Маңғыстау облысында "Аллаяр жолы" этномәдени бірлестігінің төрағасы Ниетбай Оразбаев "өзбек билігінің сұранысы бойынша" Қазақстан ІІМ іздеу салған азаматтар тізіміне енгізілді. Бұл жөнінде 13 қазанда Азаттыққа белсенді Ақылбек Мұратбай хабарлады.
Оның айтуынша, Өзбекстан билігі Қазақстан азаматы, халық ассамблеясының мүшесі Ниетбай Оразбаевқа "Өзбекстанның конституциялық құрылысына нұқсан келтіруге тырысты деп айыптап халықаралық іздеу де жариялаған".
"Ақтауда [полиция] оны шақырып алып, іздеуде екендігі туралы анықтама берген. Оған егер Қазақстан азаматы болмағанда ұсталып жатқан өзге қарақалпақтар сияқты ұстайтын едік деген. Оны Қазақстан азаматы болғандықтан ұстамаған" деді Ақылбек Мұратбай.
Ниетбай Оразбаевтың өзі "Власть" басылымына берген сұхбатында ақпаратты растайды. Оның сөзіне қарағанда, 6 қазанда Қарақалпақстандағы туған жері Хожели қаласының ішкі істер органынан өзіне іздеу жарияланғаны туралы ақпарат түскен.
"Сол күні қазақстандық полиция қызметкерлері жұмысыма келіп, іздеу деректер базасынан қағаз алды. Онда бұлтартпас шарасы – қамау деп көрсетілген. Кешке жұмыстан соң полиция департаментіне бардым. Сол кезде Хожели сотының қаулысын көрсетті. Онда өзбекше шілдедегі оқиға кезінде "Аллаяр жолы" этномәдени бірлестігінің төрағасы өзбек билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деп жазылған. Бұған қоса, сол кезде "қылмыстық топ" - қарақалпақ белсенділері Дәулетмұрат Тәжімұратов, Азамат Тұрданов және өзім мүлде танымайтын тағы бір адаммен байланыста болды деп көрсеткен. Алғашқы екеуін мен тек интернеттен ғана көргенмін. Түсініктеме жазып, кетіп қалдым" деді Ниетбай Оразбаев.
Ол ертесінде адам құқығын қорғау халықаралық бюросымен адвокат жөнінде келісіп, Маңғыстау облыстық прокуратурасына шағым жазып, Қазақстан азаматы ретінде құқығын қорғауды сұраған.
Оның айтуынша, Қарақалпақстанда шілдеде наразылық болмай тұрып, Өзбекстан конституциясының 74-бабының өзгертілуіне қарсы екенін видеомәлімдемемен жеткізген. "Пікір айту қылмыс емес" дейді ол.
"Бізде ешқандай ұран, экстремистік дейтіндей ештеңе болған жоқ. Бұл баптарды жалпыхалықтық талқылауға жіберген. Әрбір адамның азаматтық позициясын айтуына құқығы бар. Мұнан қылмыс көріп тұрған жоқпын" дейді Оразбаев.
Қазақстан ІІМ Оразбаевтың мәселесіне байланысты әзірге жауап берген жоқ. ІІМ іздеу базасында әзірге Оразбаев есімді фамилия шықпайды.
Бұған дейін Алматыда Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты төрт қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова, Зиуар Мирманбетова ұсталған еді. Жергілікті сот оларға 40 күнге қамау жөнінде бұлтартпау шарасын белгілеген.
- Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылықты күшпен басып-жаншыған Өзбекстан билігі Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялаған.
- Ресми мәліметке қарағанда Қарақалпақстандағы оқиға кезінде 21 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау органдарының өкілі. Осы оқиғадан кейін Өзбекстан парламенті конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
- Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.
- Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерінің хабарлауынша, шілдеден бері Қазақстан және Өзбекстанның құқық қорғау органдары Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты бірқатар белсенділерді тергеген.
ПІКІРЛЕР