Оралдағы орталық алаңда төрт минут сөйлегені үшін ұсталған Лұқпан Ахмедияров мұны биліктің сайлау қорытындысына қарсы наразылығына қайтарған жауабы деп түсінеді. Кандидат сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтады. 11 сәуірде журналисті маска мен берен кеудеше киген арнайы жасақ өкілдері ұстап әкетпек болған. Ахмедияров өзін ұстауға рұқсат беретін қағазды көрсетуді сұрағанда, арнайы жасақ өкілдері тартыншақтап қалған. Полицейлер журналистен бөлімшеге келуді өтінген. 12 сәуірде Лұқпан полицияға барған. Бөлімшеде Ахмедияровқа құқықбұзушылық жасады деген хаттама толтырылып, сот әкімшілік қамауға жіберу туралы үкім шығарған.
"15 КҮНДЕ ТӨРТ КАМЕРА АУЫСТЫРДЫМ"
– Қамаудағы 15 күн қалай өтті? Байқалмай, сырғып өте шықты ма, әлде бітпестей көрінді ме?
– Уақыт өтпеді дей алмаймын. Камерадан камераға ауысып, шағым жазып, аз уақыт ішінде көп оқиға болды.
– Камера ауыстырғаныңыз туралы толығырақ айтып беріңізші. Сізді тергеу изоляторына ауыстырғаны туралы хабар тараған соң, қылмыстық іс қозғауы мүмкін деген қауіп болды...
– Төрт камера ауыстырдым. Соттан кейін уақытша ұстау изоляторына барғанымда, тоғызыншы камераға отырғызды. Енді жайғаса бастағанымда, сегізінші камераға ауыстырамыз деді. Кейін бұл изолятордағы VIP-камера екенін білдім. Іші кең әрі таза болды. Ауа алмасу жүйесі жұмыс істеп тұрды. Бес-алты тәулік сол камерада отырдым. Кейін камерадағы бес адамға "заттарыңды алып, сыртқы шығыңдар" деді. Бәрімізді уақытша ұстау изоляторына ауыстырды. Ол жақтың камералары таза, жақында ғана жөндеуден өткен болса да, бізді неге ауыстырды деп ойлап, уайымдай бастадым. Осыған дейін арнайы жасақ өкілдері ұстауға тырысқаны есімде. Сондықтан маған қарсы қылмыстық іс қозғап жатқан шығар деп қорықтым. Сырттағыларға хат беріп жібердім. Содан шу шығып кетті. Хатым интернетке жарияланғаннан кейін мені бірден төменгі қабатқа ауыстырды (әкімшілік қамауға алынғандарға арналған мекеме ғимараттың бірінші қабатында, ал қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінгендер отыратын уақытша ұстау изоляторы екінші қабатта орналасқан — ред.). Бұл жолы өте тар, жағдайы нашар төртінші камераға түстім. Мені қосқанда, сегіз адам болды. Камераның ені 2 метрден сәл ғана асады. Екі қатарға қос қабатты төсектер қойылған. Арасынан бір адам ғана өте алады. Біреу еденге түссе, қалғандары төсегіне шығып отырады. Қабырғаның кірі бес елі. Шам күңгірт, бөлме іші алакөлеңке болып тұрады. Әжетхананың есігі жоқ, ас ішетін үстел унитазға қарама қарсы жерде тұр.
Осы камерада түнеп шықтым да, ертеңіне шағым жаздым. Кезекші прокурор мен ұлттық алдын алу тетігі өкілін (ҰАТ, азаптаулардың алдын алу үшін арнайы құрылған қызмет – ред.) шақырып алдым. Прокурор бірінші келді, "есіктің саңылауы арқылы сөйлеспеймін" дедім. Ішке кірді, оны тұтқындар ас ішетін үстел басына отырғыздым. Басында отырғысы келмеді, "Неге? Жиіркеніп тұрсыз ба?" деп сұрадым. "Шынымды айтсам, иә. Лас екен" деді. Әжетхана, тарақандар, ыстық су болмағаннан дұрыс жуылмаған ыдыс-аяқ, тазасына ауыспаған төсек-жайма – бәрін көрсеттім. Маған әр жерден жиналған құрама төсек берді: жастықтың тысы қызыл, жаймасы көгілдір, жамылғының түсі оңып кеткен. Қайта менің жолым болды! Басқа жігіттерге жайманың орнына баланың жөргегін берген. Прокуратурадан төсек-жайманы мемлекеттік сатып алу мәселесін тексеруді, санитариялық-эпидемиологиялық тексеріс жіберуді талап еттім. Прокурор шағымдарымды жазып алды.
Кезекші прокурор кеткеннен кейін мекеме басшысы шақырды. Олардан мені бұл жерге неге ауыстырғанын сұрадым. "Полиция департаментінің басшылығы солай тапсырды" деді. Өзімді уақытша ұстау изоляторына ауыстыруды сұрап, арыз жаздым. Мені сол жаққа ауыстыра салысымен ҰАТ өкілдері келді. Олар жағдайым жақсы екеніне көз жеткізіп, шағымдарымды тіркеп алды. Бізге қоймадан жаңа төсек-жайма әкелді. Осыдан кейін ешкім тимеді, жеті күн уақытша ұстау изоляторында жаттым.
– Әкімшілік қамауға алғаннан кейін сізге қарсы қылмыстық іс қозғауы мүмкін деп қауіптендіңіз бе?
– Пікірімнен танбаймын: мені уақытша ұстау изоляторында қалдырып, кейін айып тағамыз деген ой болған сияқты. Бірақ шу шығып кеткен соң, ойларынан бас тартты. Кейін бәрін жуып-шаюға тырысты. Бұл – соңғы рет ұсталуым емес. Әлі де полицияға шақырып, тағы қамауға алуы мүмкін. Бірақ қандай қылмыс ойлап табатынын білмеймін.
– Осыған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болдыңыз. Темір тордың ар жағында өзгеріс бар ма?
– Журналистикаға келгелі бесінші рет әкімшілік қамауда болдым. Өзгеріс бар. Азаматтық белсенділер көп ұсталатындықтан, прогресс байқалады. Бірінші рет қамауға түскенімде, қабырғасы кедір-бұдыр, төсек-жаймасы мүлде жоқ, ыдыс-аяқ орнына пластик бөтелкелердің түбін ғана беретін камерада отырдым. Шағым жазып, ыдыс-аяқ пен төсек-жайма алғыздым. Дұрыс тамақ бере бастады. 2016 жылы қамауға түскенімде, ет, жеміс, көкөніс көрдім. Қазір салат, компот бар. Бірақ камераның санитария жағдайы өзгерген жоқ. Адамдарды мұндай жағдайда ұстауға болмайды.
ТЕЗ БАСЫЛҒАН НАРАЗЫЛЫҚ ТОЛҚЫНЫ
– Парламент сайлауынан кейін бірмандатты кандидаттар, олардың ішінде өзіңіз де барсыз, дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болып, нәтиже бұрмаланғанын айтты. Наразылық толқыны басталып, бірден басылып қалды. Мәжіліс жұмысын бастады, ал наразылыққа көп адам жиналған жоқ. Неге бұлай болды деп ойлайсыз?
– Бұл сайлауға қатысты наразылықта белгілі бір тұлғалар болғанына байланысты шығар. Мысалы, мен, Мұхтар Тайжан, Динара Егеубаева. Көбін қамап тастады. Олар болмаса, мәселені айтатын ешкім жоқ. Білмеймін. Қазақстандағы наразылықты ешқашан болжап көрген емеспін. Жаңаөзеннен кейін наразылық толқыны көтеріліп келе жатқандай көрінген, бірақ басылып қалды. Жер митингісі кезінде де солай болды. Халық көтеріліп кетеді деп ойладым. Олай болған жоқ. Қазір де солай.
– Әкімшілік қамауға алынбай тұрып, сайлау нәтижесіне келіспей, қарсылық білдірдіңіз. Бюллетеньдерді топтап тастау туралы видео жарияладыңыз. Сайлау қорытындысының күшін жою мүмкін деп ойлайсыз ба?
– Үміт аз. Бұл күрес ақырында қылмыстық іс қозғаумен және соттасумен аяқталатын сияқты. Жекелеген сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесін өзгерту ықтималдығы бір пайызға тең. Сонда да айтқанымнан қайтпаймын, өйткені мемлекеттік машинаны жайына қалдырмау керек. Бұға берсек, Солтүстік Кореяға айналамыз. Азаматтық қоғам оянуы керек.
– Астананың өз аргументі бар. Парламентке қанша жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған депутаттар сайланды. Мәжіліске бұрынғыдай үш емес, алты партия өтті. Билік партиясы 80 емес, 50 пайыз орынды иеленді. Мемлекет осы өзгерістерді "реформа" деп көрсетіп отыр. Қоғам бұған сенді ме?
– Сенді деп айта алмаймын. Мұндай жеңіл-желпі өзгерістерді реформа дегенге ақымақ адам ғана сенеді. Дипломатиялық миссиялар, құқық қорғау ұйымдары мен билікке қатысы жоқ саяси қайраткерлер ашық пікір білдіріп жүр. Қатардағы азаматтар мұны қалай қабылдағаны – бөлек әңгіме. Өзім сөйлескен адамдардың пікірі әртүрлі. Сенетіндер де, күмәнданатындар да, ештеңе өзгермеді деп қынжылатындар да бар.
Өз басым бұған жүйенің билігін нығайтуға бағытталған "жеңіл-желпі" өзгерістер деп қараймын. Назарбаевтың тұсында "Нұр Отан" мен биліктің айтқанынан шықпайтын бірнеше партиядан тұратын қатаң билік вертикалі болды. Тоқаев не істеді? Ол өзін-өзі ұсынған депутаттар болады деді, бірақ олардың парламенттегі үлесін шектеп қойды. Өзін-өзі ұсынғандардың көбі – билікке адал адамдар. Иә, жаңа партиялар қосылды. Бірақ қандай партиялар? Президентті сынамаймыз деп кепілдік беріп қана тіркеуден өткен партиялар.
– Мұндай саяси құрылым берік бола ма?
– Кез келген авторитар құрылым билеушінің беделіне сүйенеді. Ол үнемі тұрақсыз болады. Оның үстіне, елде тұрақты экономика болмаса, тіпті қиын. Мемлекет жанармай бағасын ұстап тұра алмайтынын мойындады. Сондықтан авторитаризм қуғын-сүргін машинасына арқа сүйейді. Парламент жаңа бюджет қабылдайды, онда күш құрылымдарына көп қаржы бөлінеді деп ойлаймын. Қауіпсіздік саласындағы қызметкерлер саны артады, құрал-жабдық сатып алуға ақша бөлініп, репрессияны көздейтін заңдар қабылданады.
– Сіз қамауда болғанда, Астанада әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жиын өтті. Онда алдағы уақытта тарифтер өсетіні айтылды. Ақпарат министрлігі масс-медиа туралы жаңа заң жобасын талқыға ұсынды. Құжатта пресс-карта, жала жабу бабы бойынша шағымдану мерзімін үш жыл деп бекіту сияқты журналистер қарсы болған көп норма өзгеріссіз қалған. Билік ұлттық қауіпсіздік комитетінің "әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай" кезіндегі құзыретін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл нені білдіреді?
– Қысым күшейгенін білдіреді. Кейінгі жылдары журналистер, тәуелсіз саясаткерлер мен азаматтық белсенділерге қарсы қозғалған қылмыстық істердің 90 пайызын полиция қарайтын. Ал ұлттық қауіпсіздік комитеті көлеңкеде қалып, көзге көп түсе бермейтін. Енді мұндай істердің басым бөлігін тергеу органы ретінде ұлттық қауіпсіздік комитеті қарайды. Тінту жүргізіп, ұстап әкету де осы мекеменің құзырында болады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретін кеңейту Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынып отыр. Қаңтарда Тоқаев күш құрылымдарын бақылай алмайтынын түсінді. Жеңіл-желпі өзгерістер жүргізіп, қоғаммен қатынасын түзеуге тырысты. Күш құрылымдарының өкілдерімен де қиын диалог болған сияқты. Қаңтардан кейін Мәсімов пен басқа да тұлғалар қызметінен босатылып, Тоқаев бәрін өз бақылауына алады деген үміт оянды. Ал қазір басқа процесс жүріп жатыр. Күш құрылымдарының жемқор генералдары ықпалын қайтарып алуға тырысады.
Арнайы қызметті ең ықпалды орган көретін Ресейдің кебін кигелі отырмыз. Тоқаев Путиннің жолымен келе жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті күшейеді. Генералдар көлеңкедегі үкіметке айналып, ықпалы артып, өзіне ұнамаған топтың бәріне қысым жасайды. Олар Тоқаевтың мақсатына бір-ақ жолмен – қысым мен қуғын-сүргін арқылы ғана жетуге болатынын біледі. Басқа амалы жоқ.
Бұл азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, ақпарат құралдары мен саяси қозғалыстарға әсер етеді. Саяси партияны тіркеу мүмкін емес, сондықтан жаңа легитимді ойыншылар болмайды. Тоқаев өзін тығырыққа тіреді. Одан шығатын жалғыз жолы – репрессия жасайтын машинаны күшейту.
– Бұл несімен қауіпті?
– Саяси тұтқындар көбейеді. Ресей мен Түркіменстандағыдай Қазақстанда да журналист деген кәсіп жойылады. "Шетел агенттері" туралы заң қабылданады. Азаматтық және саяси белсенділер, саясаткерлер мен әр саладағы білікті мамандар шетелге кете бастайды. Өйткені олар Қазақстанда жұмыс істеп, өмір сүре алмайтын жағдайға жетеді.
– Бәріне қолды бір сілтеп, басқа салаға ауысу не елден кетіп қалу ойыңызда жоқ па?
– Уақытша ұстау изоляторынан шыққан сайын, Қазақстаннан кетіп қалғым келеді. "Адамдар көшеге шығуға дайын болмаса, бәрін тастап, көшіп кеткен дұрыс шығар?" деп ойлаймын. Бір кездері Ресейден көшіп кеткендер де солай ойлады. Нәтижесінде Ресей пропагандаға уланған қоғамға айналды. Елден кетпегендер түрмеде отыр. Қазақстан да сондай елге айналып кете ме деп алаңдаймын.
Әр жолы әкімшілік қамауға түскен сайын, камерада отырып, "Маған осының қажеті қанша?" деп ойлаймын. Кейін бірнәрсе ұстап қалады. Мен неге кетуім керек? Күресімді жалғастыруға тиіспін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Журналист пен заңгердің тіресі. Батыс Қазақстан облысында екі үміткер сайлаушылар дауысына қалай таласты?Өзгерістен үміт бар ма? Парламент сайлауы туралы 5 түйін"Вова көкені шақырамыз", "Путин, Оралды қосып алшы". Желідегі тартыс және сепаратизм қаупі"Статистика үшін ғана сайлайды". Парламентте әйел аз, шын белсенділер мүлде жоқ"Ескі әдіс". Тәуелсіз кандидаттарды сайлаудан шеттетудің астарында не жатыр?