Қарағандылық азаматтық белсенді Евгений Молчанов Украинадағы соғысқа қарсы бейбіт митинг өткізу туралы әкімдікке өтініш тапсырған, алайда жергілікті билік рұқсат етпеген. Ол әкімдікке 6 желтоқсанда өтініш тапсырып, 17-18 желтоқсан күндері Қарағанды орталығындағы Абай ескерткіші маңында "Ресей оккупациясына жол жоқ!", "Одақтық мемлекетке жол жоқ!", "Тәуелсіз Украина, тәуелсіз Қазақстан үшін", "Қазақстанның ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығуын талап етеміз" деген ұрандармен митинг өткізгісі келетінін хабарлаған. Ол сонымен бірге Жаңаөзен, Желтоқсан және Қанды қаңтар құрбандарының өлімін тергеуді және кінәлілерді жазалауды талап етпек болған.
"Мұның бәрі шаршатып бітті, сол себепті шығуға бекіндім. Десе де, бізде шығудың өзі қауіпті. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Митинг кезінде Украинаға тыныштық беріңдер деп айтқымыз келген. Қазақстан оған қолынан келгенше көмектессін. Президентіміз екі орындықта қатар отырғысы келеді, алайда Украинаға қатысты нақты позиция және нақты әрекеттерді ашып айтқан жоқ. Екіұшты ұстаным. Украина халқын қолдау керек. Митингіде айтылатын жайттар билік пен қазақстандықтарға бағытталады. Украинаға көп адам көмектескенін қалаймыз. Біз бейбітшілікті қолдаймыз, Украинадағы соғысқа қарсымыз" деді Азаттыққа Евгений Молчанов.
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанованың қолы қойылған хатта белсенді көрсеткен орынның аталған күндері бос болмайтыны жазылған.
Өтініште акцияға он адам қатысады деп көрсетілген. Оған Қарағанды белсенділері ғана емес, өзге елді мекендерден де қатысады деп болжанған.
Бұған дейін Қазақстанның өзге қалаларында да белсенділер аталған және өзге тақырыптар бойынша митинг өткізуге рұқсат ала алмаған еді. 5 желтоқсанда астаналық екі белсендінің де өтінішін билік "аталған орында басқа шара өтеді" деп кері қайтарған.
Көкшетауда 17-18 желтоқсан күндері митинг өткізгісі келген белсендіге әкімдік шара өткізуге рұқсат етпеді. Биліктің түсіндіруінше, белсенді "әкімшілік іс бойынша тыңдауға келмеген". Өтініш 6 желтоқсанда түсірілген, 8 желтоқсанда сондай жауап келген.
Қазақстанда бейбіт жиын өткізу туралы заң азаматтарды биліктен митинг, пикет өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат сұрауға міндеттейді. Билік "рұқсат ету" форматынан "ескерту жасау" тәртібіне қарай көшкенін мәлімдегенмен іс жүзінде белсенділердің айтуынша, әкімдікте акциядан бас тартудың түрлі тетіктері бар.
- Ресей одақтасы Қазақстан Кремльдің Украинаға басқыншылығын ашық айыптаған жоқ, қолдаған да жоқ. Астана сонымен бірге Ресей басып алған Украинаның төрт облысының аннексиясын да мойындаған жоқ. Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек жіберіп, Украинаның территориялық тұтастығын қолдаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Сауалнама: Қазақстанда 60-тан асқандардың басым бөлігі Ресейді қолдайды. Жастар арасында Украинаны қолдайтындар көп"Қаңтар оқиғасынан кейінгі ашу-ызаны басуға тырысқан" Тоқаев және "Мәскеуден алшақтаудан төнетін қауіп"Путин мен Мирзияев телефон арқылы сөйлесті. Ресми сайттарында "газ одағын талқылағаны" айтылмайдыӘскери доктринаны жаңартуға Ресей басқыншылығы себеп пе? Украинадағы соғыс ҰҚШҰ-ның түбіне жете ме?Тоқаев пен Назарбаев арасындағы "сауда", экс-президент "құрбан еткен" Мәсімов, режим алдындағы "сынақ". Лука Анческимен сұхбат