"Қарағанды Су" коммуналдық кәсіпорны жұмысшылары ереуілге шықты

"Қарағанды Су" коммуналдық кәсіпорнының ондаған жұмысшысы ереуілге шықты. Қарағанды, 29 тамыз, 2023 жыл.

Қарағанды қаласындағы "Қарағанды Су" коммуналдық кәсіпорнының ондаған жұмысшысы 29 тамызда мекеменің ауласына ереуілге шықты. Олар жұмыс берушіден еңбекақыны екі есе көбейтуді, артық жұмыс істегені үшін толық ақы төлеуді, емделуге қажет жәрдемақы төлеуін, арнайы жұмыс киімімен және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуді талап етті.

— Еңбекақыны көбейтіңдер. Барлығы еңбақыға байланысты, — деді жұмысшылар.

Ереуіл өтіп жатқан жерге Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова мен полиция қызметкерлері барды. Және кәсіпорын директоры Данияр Исаев та жұмысшыларға жолықты. Исаев оларға бұған дейін еңбекақы 20 пайыз көбейтілгенін айтқан. Бірақ жұмысшылар басшылық еңбекақы 20 пайыздан да артық көбейеді деген уәде бергенін алға тартты. Жұмысшылар қазіргі алып отырған еңбекақы өмір сүруге жетпейтініне шағынды. Ереуілге шыққан жұмысшылар 200 мың теңгеге жуық ақша (қазіргі бағаммен 430 доллар шамасында) алатынын айтты.

Осыдан бір күн бұрын жұмысшылар ереуілге шығатынын билікке ескерткен. Олар не себепті ереуілге шығатынын айтып, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа ұжымдық үндеу жолдаған. Олар осы жиынға әкімді де шақырған. 300-ден астам қол қойған үндеуде жұмысшылар кәсіподақ жетекшісі мен кәсіпорын директорын ауыстыруды да сұраған.

— Осы үндеуден соң маған Қарағанды әкімдігіненбіз деп хабарласты, ереуілге шықпауымызды өтініп, үш адам жіберіңіздер, әкімдікте сөйлесейік деді. Біз бас тарттық, өйткені төзімі шегіне жеткен адамдар ой-пікірін айтқысы келеді, — деді Азаттыққа кәсіпорын жұмысшысы Шыңғыс Пірімов.

"Қарағанды Су" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстағы Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентін сумен қамтамасыз етумен айналысады.

Сейсенбіде таңертең жұмысшылар билік оларға кәсіпорынның ішіне кіріп сөйлесу туралы ұсыныс жасағанын айтты. Бір топ жұмыс ғимаратқа кірген.

Бүгін "Қарағанды Су" компаниясы жағдайға қатысты комментарий беріп, жұмысшылар наразылығын "жиналыс" деп атап, олар көтерген бірқатар мәселе шешілетін болды деп хабарлады.

"1 тамыздан бастап артық істеген жұмысқа еңбекақы (100 пайыз), мейрам және демалыс күндері жұмыс істегені үшін Еңбек кодексіне сай, атқарылған жұмыс көлемі туралы бекітілген актінің негізінде, тарифтік ставкаларға қарай жалақының 1,5 көлемінде толық төленетін болады. Бұған қоса, техника мен автокөлік құралы жөндеуде болған және бос тұрған кезеңде класс дәрежесі ескеріліп төлем жасалады. Уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы құжат бойынша төлем жасалатын дерт түрлерінің қатарына енді қимыл-тірек аппараты мен жедел операцияны керек ететін аурулардың барлығы қосылады. Бұған қоса, "Қарағанды Су" ЖШС екі жылдан артық уақыт үздіксіз жұмыс істеген қызметкерлерге сумен қамтамасыз ету қызметіне 50 пайыз төлем жасалады" деп хабарлады "Қарағанды Су" компаниясы Instagram-парақшасында.

Кәсіпорын жұмысшылар көтерген өзге мәселелер "қаралып жатқанын" айтты.

Жұмыс берушімен кездескеннен кейін, сейсенбі күні түске қарай жұмысшылар Азаттыққа хабарласып, келіссөзге "көңілі толмайтынын", өйткені өздері көтерген мәселелердің кейбіріне тұщымды жауап ала алмағанын хабарлады. Олардың сөзінше, кәсіпорын басшылығы жұмысшылар қойған талаптардың қайсысын орындауға болатыны туралы нақты жауапты жұма күні беруге уәде еткен. Бұдан соң ереуілшілер сейсенбі күні қайтадан жұмысқа кіріскен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жер астындағы кезекті кісі өлтіру". Шахтадағы қайғылы жағдай ескі мәселенің қайта бетін ашты "90-жылдар қайта оралғандай". Теміртау халқы аптап ыстықта сусыз қалды"АрселорМиттал" тағы бір шахтада өрт болғанын хабарлады"Шұбаркөл көмір" жұмысшылары еңбекақыны көтеруді, ұжымдық келісімшартты қайта қарауды талап етедіСәтбаев шахтёрларының ереуілі: екі тарап келіссөз басталғанын хабарлады