Қазақстанда интернеттің баяулауына кибер шабуыл әсер етіп отыр. Бұл сөзді бүгін, қарашаның біріне үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген цифрлық даму. инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.
"Кейінгі кезде интернет жылдамдығының нашарлағанына не себеп болуы мүмкін?" деген журналистер сұрағына Бағдат Мусин:
– Қазақстан инфрақұрылымына кибер шабуыл күшейгені туралы бұған дейін де айтқанбыз. Арнайы мемлекеттік техникалық қызмет ұйымы шабуыл салдарын зерттеп, шабуылға төтеп беру жолын қарастырып жатыр, – деп жауап берді.
Алайда министр кибер шабуылды кім, қайдан жасағанын білмейді. Оның сөзінше, бұл мәселемен тиісті орындар айналысады.
28 қыркүйекте мемлекеттік техникалық қызмет мекемесі "Кибер шабуылдар мемлекеттік органдармен қатар, Қазнет инфрақұрылымына да бағытталған. Кибершабуыл салдарынан интернет баяулады" деп хабарлаған.
Оның алдында, 25 қыркүйекте "Қазақтелеком" өкілдері "бірқатар қазақстандық БАҚ, оның ішінде toppress.kz, sn.kz және newtimes.kz сайттарына DDos-шабуыл жасалғанын" айтқан.
Биыл қыркүйектің аяғынан бастап Азаттық сайты да ашылмай қалатын немесе кідіретін болған.
24 қыркүйекте Азаттықта "Тоқаевтың "астыртын бизнесі" және "Мәскеудің Қазақстанды соғысқа араластыру ықтималдығы" атты мақала жарық көрген. Мақаланың алғашқы бөлігінде швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуі жөнінде сөз болған. Осы мақала жарияланғаннан кейін әуелі Азаттықтың орысша беті, кейін қазақша жағы ашылмай қалды. Содан бері Азаттық сайты бір ашылып, бір ашылмай тұр. Қазір сайт Қазақстаннан тыс жерде тез ашылады, ал Қазақстан аумағынан VPN арқылы еркін кіруге болады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кейінгі кезде Азаттық сайтының ашылмай қалуы немесе кідіріп ашылуын Тоқаев туралы мақаламен байланысты емес деп санайтынын айтқан.
Қыркүйектің аяғында президент Тоқаев "кибершабуылдарды" биыл күзде елде кезектен тыс өтетін президент сайлау науқанымен байланыстырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Freedom House есебі: Қазақстан интернеті еркін емес ел ретінде қалдыDDoS-шабуыл үдеп, БАҚ сайттары бұғатталды. Мұның ерте сайлауға қатысы бар ма?NetBlocks Қазақстан аумағында интернет байланыстың нашарлағанын тіркедіҰлттық оператор қазақстандық БАҚ-қа "шетелден DDos-шабуыл жасалғанын" мәлімдеді