Қарақалпақстанда шілде айындағы оқиғаға байланысты ұсталған 35 күдікті қамаудан босатылды. Бұл жөнінде Өзбекстан омбудсменіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, комиссия "ісіне өкінген, отбасыларының әлеуметтік жағдайы нашар" айыпталушылардың үшінші тізімін жасаған.
"1 қарашада 2022 жылы Жокаргы кеңес ұсынысы мен сұрауы бойынша мемлекет кепілдігі негізінде бас прокуратура тағы 35 айыпталушыны отбасына қайтарды" деп жазылған хабарламада.
Комиссия бастамасы бойынша, қамаудан босаған күдіктілер саны 107 адамға жеткен. Осыған дейін де ондаған күдіктінің қамаудан босағаны хабарланған еді. Олардың тек бұлтартпас шарасы ғана өзгерген, қозғалған қылмыстық істер бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нүкіс пен өзге қалаларда жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесі мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыратын Конституцияның жаңа редакциясына қарсылық білдірген.
Наразылық күшпен басып-жаншылды. 4 шілдеде Өзбекстан 18 адамның өлгенін (14-і тұрғын, 4-і құқық қорғау орган өкілі), 516 адамның жараланғанын мәлімдеген. Сол күні Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін қалдыру туралы ресми шешім қабылдаған.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар Ташкентті қантөгісті жан-жақты, әділ тергеуге үндеген. Көрші Қазақстанда қыркүйектен бері Қарақалпақстандағы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен төрт қарақалпақ белсендісі ұсталған. Құқық қорғаушылар Астана оларды Ташкентке экстрадицияласа, ол жақта оларды азаптап, қысым көрсетуі мүмкін деп қауіптенеді. Осыған дейін халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Астананы оларды экстрадицияламауға шақырып, олардың пана беру туралы өтініштерін қанағаттандыруға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Маңғыстаудағы қарақалпақтар диаспорасының төрағасына "өзбек билігінің сұрауы бойынша" іздеу жарияланғанҚарақалпақстанда не болып жатыр? Аймақ белсендісімен сұхбатҚарақалпақстанда шілде оқиғасына байланысты қамалған 24 күдікті үйқамаққа ауыстырылдығаааа