Иранда халық Иран құрамасының әлем чемпионатында 1/8 финалға шыға алмағанын тойлап жатыр. Тегеранда және бірнеше қалада адамдар көшеде билеп, көліктерінің сигналын басып, жеңілісті тойлаған. Бұл туралы Азаттықтың Иран қызметі мен ВВС сайты хабарлады.
Азаттықтың Иран қызметінің жазуынша, елдің солтүстігінде полиция футбол құрамасының жеңілісінен соң көшеге шыққан бір адамды атып тастаған.
Еркін күрестен Атланта олимпиадасының чемпионы атанған ирандық балуан Расул Хамид желіде "футбол құрамасының жеңілісіне қуану – билікке деген қарсылық" деп жазды.
Көптеген ирандықтар қазіргі құрама әлем кубогына исламистік республиканың атынан қатысып жатыр деп қолдаудан бас тартқан.
Иран футболшылары топтық кезеңде Англиямен алғашқы матчта әнұран айтудан бас тартқан, бірақ кейін Уэльс және АҚШ-пен матчта әнұран айтқан.
Иран құрамасы топтық кезеңде алғашқы матчта Англиядан 2:6 есебімен жеңілген. Кейін Уэльсті 2:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндігі болған. Бірақ шешуші ойында АҚШ құрамасынан 0:1 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады.
Иранда он аптадан бері билікке қарсы наразылық болып жатыр. Ирандағы наразылық 22 жастағы студент Махса Аминидің өлімінен кейін басталды. Полиция оны көшеде хиджабты дұрыс кимегені үшін ұстаған. Туыстарының айтуынша, 16 қыркүйекте Амини ауруханада ауыр соққы салдарынан қайтыс болған. Билік марқұмның жүрегінде ақау болған дейді. Иран әйелдері қарсылық ретінде шашын қырқып, хиджабтарын өртей бастады. Мыңдаған адам көшеге шықты. Олар Амини өлімін тергеуді талап етті.
Норвегияда орналасқан Iran Human Rights ұйымының есебінше, Ирандағы наразылықта кемі 448 адам қаза тапқан, олардың арасында 60 бала бар. 18 мыңнан аса адам қамауға алынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Иран футболшылары әлем чемпионатында өз елінің әнұранын шырқаудан бас тартты"Әйел, өмір, азаттық!" Ирандағы наразылық фольклорының бір қырыИранда Махса Амини өлімі туралы жазған журналистер "мемлекетке сатқындық жасады" деп айыпталды Иран тағы толқыды. Аятоллаға мадақ әнін орындамаған оқушы қыз ауыр соққыдан қайтыс болды