың орнына Кіші Талдыкөлді көму жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл нормалар мен заңға қайшы келсе де билік олардың әрекетіне құқықтық баға беруден бас тартып отыр.

Бұған дейін ұйымдастырушылар "Ұя(т)сыз" манифесті аясында тұрғындарды жұмыртқаға аттарын жазып, цирк маңына келуге шақырған еді. Бұл идеяның мәнін ұйымдастырушылар былай түсіндірген:

"Астана – біздің ортақ ұямыз. Мыңдаған жылдар бойы Сарырқа төсі мен көлі адамдар мен жануарлар тұрағына айналды. Біз осы жерді таңдап, үйімізге айналдырдық... [Бірақ] бізді сатып кетті. Үйімізді қорлады. Бірақ біздің ойымыз бен намысымыз Бәйтеректен биік, махаббат пен ерік-жігеріміз желден күштірек. Астана – біздің үйіміз. Біз осында болдық, осындамыз және бола береміз. Ұятсыз және ұясыз. Осында өмір сүру үшін қаламыз" деп жазылған.

Әкімдік акцияда айтылған жайттар мен талаптарға байланысты түсініктеме бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сот Кіші Талдыкөлдің бірнеше аумағында құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім шығардыТалдыкөлде қоқиқаздарды іздеп жатырКіші Талдыкөл әлі көміліп жатырЭкология министрі: Кіші Талдыкөлді аумағы 20 гектарлық су нысаны ретінде қалдырамыз"Құстың 168 түрі қонады". Орнитолог Талдыкөлді сақтап қалудың 5 себебін айтты