Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары "жемқорлықпен айналысты" деген күдікке ілінген

Орал қаласының орталығы

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары жемқорлықпен айналысты деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Тергеу мәліметіне қарағанда, "ол "Аqjaiyq" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасарына жұмысты нақты орындамай-ақ қызмет көрсетудің жалған шарттарын жасасу туралы заңсыз нұсқау беру арқылы лауазымдық өкілетін теріс пайдаланған". Агенттік ақпаратында күдікке ілінген лауазымды тұлғаның аты-жөні айтылмайды.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке едәуір "зиян" келген. Келісім қай уақытта жасалғанын ведомство айтпаған. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдікті қамауға алынбаған. "Тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді" деп хабарлайды жемқорлықпен күрес агенттігінің баспасөз қызметі.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, сөз Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев туралы. Осы айдың бас кезінде облыс әкімінің бұйрығымен Балтаев "Қазақстан заңында көрсетілген міндеттерін орындамағаны үшін" қызметінен босатылған.

Халықаралық Transparency International үкіметтік емес ұйымының жемқорлық деңгейі туралы жыл сайынғы индексінде Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 101-орында тұр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкент әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов "жемқорлық жасады" деген күдікпен ұсталған
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қағазда бар, халықта жоқ су құбыры