Бүгін, 28 наурызда "Аманат" партиясы мәжіліске баратын депутаттарының тізімін жариялады. 19 наурызда өткен мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы қорытындысы бойынша, "Аманат" партиясы 53,9 пайыз дауыспен парламенттің 40 мандатын иеленген еді.
"Аманат" тізімінде бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, белгілі айтыс ақындары Ринат Зайытов пен Аманжол Әлтай, журналистер Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, Жанарбек Әшімжан, Сергей Пономарев бар. Мәжілістің бұрынғы депутаты, 2019 жылы президент сайлауы кезінде билікшіл "Аманат" бақылаушылар ұйымын құрған Мұрат Әбенов, саясаттанушылар Айдос Сарым, Самат Нұртаза, Ерлан Сайыров, Марат Бәшімов, мәжілістің бұрынғы төрағасы Ерлан Қошанов та тізімге енген.
19 наурызда өткен сайлауда 10,9 пайыз дауыс жинаған "Ауыл" партиясына сегіз мандат, 8,59 пайыз дауыс алған "Республика" партиясына алты мандат, 8,81 пайыз дауыс алған "Ақ жол" партиясына да алты мандат, 6,8 пайыз дауыс алған Қазақстан халық партиясына бес мандат, 5,2 пайыз дауыс алған ЖСДП-ға төрт мандат берілген. Бұған дейін бәрі де мәжіліске баратын депутаттарының тізімін жариялаған.
"Ауыл" партиясынан депутат болғандардың ішінде Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден, ЖСДП-дан депутат тізіміне ілінген Нұрлан Әуесбаев 2022 жылы күзде президент сайлауына кандидат ретінде қатысқан. Қазіргі президент Тоқаев жеңді деп жарияланған сол сайлауды сарапшылар "шынайы бәсекесіз өтті" деп сипаттаған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қанды қаңтардан" кейінгі сайлау. Алты кандидат бар, бәсеке жоқ шараСайлаушылар дауысының 2,3 пайызын иеленген "Байтақ" партиясы мәжіліске өтпеді, ол үшін дауыс саны белгіленген 5 пайыз межеден асуы керек еді. Сайлаушылардың 3,9 пайызы "бәріне қарсымын" деп дауыс берген. Орталық сайлау комиссиясының қорытынды мәліметі бұған дейін жарияланған экзит-полл нәтижелеріне сай келеді.
Қазақстан 2022 жылы конституциялық реформадан кейін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды сайлауды аралас жүйеге көшірген. Партиялық тізім бойынша көп орын алған билікшіл "Аманат" партиясының өкілдері бірмандатты округтерден де сайлауға түсіп, басымдыққа ие болып отыр. Бұл сайлаудың нәтижесін мойындамағандар "билік аралас сайлау жүйесін ұсынғанымен, шын мәнінде өзінің партиясына қайтадан көпшілік орын әперді" деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ескі әдіс". Тәуелсіз кандидаттарды сайлаудан шеттетудің астарында не жатыр? ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ашық бұрмалау". Кандидаттар сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы дәлел жинаса да, сотқа сөзін өткізе алмай отыр