"ХАЛЫҚТЫ ЕМЕС, ЗАУЫТТЫ ТАҢДАДЫ"
Семейдің іргесіндегі Водный ауылының бірнеше тұрғыны қисайған дүңгіршектің жанында тұр. Оның ішіне су тартатын сорғы қойылған. Қаланың бұл ауданында тұратын 80 отбасының күні осы суға қарап отыр. Сорғы жиі бұзылады, ал халықтың алыстан су тасуға жағдайы жоқ. Сондықтан бәрі сорғы жөнделгенше сусыз отырады.
Водный және оған көршілес Восход ауылы тұрғындарының ауласында жерден қазылған құдық бар. Оған өз қалталарынан ақша шығарып, сорғы орнатқан. Суды содан тартып ішеді. Болмаса бірнеше шақырым жердегі жалғыз құбырдан су тасиды. Терең құдық қазуды қалтасы көтермегендер құм мен құрт араласқан су ішуге мәжбүр.
Бұл жақта орталық су құбыры ешқашан болмаған. Жергілікті халық биліктің су тартамыз деген уәдесіне әбден тойған. 2020 жылы Азаттық осы ауылдардың мәселесі туралы жазды. Ол кезде қала әкімі жақында су келеді деп уәде берді.
Құқық қорғаушы әрі блогер Илья Бароховский бірнеше жылдан бері ауыз су мәселесін көтеріп келеді. Ауыл белсенділері жергілікті атқарушы органға бірнеше жылдан бері хат жазып, нәтиже шығара алмаған.
– Су құбыры 1980-жылдардың соңында тартылуы керек еді. Бірақ су келмеді. Белсенділердің қолында мемлекеттік органдардың су осы жылы келеді деген неше түрлі хаты бар. 2020 жылы ауыз су үшін күрестің соңғы кезеңі болды. Сол кездегі қала әкімі Ермек Сәлімов пен тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев 2020 жылы су құбырын тартамыз деп уәде берді. Одан бері үш жыл өтті, су әлі жоқ. Су енді сәтін салса, 2025 жылы бір-ақ келуі мүмкін, – дейді Бароховский.
2020 жылы су жүргізуге ақша бөлінген. Бірақ құрылыс кезінде жобаның есебі дұрыс жүргізілмегені анықталған.
– Жағдай қиын. Қалада екі нысан керек. Жақын көзден құбыр тартып, әр үйге су кіргізу үшін аудан ішіне тағы бір құбыр салады. Негізгі су құбыры 2021 жылы салынды. Қағаз жүзінде құрылыс аяқталғанымен, құбырдан су ақпай тұр. Өйткені су көзі жоқ. Жоба бойынша, әрине, су болуы керек, – дейді Бароховский.
Шенеуніктер қаржы игерілгеннен кейін негізгі су құбыры қосылған құдықта ауылға жететін су жоқ деп мәлімдеген. Сол кезде Боровлянка ауылындағы құдықтардың мәслихат депутатының Qazaq Astyq Group (май зауыты) компаниясына тиесілі екені анықталды.
2022 жылы зауыт директоры блогер Бароховскийдің үстінен арыз жазып, су құбыры туралы түсірген фильмін өшіруді талап еткен.
Аталған су құбырын жүргізумен айналысқан әкімнің орынбасары Николай Ушаков кейін дәл осы Qazaq Astyq Group зауытының директоры болды.
Қала әкімі Ермак Сәлімов жоба дайындалып жатқанда, құдықтар жеке кәсіпкерлердің қолына өткенін айтты. Қала басшысы халыққа "Боровлянкадан келген таза сумен қамтамасыз етеміз" деп уәде беріп қойды.
– Боровлянкадағы құдықтан су тартылады деп күтілген. Бұл құдықтар Qazaq Astyq Group компаниясына тиесілі. Су тартуға солар рұқсат беруі керек еді. Компания директорынан сұхбат алғанымда, бәрін растады. Бірақ жоба басталғаннан кейін шенеуніктер "есептеп көрдік, бұл құдықтан шығатын су зауыт пен ауылға бірдей жетпейді екен" деді. Әкімдік таңдау жасап, мәселені зауыттың пайдасына шешті, – дейді Илья Бароховский.
Ауыл тұрғындары су құбыры жобасымен танысуға ниет білдіріп, мемлекеттік органдарға хат жазған. Олар "мемлекеттік құпияға" сілтеп, құжаттарды көрсетуден бас тартқан. Су құбырының құрылысына арналған тендер де жабық өткен.
СУ ҚҰБЫРЫН ТАРТУ ЖОБАСЫ "МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯҒА" ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?
2021 жылы ауыл тұрғындары тендер "ерекше тәртіппен" өткенін, сондықтан ол туралы ақпарат жабық екенін естіп, жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жүгінген.
Ведомство тендер туралы ақпарат негізсіз жасырылғанын айтқан.
Мемлекеттік орган жауабында «"Мемлекеттік сатып алулар" туралы заңға сәйкес, Семей қаласы тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен Info Tech System ЖШС арасында 253,1 миллион теңгеге "ерекше тәртіппен" "Восход ауылында су құбыры магистралін салу" жобасы бойынша келісім жасалған. Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары мемлекеттік сатып алуды "ерекше тәртіппен" өткізуге негіз болмағанын, су құбырының құпия нысанға жататынын растайтын құжат пен ол туралы ақпаратты таратуға тыйым салатын бұйрық жоғын анықтады» делінген.
Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөліміне мұндай заңбұзушылыққа қайта жол бермеу және кінәлілерді жауапқа тарту туралы ескерту берілді.
Азаттық мемлекеттік аудит департаментіне хат жіберіп, қандай шара қолданылғанын, су құбырының құрылысы туралы ақпаратты негізсіз жасырғаны үшін кімдер жауапқа тартылғанын сұрады. Ведомство «департамент үшінші тарапқа аудиторлық шаралар нәтижесін айта алмайды» деп жауап берді.
Мемлекеттік аудит департаментінің нысанды заңсыз құпия деп тану туралы арызына қарамастан, әкімдік халыққа жоба туралы ақпарат бермей отыр. 2023 жылы маусымда Семейде тұратын қоғам қайраткері Роллан Машпиев су құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын жариялауды сұрап, хат жолдаған. Әкімдік оның өтінішін қанағаттандырмады.
«Жоба мемлекеттік құпияға жататындықтан, сұралған ақпарат пен құжаттарды жариялай алмаймыз», – деп жауап берді құрылыс бөлімі.
– Басқа аудандардағы су құбырының тендерін жабық түрде өткізгенін естідік. Ондағы халық әлі сусыз отыр. Жеке бизнес ақша жымқырып, мемлекет есебінен су кіргізіп алған жоқ па? Осыны тексергіміз келді, – дейді Машпиев.
2023 жылы су құбырының құрылысы тағы да тоқтап қалды. Бұл жолы сот процесі себеп болған. Бұл туралы мамырда Inbusiness порталы жазды.
"Семей қаласының Восход және Водный ауылдарында ұзындығы 39 213,5 метр болатын су құбырын салу жобасы бар. Мердігер компания: "Леонстройсервис" ЖШС. 2023 жылы 24 қаңтарда Семей қалалық прокуратурасынан хат келді. Онда мемлекеттік сатып алу заңсыз өткендіктен, жоғарыда аталған жоба бойынша жасалған келісімді бұзу керек деп жазылған», – деді қалалық құрылыс бөлімі.
Әкімдік Азаттық сұрағына берген жауабында жоба құны миллиард теңгеден асатынын айтты. Жергілікті билік қай жобаны меңзеп отырғанын ашып жазбаған.
Әкімдік хатында "Семей қаласы Восход және Водный ауылдарына су құбырын салу" жобасы бойынша тендер "ерекше тәртіппен" өткен. Жоба құны – 1 529 569 297,76 теңге" делінген.
Тұрғындарға жіберілген хатта аталған Info Tech Systems пен Inbusiness мақаласындағы "Леонстройсервис" "ерекше тәртіппен" тендер алған.
Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сәйкес, қос компанияны да әр жылдары бір адам басқарған.
Әкімдік "Бұл адамның өзі басқаратын компаниялардың байқауға қатыспай-ақ тендер жеңіп алуына қатысы бар ма?" деген сұраққа "Бұл туралы білмейміз" деп жауап берді.
АҚША ҚАЛАЙ ИГЕРІЛЕДІ?
Облыста болашағы бұлыңғыр жобалар аз емес. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов сарапшылармен бірге Абай облысы Үржар ауданындағы су құбыры жобаларын тексерген. Тексеру тобы 6 миллиард теңгелік заңбұзушылықты анықтаған.
– Бізде сумен қамтуға арналған әртүрлі бағдарламалар бар. Былтыр сол бағдарламалар қалай жүзеге асып жатқанын көргіміз келді. 2020-2021 жылдары облыста көп ақша бөлінген, бірақ су тартылмаған. Төрт ауылда ақша 100 пайыз игерілген. Акт бойынша бәрі қабылданған, ақшасы төленген, бірақ іс жүзінде адамдар әлі сусыз отыр. Жобалар әртүрлі кезеңде: бір жерде су жинайтын станция салған, бірақ құбыр тартпаған, екінші жерде құбыры бар, бірақ судың ағуын реттейтін станция дұрыс істемейді. Көп сұрақ туындады, өйткені жұмыс 100 пайыз қабылданған. Бұл – заңбұзушылық, жемқорлық. Көмбенің үстінде отырған сияқты, – дейді ол.
Смағұлов Алакөлдің жағасындағы Үржар ауданындағы су құбырының құрылысын мысалға келтірді.
– Ол жақта ештеңе жоқ: сұмдық жағдай. Ғимараттың сыртқы қаңқасы ғана тұр, ішіне кірсең, жер астынан су тартатын сорғысы да жоқ. Құбыр салынбаған. Тек жерді қазып тастаған, резервуар тұр, тазарту станциясы бос жатыр. Қабырғалар бос, – дейді Дидар Смағұлов.
Жоба құны – 782 миллион теңге. Жұмысты QazConstructions ЖШС атқарған.
Дәл осы мердігер компания Үржар ауданы Алакөл көлінің жағасында 953 миллион теңгеге су құбыры мен су жинайтын орын салуға келісімшартқа отырған.
«Әділдік жолы» ұйымының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Әділ Пшенов жоба бойынша жұмыс толық орындалмаса да, ақшаның жартысы игерілген дейді.
– Құжат бойынша, мердігер 695 767 122,84 теңгені игерген. Мұнда тараптар атқарылған жұмыс актісіне жалған қол қойғаны көрінеді. Өйткені жұмыс түрлері көрсетілмеген, қол қойылған актілерде жазылған жабдықтар орнатылмаған. Мысалы, компания 1 822 855 теңгеге су деңгейін азайтып, көтеретін сорғы, 176 905 теңгеге электр қозғалтқышы бар артезиандық сорғы, 234 928 теңгеге құдық сорғысын, 1 799 928 теңгеге аспалы сым, 67 768 теңгеге басқару шкафын және басқа да құралдарды сатып алуы керек еді, – дейді Пшенов.
Дидар Смағұлов жобалардың дұрыс орындалмағаны бұрын да белгілі болған, бірақ ешқандай шара қолданылмаған дейді.
– Екі жыл бұрын мемлекеттік аудит атқарылмаған жұмысқа 250 миллион теңге бөлінгенін анықтады. Бірақ жағдай одан да қиын. Осы 250 миллион теңгенің өзіне ешқандай іс қозғалмады. Ешкім сотқа да бермеген. Біздің хатымыздан кейін былтыр қарашада сотқа беріпті, судья мердігермен келісімге келу туралы шешім шығарған. 1 тамызға дейін жұмысты аяқтасын деген талап қойылды. Бірақ бұл мүмкін емес, мұндай аз уақыт ішінде үлгермейді, мердігер әлі ештеңе істеген жоқ.
Әзірге жағалауда су құбырының болмауынан қоршаған орта да зардап шегіп жатыр. Жергілікті халық қалдық суды жерге төгеді, бұл кейін жерасты суларын ластауы мүмкін.
– Алакөлге, демалыс орны орналасқан Қабанбай ауылына бұл су құбыры аса қажет. Өйткені су құбырымен бірге кәріз жүйесі де іске қосылады. Демалыс орындарында кәріз жүйеі жоқ. Маусым кезінде жерден шұңқыр қазып, соны пайдаланады. Толған кезде сорып алады. Лас, қалдық су жерасты сулары арқылы бәрібір Алакөлге жетеді. 2020 жылы демалыс аймағына су құбырын тарту деген жақсы жоба еді. Тағы бір демалыс орнын саламыз деп, 250 миллион теңгеге жерді құрғатты, бірақ ештеңе салған жоқ. Ахметов кеткеннен кейін жағдай жақсаратын шығар, әзірге күтіп отырмыз, – деді Смағұлов.
Мемлекеттік аппарат ардагері, Шығыс Қазақстан облысын 9 жыл басқарған Даниал Ахметов биыл маусымда отставкаға кетті. 2022 жылы құрылған Абай облысы бұрын Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігі болған. Облыстар бөлінбей тұрып, Шығыс Қазақстан облысы халқының таза ауыз сумен қамтылу деңгейі 96,4 пайызды құрайды деп хабарланған. Ресми дерек бойынша, Абай облысында ауыл тұрғындарының 90,3 пайызы орталық су құбырына қосылған.
Үкімет қазақстандықтарды тегіс таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бірнеше рет уәде берген. 2005 жылы Астанада өткен азаматтық форумда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев "21-ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстанда нормаға сай келмейтін ашық су айдынынан су ішетін бір де бір елдімекен қалмайды" деген еді.
14 жылдан кейін 2019 жылы сол кездегі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр (қазір бірінші вице-премьер) министрлер кабинетінің жиналысында 2023 жылға қарай Қазақстан халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтылады деді. 2024 жылға бес ай қалды. Ал министрдің уәдесі орындалмады. Көп ауыл тұрғындары сусыз отыр, триллиондаған қаржыға салынған астана мен ірі қалалардың өзінде суға қатысты ақаулар жиі болады.
ПІКІРЛЕР