Бүгін, 19 наурызда өткен парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлаудың ресми қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров "сайлау кезіндегі аздаған құқықбұзушылық сайлау нәтижесіне әсер етпегенін" мәлімдеді.
Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, сайлау кезінде заңды бұзғаны үшін комиссиялардың 19 мүшесі дереу шеттетілген.
– Заң бұзылғаны туралы материалдардың әлеуметтік желіге таралуына және сайлау комиссияларына өтініш түсуіне байланысты біз Бас прокуратураға 19 наурызда – сайлау күні тексеру және құқықтық бағалау туралы сұрау жібердік. Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша, дауыс беру күні 42 адамның тарапынан құқықбұзушылық тіркеліп, олардың барлығы жауапқа тартылған. Жеті учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бабы бойынша айыппұл салынған. Алайда бұл іс-әрекет азаматтардың ерік білдіру нәтижелеріне әсер етпеді. Және сайлау округіндегі немесе тиісті аумақтық әкімшілік бірліктегі сайлау нәтижесін сенімді түрде анықтауға мүмкіндік берді, – деді Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының сөзіне қарағанда, сайлау күні бюллетеньді отбасы мүшелерінің атынан да сала салу, дауыс беруге арналған кабинада бір мезгілде бір адамнан артық болу секілді кемшіліктер болды.
19 наурызда өткен мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды сайлау кезінде және одан кейін сайлауға қатысқан тәуелсіз кандидаттар, олардың сенімді өкілдері және тәуелсіз бақылаушылар учаскелік сайлау комиссияларының өрескел әрекеттері туралы көптеген мәлімдеме жасаған. Оның ішінде сайлау нәтижесін көрсететін хаттамаларды кандидаттар мен бақылаушылардың өздеріне бермей қою жағдайы да жиі кездескен. Кейбір кандидаттар сайлау хаттамасының басым көпшілігін алып, көп дауысқа ие болғанына көз жеткізсе де, "сайлауда жеңілген" болып шыққанын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда әділетсіз сайлауға қарсы пикет өткізген Oyan, Qazaqstan белсендісін полиция ұстап әкеттіОрталық сайлау комиссиясы бүгін таратқан қорытынды мәліметке қарағанда, "Аманат" партиясы 53,9 пайыз дауыс алып, мәжілістегі 40 депутаттық орынды иеленген. 10,9 пайыз дауыс жинаған "Ауыл" партиясына сегіз мандат, 8,59 пайыз дауыс алған "Республика" партиясына алты мандат, 8,81 пайыз дауыс алған "Ақ жол" партиясына да алты мандат, 6,8 пайыз дауыс алған Қазақстан халық партиясына бес мандат, 5,2 пайыз дауыс алған ЖСДП-ға төрт мандат берілген.
Сайлаушылар дауысының 2,3 пайызын иеленген "Байтақ" партиясы мәжіліске өтпеді, ол үшін белгіленген 5 пайыз межеден асуы керек еді. Сайлаушылардың 3,9 пайызы "бәріне қарсымын" деп дауыс берген. Орталық сайлау комиссиясының қорытынды мәліметі бұған дейін жарияланған экзит-полл нәтижелеріне сай келеді.
Қазақстан 2022 жылы конституциялық реформадан кейін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды сайлауды аралас жүйеге көшірген. Партиялық тізім бойынша көп орын алған билікшіл "Аманат" партиясының өкілдері бірмандатты округтерден де сайлауға түсіп, көп орынға ие болып отыр. Бұл сайлау нәтижесін мойындамағандар "билік аралас сайлау жүйесін ұсынғанымен, шын мәнінде өзінің партиясына қайтадан көпшілік орын әперді" деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ашық бұрмалау". Кандидаттар сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы дәлел жинаса да, сотқа сөзін өткізе алмай отыр ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шығыс Қазақстан облысында екі кандидат сайлау нәтижесін мойындамады. Петицияға қол қойғандар 14 мыңнан асты