Accessibility links

"90-жылдар қайта оралғандай". Теміртау халқы аптап ыстықта сусыз қалды


Қарағанды облысы Теміртау қаласында үш аптадан бері мыңдаған адам сусыз отыр. Тұрғындарға су кесте бойынша беріледі. Жергілікті халық төтенше жағдай жариялау керек дейді. Теміртау әкімдігі бұған әлі ерте дегенімен, тозығы жеткен су құбыры жүйесі шаққа тұрғанын мойындайды.

"БҰЛ НЕ ҚОРЛЫҚ?!"

– 90-жылдардағыдай суды кезекпен ішіп отырмыз. Қыста суық пәтерде қалтырадық, жазда су бермей қойды. Бұл не қорлық?! Бар ыдысқа су толтырып аламыз. Аптап ыстықта бұлай өмір сүру мүмкін емес. Билік сол су құбырының тесіліп тұрғанын көрмеді дейсіз бе? Бір жылда істен шыққан жоқ қой, – дейді Теміртау тұрғыны Ирина Добренькова.

Жергілікті жұрт қыста суық үйде әбден тонғанын әлі ұмытып үлгермей жатып тағы бір қырсыққа тап болды: елдімекенде біраз уақыт су тоқтап қалды. Кейін жергілікті билік су кесте бойынша екі мезгіл – таңертең және кешке ғана беріледі деді. Бұл мәселе мыңдаған адамды сусыз қалдырды.

Билік өкілдері суды кестемен беруден басқа амал жоқ дейді. Себебі – су құбыры әбден тозған, судың бір бөлігі тұтынушыға жетпей, жол-жөнекей ысырап болады. Есеп бойынша, жалпы су көлемінің үштен бірі далаға кетіп жатыр. Қала ішіндегі су желісі жүйесінің де тозығы жетіп тұр.

12 шілдеде Теміртауда су құбыры жарылды, содан бері бұл мәселе шешілген жоқ.

Сусыз отырған халық әлеуметтік желіде шу көтерген. Олардың арасында наразылық өткізуге үндегендер де, жергілікті билікті, оның ішінде қала әкімі Ораз Тәуірбековті жауапқа тартуды талап еткендер де болды. Әкімді жақтаушылар да табылды. Олар жаңа әкім былтыр ғана тағайындалғанын, оған дейінгі басшы жылыту маусымына дайындық кезінде аяқастынан облысқа ауысып кеткенін айтты.

Наразылық күшейген тұста жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі жұртты апатты жөндеуге жіберілген жұмысшыларды қолдауға шақырды. Осыдан кейін белсенділер "Су бәріне керек" деген челлендж бастап, ақша жинауға кіріскен еді.

Теміртаудағы су құбыры желісін жөндеу жұмыстары.
Теміртаудағы су құбыры желісін жөндеу жұмыстары.

Бір аптадан бері еріктілер далаға барып, аптап ыстықта су құбырын жөндеп жатқан жұмысшыларға тамақ пен су тасып жүр. Әзірше, жаңа құбыр әкелгенге дейін жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. Жұмыс жанданған кезде еріктілер қоғамдық акциясын қайта жалғастырмақ.

Белсенділер жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын, су құбырының жағдайын видеоға түсіріп, желіде жариялайды. Олар 26 шілдеде тағы да құбыр жарылғанын анықтаған.

– Су құбырының жағдайы нашар. Тесілген тұстарын ағаш тығынмен бекітіп жатқандарын көрдім. Негізгі су құбырын жөндеуді мейлінше ертерек бастау керек. Ауыз су тапшылығы антисанитариялық жағдай туғызуы мүмкін. Көп ұзамай оқу жылы басталады, балабақшаларға су жетпей жатыр, – деді еріктілердің бірі Думан Жақыпбеков.

"КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ МҮЛДЕ ЖҮРМЕГЕН"

Әкімдік дерегінше, Теміртаудағы су құбырларында бір жылда 500 апат тіркелген. Қала әкімі мұны дер кезінде шешілмеген "тарихи проблемаға" жатқызады.

– Теміртауға үш көзден су келеді. Негізгісі – Қарағанды – Теміртау су құбыры. Бұл құбырдың пайдалану мерзімі әлдеқашан таусылған. Күрделі жөндеу мүлде жүргізілмеген. Инженерлік желілердің жай-күйі нашар, сондықтан су тапшылығынан құтыла алмай отырмыз. Суды кесте бойынша беруге мәжбүрміз, – деді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.

Теміртау қаласының көшесінде. 2023 жылғы шілде.
Теміртау қаласының көшесінде. 2023 жылғы шілде.

Теміртаудағы су құбыры 1981 жылы пайдалануға берілген. Оның ұзындығы – 27 километр. Биыл шілдеде болған апаттан кейін құбырлардың 90 пайызға дейін ескіргені анықталды. Жергілікті билік биыл құбырдың апатты тұстарын, атап айтқанда, 5 километрін жөндеуге уәде берді.

Инфрақұрылым саласындағы сарапшы Әсет Наурызбаев су құбырының амортизация мерзімі үлкен дейді. Наурызбаев құбырлардың жарылуын оларды тексеріп, уақытылы жөндеуге арналған техникалық қызметтің дұрыс ұйымдастырылмауынан көреді.

– Бізде мемлекеттік басқару мен мемлекет мүлкі жақсы деген пікір қалыптасқан. Бірақ іс жүзінде жекеменшік компанияларға тиесілі су құбырлары ғана жақсы жұмыс істейтінін көріп отырмыз, – дейді Наурызбаев.

Сарапшының сөзінше, осылай жалғаса берсе, елдегі инфрақұрылымдық қызмет көрсету (су, электр жарығы, газ) деңгейі құлдырауы мүмкін.

– Концессияға тендер жариялап, желілерді екі жыл ішінде жағдайды түбегейлі өзгерту керек деген талаппен жекеменшікке беру қажет. Сонда инвесторларда түсінікті шарттар болады. Тарифті есептеп, мемлекеттік бюджеттен ақша бөлсе, инвесторлар да табылады, – дейді Наурызбаев.

Сарапшы бұл жобаға мемлекеттің шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелерінің орындалуына кепіл болатын халықаралық қаржы ұйымдарын тартуды ұсынады.

– Осыны тезірек қолға алса, келесі жөндеу маусымын жаңа меншік иелерімен және концессионерлермен бастауға болар еді. Инвесторларды шет мемлекетке пара беру қылмыс саналатын елдерден таңдау керек. Сонда олар бақылаушы органдарға пара бермейді, ал олар инвесторлардың ізінен қалмай, бәрін қадағалайтын болады. Демек инвесторлар да өз жұмысын уақытылы әрі сапалы орындайды. Негізі бәрі осылай жүруі керек, – дейді сарапшы.

Наурызбаев бұл жоспарға ондаған жыл бойы қалыптасқан жергілікті билікке қызметкер тағайындау жүйесі кедергі болуы мүмкін деп алаңдайды.

– Адамдар уақытша келеді, ешкім ұзақ уақыт тер төгіп, еңбек етпейді. Бірнеше жыл отырады да, басшылары басқа орынға ауыстырып жібереді. Олардың міндеті – ұзақмерзімді мақсаттарға бас қатырмай, екі жылда жүйеден мүмкіндігінше көбірек ақша қарпып қалу, – дейді Наурызбаев.

Теміртаудағы су мәселесін көтерген белсенділер Қарағанды облысының әкімімен және қала әкімімен кездесіп отыр.
Теміртаудағы су мәселесін көтерген белсенділер Қарағанды облысының әкімімен және қала әкімімен кездесіп отыр.

Теміртау қаласының әкімдігі су мәселесі нақты қашан шешілетінін айта алмай отыр. Жергілікті билік суды кесте бойынша беру күзге дейін жалғасады деді. Әкімдік республикалық бюджеттен Теміртаудағы су құбырын толық жаңғыртуға ақша бөлінер деп үміттенеді. Бірақ бұл қаржы болжам бойынша, тек 2024 жылы ғана берілуі мүмкін.

Теміртау халқы биыл қыста жылусыз қалудан қорқады. Әкімдік дерегінше, қаладағы негізгі жылу көзі – ЖЭС-2 кәсіпорынын жөндеу жұмыстары уақытынан кешігіп жатыр.

Қазақстанда инфрақұрылымдық қызмет көрсету саласына қауіп төніп тұрғаны жиі айтылып жүр. Себебі – біреу: желілер әбден тозып, ескірген. Әзірге шешімі табылмаған бұл проблема жыл өткен сайын айқын білініп, ұлғайып барады.

2022 жылдың аяғында жылу электр станциясындағы апаттан Екібастұз халқы қақаған қыста жылусыз қалды.

Көктемде Қазақстан астанасында су мәселесі халықты әбігерге салды. Биліктегілер тұрғындарға "суды ақылмен пайдаланыңдар" деп кеңес берді. Мәселенің себебі халық саны мен құрылыс қарқынына байланысты су қуатының жетіспеуінен деп түсіндірді.

Шілдеде Маңғыстау атом энергетикасы комбинаты мен Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апаттан аталған облыстардағы мыңдаған адам сусыз, жарықсыз қалды. Мұнай кәсіпорындарының да жұмысы тоқтады.

Алматыда да су тапшылығы сезіледі. Жақында астанадан бөлек, Павлодар облысы мен Қарағанды қаласы да сусыз, жарықсыз және жылусыз қалуы мүмкін деген ақпарат тараған. Бұған "Қаныш Сәтбаев атындағы канал" су арнасына апат қаупі төніп тұрғаны себеп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG